Accessibility links

Айтыс ақыны Бауыржан Қалиолла қалайша аяқ астынан «жемқор шенеунікке» айналып кетті?

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстандағы айтыс өнерінің биігінен көрініп жүрген ақындардың бірі Бауыржан Қалиолланың аты-жөні президенттің алдындағы қара тізімде жатыр. Бауыржан Қалиолла аяқ астынан «жемқор шенеунікке» айналып кеткен. 27 жастағы айтыскер ақын Бауыржан Қалиолла осыдан екі жыл бұрын Орал қаласында өткен халықаралық айтыстың бас жүлдесін иеленіп, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімов халықтың алдында үйсіз жүрген Қалиоллаға үш бөлмелі пәтердің кілтін беремін деп уәде етеді. Әкім уәдесінде тұрып ақын Бауыржан Қалиоллаға пәтер береді. Алайда, екі жылдан соң Бауыржан Қалиолланың аты-жөні мемлекеттік бағдарлама бойынша заңсыз пәтер алған 72 шенеуніктің тізіміне ілініп, президенттің алдынан бірақ шығады.

Енді қалалық сот Бауыржан Қалиоллаға пәтерді заңсыз алған деген шешім шығарып отыр. Айтыс өнерінің жанкүйерлері үшін Бауыржан Қалиолланың есімі кезінде ханның алдында қасқайып тұрып «Хан емессің қасқырсың» деп айтатын Махамбет Өтемісұлын еске түсіреді. Сондықтан да бір шеңбердің аясына сыймай ойын еркін жеткізетін Бауыржан Қалиолла көбінесе жұмыссыз жүреді екен.

Осыны ескеріп, айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман Бауыржан Қалиолла туып-өскен жердің әкіміне қолқа салған көрінеді. Оны Жүрсін Ерман «Азаттық» радиосының тілшісіне былайша баяндап береді:

– Осыдан екі жыл бұрын Орал өңірінде өткен айтыста тамаша өнер көрсетіп айтыстың бас бәйгесін жеңіп алды. Бірақ, үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрген Бауыржанның мұң-мұқтажын «Нұр Отан» партиясының басшысы Бақытжан Жұмағұлов екеуміз, қасымызда Бекболат Тілеухан бар облыс әкімі Нұрғали Әшімовке айтып, осы Бауыржанға үй беру жағдайы жасалса деп қолқа салған едік.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімов үш бөлмелі пәтер беремін деп уәде етеді. Алайда, қала әкімі оған үш бөлмелі пәтер жоқ деп, екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырады. Арада бір жыл өткен соң, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінде Батыс Қазақстан облысында 72 шенеуніктің заңсыз мемлекеттік бағдарлама бойынша бірнеше пәтер алғанын айтып, жемқор шенеуніктер жазаға тартылу керек деп тапсырма береді.

Осы оқиғадан кейін көп ұзамай айтыскер ақын Бауыржан Қалиоллаға соттан шақыру қағаз келеді. Әрі қарай Бауыржан Қалиоланың өзі «Азаттық» тілшісіне былайша түсіндіреді:

– Бұл оқиға төбемнен жай түсіргендей болды. 2007 жаңа жылды қуанышпен қарсы аламыз ба деп дайындалып жатқан кезде, соттан қағаз келді. Өмірімде мұндай нәрсе көрмегем. Менің түсінбегенім, пәтерді айтыс кезінде сыйлады. Адамның ар-ожданына тиетін мәселе. Жеке басымды жемқор шенеунік деп кінәлау. Менің жазығым сонда, айналдырған бір жылдың ішінде елге жеті рет айтыстың бас жүлдесін алып бердім. Мен айтыстағы «шенеунік» шығармын. Бірақ, өмірде ондай қызметім жоқ.

Бауыржан Қалиолла бас жүлде алған айтыста қазылар алқасының ішінде Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан да болған:

– Бауыржан Қалиолла сияқты ақын сирек. Ол Құдайдың бір берген ақыны. Ақынды сыйлаумен біз өзіміздің рухани деңгейімізді көрсетеміз. Ақын қашанда халықтың сөзін айтып келе жатқан тұлға. Оралда полковник Қабденов өзінің мүмкіндігін пайдаланып отырып, бір емес, екі үй алды ғой. Бірақ оны заңды деп тізімнен сызып тастайды. Сөйтеді де, күнін әзер көріп жүрген Бауыржан Қалиолланың үйін тартып алмақ. Қандай әділетсіздік?

Жоғарыдағы мәселеге байланысты Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Шавхат Өтемісовке хабарласқанымызда, төмендегідей жауап алдық:

– Бұл мәселе әлі сотта қаралады. Ешкім ешкімнен пәтерін тартып алған жоқ. Біз өз позициямызда тұрмыз. Біздікі дұрыс деп есептейміз. Себебі, біз жас таланттыларды қолдауымыз, көмектесуіміз керек.

Облыс әкімі орынбасарының сөзіне қарағанда, қазір қалалық соттың шешіміне наразылық ретінде облыс әкімі қарсы сотқа беріп жатыр. Ал айтыскер ақын Бауыржан Қалиолла өзі тұрып жатқан үйде шенеуніктердің де пәтерлері бар екенін жасырмайды:

– Заңды белден басып, бір емес екі-үш үйді қосып алған шенеуніктер болды. Енді «екі қошқар сүзізсе, ортасында бит өледі» дейді. Біз соның кебін киіп қалған азаматтар сияқтымыз.

Президент алдында жатқан қара тізімнің ішінде тек Бауыржан Қалиолланың аты-жөні ғана емес, Францияда жүрген жерінен шақыртып алған шахматтан әлем чемпионы Нұртас Қажығалиев, Сидней олимпиадасына қатысушы, садақ атушы Плотникова, дәулескер күйші Ермек Қазиевтің есімдері де бар екен. Ал Бауыржан Қалиолланың өзі «пәтерімді тартып алса да, өнерімді тастамаймын» дейді.
XS
SM
MD
LG