Accessibility links

Алматыда әкімшілігі жалпықалалық шеруді ескі алаңда өткізуге келісім бермей отыр

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Осы жылдың 29 сәуірінде Алматы қаласы интеллигенциясының бастамасымен қалада жалпықалалық шеру өткізілмекші. Шеруді ұйымдастырушылар акцияның мақсаты қала экологиясы мен тұрғындарының құқының бұзылуына, қаланың архитектуралық-тарихи келбетін сақтауға биліктің көңілін аударту деп отыр. Алайда, олардың айтуынша, қала әкімшілігі шеруді белгісіз себептермен көп халық сиятын ескі алаңда емес, қала орталығынан 10 шақырым қашықтықта жатқан «Сарыарқа» скверінде өткізуге рұқсат беріпті.

«Өз қаламызды қорғайық» шеруін ұйымдасытру комитетінің жетекшісі Дәметкен Аленованың пікірінше, 29 сәуірге белгіленген шеруді көлемі шағын, әрі қала шетіндегі «Сарыарқа» скверінде өткізу дұрыс емес. Ол шеруге 10 мыңнан аса адамның жиналатынын айта келіп, әкімшіліктің осыншама адамға шеру өткізуге ескі алаңның орнына кішкентай ғана скверді беріп, қоғамдық ұйымдардың өтінішін қағанаттандырмауын заңсыздық деп есептейді.

- Біз шеру өткізуге өтінішті уақытылы бергенімізге қарамастан, әкімшілік қалалық Мәслихаттың қаулысына сүйене отырып, шеру өткізуге «Сарыарқа» скверін дұрыс деп тапты. Алайда, Мәслихат қаулысының қазір заңдық күші жоқ. Өйткені, жаңадан қабылданған халықаралық пактілерге сай, шерулер ешбір кедергілерсіз, бірақ сол мемлекеттің заңдары аясында өткізілуі керек. Осыған байланысты біз қала әкімшілігіне қайта өтініш беріп, 15 сәуірге белгіленген жиынымызды 29 сәуірге ығыстырдық, - дейді Дәметкен Аленова.

«Жасылдарды құтқару» қоғамдық ұйымының төрағасы Сергей Куратов соңғы жылдары Алматы қаласында көптеген мәселелердің қордаланып қалғанын айта келіп, әсіресе, экология мәселесінде көңіл аудартар жағдайлар жетіп жатыр деген көзқарас білдіреді.

- Бізде үйлердің, архитектуралық ескерткіштердің қиратылуынан, өзендердің ластануынан мемлекеттік мекемелер хабарсыз қалып отырады, кейде оны өздері жүргізеді. Мысалы, соңғы жылдары Алматының іші де, маңайы да адам танымастай қатты ластанды. Айталық, Көктебенің қасындағы құрылыстар кесірінен, қазір оның маңайы қоқысқа толып кетті. Сондай-ақ осындай жағдайларды әлемге танымал Шымбұлақ пен Горный Гигант жақтан да көруге болады. Осының бәрі шеруге себеп болып отыр, - дейді Сергей Куратов.

Ал Әділетті Қазақстан үшін қоғамдық қозғалысының бас хатшысы Әміржан Қосановтың пікірінше, қалалық әкімшіліктің шеру өткізуге қаланың шетін таңдауы саяси мақсаттардан туындаған қадам.

- Бізде шеру өткізу үшін міндетті түрде жергілікті әкімшіліктен рұқсат алу керек. Ал рұқсаттың кімдерге берілетіні жасырын емес. Билікке жақын партиялар жиындарын қаланың орталық алаңдарында өткізсе, оппозициялық партиялар қаланың сыртында өткізуге мәжбүр. Билік өз азаматтарының өз ойларын еркін, ашық айту дәстүрін қалыптастырудан қорқады, - дейді Әміржан Қосанов.

«Адам құқығы хартиясы» қоғамдық қоры өткен айда жария еткен «Қазақстан Республикасындағы жиналыстардың еркіндігі туралы мониторинг» жобасында, еркін жиындардың өткізілуіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдары мен оларды билік органдарының қолдануы кедергі болып отырғанын жазған болатын. Сондай-ақ, жобада жергілікті билік органдарының мемлекеттік емес ұйымдар мен азаматтардың жиналыстарды өткізу үшін жер таңдап алу мүмкіндігін шектеп, кемсіту (дикриминация) саясатын жүргізетіндігі және жоғары қызметтік тұлғалар мен жергілікті биліктің қарапайым азаматтармен салыстырғанда қаланың кез келген жерінде жиналыстар өткізу үшін негізсіз ерекше құқығы бар екендігі көрініс тапқан еді.

Қала тұрғындарының шеруін өткізу жайлы мәселе 3 наурыз күні Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының залында көтерілген болатын. Ал әкімшілікке шеру жасау туралы өтініш 15 наурыз күні берілген еді.
XS
SM
MD
LG