Accessibility links

Қазақстан бойынша ВИЧ инфекциясына шалдыққан сегіз мыңға жуық адам тіркеуде тұр

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Үстіміздегі жылдың бірінші сәуірі күнгі көрсеткіш бойынша Қазақстанда қорғаныш тапшылығының қоздырғышы індетін жұқтырған адамдардың саны сегіз мыңға жуық екен. Осылай деп дүйсенбі күнгі Парламенттегі Үкімет сағатында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой мәлімдеді. Қазақстанда вич-инфекциясын жұқтырушылар санының артуының басты себебі – нашақорлар саны мен гомосексуалдар санының артуы деп Үкімет тұжырым жасаса, парламент депутаттары басты себепті халықтың әл-ауқатының төмендігінен іздеу керек дейді.

Қазақстанда вич-инфекциясын жұқтырушылар санының ірі ошағы Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облысы және Алматы қаласы. Бір өткен жылдың өзінде екі мыңға жуық адамнан қорғаныш тапшылығының қоздырғышы індеті анықталған. Ал жалпы Қазақстан бойынша сегіз мыңға жуық адам аталған инфекцияға шалдығушылар ретінде тіркеуде тұр екен. Осындай мәліметтерді Денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой алға тартып отыр. Ал аты шулы Оңтүстік Қазақстан облысындағы жағдайға байланысты сол өңірдің 163 мың адамы тексеруден өтті. Оның ішінде инфекция кең таралған аймақтың 53 мың адамы жан-жақты зерттеуден өтсе, 260 донор мен 3 мыңға жуық дәрігерлер тексеруден өтті, – дейді Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой.

Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында қан құю салдарынан сәбилер мен аналар вич-инфекциясы дертіне шалдыққан еді. Қазір олардың саны 108-ге жетіп отыр.

- Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысына 45 білікті мамандар тартылып отыр. Олар көрші ТМД мемлекеттерінен және Куба, Израил сиақты мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар атынан келіп отыр, – дейді Денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой.

Парламент мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы вич-инфекциясы дегенде Үкімет тек Оңтүстік Қазақстан облысын алға тартады да, мұның салдарын нашақорлар мен гомосексуалдардан көреді. Негізінде бұл олай емес дейді.

Амангелді Айталының айтуынша, індеттің таралуының түп тамырында аймақтардағы жұмыссыздық, кедейлік, бағаның өсуі, жастардың қалаға қоныс аударуы және моралдық азғындық жатыр.

Ал Мәжіліс депутаты Мұрат Кәрімовтің сөздеріне қарағанда Денсаулық сақтау министрінің вич-инфекциясына қатысты деректері дұрыс емес. Оның айтуынша, Қызылорда облысында аталған індет бойынша тіркелгендер саны бар болғаны 28, ал Қарағанды облысында 1835. Мұрат Кәрімов Қызылорда облысының тұрғындарын да жіті тексеруден өткізу керек, өйткені онда халықтың көп бөлігінің тұрмыс деңгейі нашар екенін айтады.

Денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой болса, депутаттардың айтқан пікірлерімен келіседі. Ол мұны аймақтардағы дәрігерлердің біліктілігінң төмендігмен байланыстырады. Сондықтан да министрі мырза бір Оңтүстік Қазақстан облысының мың жарымға жуық дәрігерлері мен медбикелері Ресйеге және Алматыға мемлкеттік бюджет тарапынан білімдерін жетілдіруге оқуға барады екен. Министрдің айтуынша, вич-инфекциясына шалдығушылар деңгейі 0,2 процент. Әлемде бұл көрсеткіш 1,1 процентті құрайды екен.

Денсаулық сақтау министрі сонымен бірге Қазақстандағы дәрі-дәрмектердің қымбаттығына байланысты 2009- жылға қарай орта нарық бағасын енгізуді жоспарлап отырғандығын айтады. Ал дәрі-дәрмек бизнесінде жасырын монополияны жою керек дейді министр.
XS
SM
MD
LG