Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.04.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірқатары Қазатком ауылындағы қанды қақтығысқа биліктің берген бағасына тоқталып өтіпті. Сонымен қатар, газеттер Байқоңырдағы мектептерде қазақ тілі пәні жаңа маусымнан бастап оқытылмайтындығын мәселе етіп көтерсе, тағы бір басылым ұлттың валюта – теңгенің жаңа белгісі жапон пошташыларының белгісімен бірдей болып шыққандығына мән беріп өтіпті.

Қазатком ауылындағы қақтығысқа тергеу жүргізген жедел топтың басшысы, ішкі істер министрінің орынбасары Алик Шпекбаевтың осы оқиғаға ресми орган тарапынан қандай баға беріліп отырғандығы және тергеу барысында қандай фактілердің ашылғандығы туралы сұхбаты «Айқын» газетінде жарық көріпті. Полиция генерал-майоры Шпекбаев Қазаткомдағы қақтығысты «кәдімгі криминалдық-тұрмыстық қылмыс» деп бағалап отыр. Сонымен қатар, ол оқиғаның бірнеше себептерін айтып өтіпті. «Мұның басты себептерінің бірі – Қазатком ауылындағы қайғылы оқиғаға Махмахановтардың адамдарға қарсы қару көрсетіп, қорқыту және оны қолдануы болса, екінші жағынан – ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайының әркелкі, әр деңгейде болуы деп айтуға болады. Бұл жерде жекелеген азаматтардың ауқатты тұрғындардың тұрмысын көре алмаушылығы, ауыл тұрғындарының ауқатты және тұрмыстық жағдайы нашар адамдарға бөлініп жіктелуі де, сондай-ақ қазіргі жастардың моральдық-адамгершілік, рухани байлығының төмендеуі де оқиғаға тиек болған» депті Ішкі істер министрінің орынбасары Алик Шпекбаев «Айқын» газетіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар, полиция генерал-майоры Шпекбаевтың Қазаткомдағы оқиғаға қатысты сұхбаты «Литер» газетінде де жарық көріпті. Онда вице-министр «қақтығысқа қатысқан адамдар ішіп алған» деген пікірді қостайтындығын айтады. «Бұл оқиғада алкогольдің ролі қандай болғандығын болжап қана білеміз. Бірақ, ішімдіктің қатысы бары шындыққа жанасатын секілді» дейді Алик Шпекбаев. Сондай-ақ, вице-министр Қазаткомдағы оқиғаны «ұлтаралық қақтығысқа» жатқызуға үзілді-кесілді қарсы. «Ұлттық өшпенділікке қатысты мәселе бұған дейін де, бұдан кейін де көтерілген жоқ. Бұл жағдайда да біз оның белгілерін көріп тұрғанымыз жоқ» депті Алик Шпекбаев «Литер» газетіне берген сұхбатында.

Ал «Егемен Қазақстан» газеті болса таза қазақша деген балабақша мемлекеттік тілге көшпей отырғандығына тоқталып өтіпті. «Семейде іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру биылғы жылдың екінші жартысынан бастап жүзеге асырылмақ. Жақында мұнда қаладағы мемлекеттік органдар мен мекемелердің жұмысын тексеретін арнайы жұмыс комиссиясы құрылған-ды. Сол комиссияның алғашқы отырысында бақшалардағы, мектептердегі тілге қатысты мәселелер талқыланды» делінген мақалада. «Өткен жылы үлкен айғай-шудан кейін қалада таза қазақ тіліндегі балабақша ашылған еді. Бірақ, өкінішке қарай, нақтылай келгенде, алдамшы көрініс болып шыққан секілді. Өйткені, комиссия отырысында әлгі №45 мектеп бақшасы әлі де екі тілділіктен айрылмай, аралас қалпында қалғаны ресми баяндалды. Бір ғана қазақ балабақшасында тіл мәселесі шешілмей жатқанда, 4-5 айдан соң қайтіп қала мемлекеттік тілге көшпек?» деген сауал тастайды «Егемен Қазақстан» газеті.

Бұл уақытта Байқоңыр қаласындағы оқушыларға қазақ тілі пәні оқытылмайтындығы туралы мақала «Литер» газетінде жарық көріп отыр. «Жаңа оқу жылынан бастап қаладағы 30 мектептің барлығы, оның ішінде қазақ мектептері де Ресей оқулықтарымен оқитын болады» делінген мақалада. «Қазіргі таңда қала тұрғындарының 60 пайызын қазақстандықтар құрайды. Байқоңырда жеті мың қазақстандық оқушы бар. Енді олар қыркүйектің бірінен бастап Ресей оқу бағдарламасы бойынша білім ала бастайды. Сонда, «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі» секілді пәндер оқу бағдарламасынан түсіп қалуы мүмкін» деп түйіндейді «Литер» басылымы.

Ал «Аргументы и факты: Қазақстан» газеті болса республикадағы орыс тіліне қатысты Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың пікірін келтіріпті. Қала әкімі қоғамда өзін «қазақтың қазағы» етіп көрсетушілер көбейіп кеткендігіне алаңдаушылық білдірген. «Қоғамның тыныштығын бұзатын мұндай талпыныстармен шешімді түрде күресу керек» депті Иманғали Тасмағамбетов. Сонымен қатар, Алматы әкімі тәуелсіздік алған жылдан бері қалада бірде-бір орыс мектебінің жабылмағандығын атап көрсеткен. «Ешкім ата-аналарды баланы қазақ мектебіне беріңіз деп күштеп жатқан жоқ» депті Иманғали Тасмағамбетов «Аргументы и факты: Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

«Экспресс К» газеті болса ұлттық валюта – теңгенің жаңа белгісі жапон пошташыларының белгісімен бірдей болып шыққандығына мән беріп өтіпті. «Өткен аптада салтанатты түрде таныстырылған теңгенің белгісі жапон пошташыларының киімінде 120 жылдан бері суреттеліп келіпті» делінген мақалада. «Жапон пошташылары осы белгімен 1887 жылдан қазіргі күнге дейін пайдалануда. Естеріңізге сала кетейін, ұлттық теңгенің белгісіне жарияланған байқауды жеңіп алған Санжар Әмірханов пен Вадим Давиденко бір миллион теңге ұтысқа ие болған еді» деп жазды «Экспресс К» газеті.
XS
SM
MD
LG