Accessibility links

Бір елде денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесіндегі жемқорлықты жоймақ болған сәтсіз әрекет


Болгарияның ауруханаларында қызметкерлер, әдетте, дәрігерлік көмек пен ем барлық азаматқа тегін көрсетілуге тиіс болса да, сырқат адамдардан қосымша ақша төлеуді талап етеді. 23 жастағы бір азамат өзінің дәрігерге көрінген барлық шығынын мемлекет көтереді деген үмітінің біржола үзілгенін мәлімдейді. Бұл таныс құбылыс емес пе?! “Transparency International” ұйымының Болгария жөніндегі баяндамасына қарағанда, бұрын коммунистік одаққа жатқан мемлекеттердің ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің барлығында да сыбайластық жемқорлық терең тамыр жіберген.

Өткен жылдың ақпанында “Transparency International” ұйымы бүкіл дүние жүзі елдерінің денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық мәселесін бірінші кезекке қойып, оған алаңдаушылығын білдірді. Оған көп жағдайда 10 доллардан 1.000 долларға дейін не ақша, не сыйлық талап ететін Болгария дәрігерлері әдейі мысал ретінде алынды. Ұлыбританиядағы медициналық “Ланцет” (The Lancet) журналының жаңа санында жарық көрген мәліметке сәйкес, арада 1 жылдан сәл көп уақыт өтсе де Болгарияның денсаулық сақтау саласы әлі дағдарыста отыр.

Болгарияның Еуропа Одағына қабылдануының қарсаңында болгар лидерлері денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесіндегі кең етек жайған жемқорлықты ауыздықтау және мамандардың жетіспеушілігін жоюға бағытталған бірқатар реформаны жүзеге асыра бастады. Ұлттық сақтандыру қоры құрылып, барлық азамат дәрігерлік сақтандыру полисін алуға міндетті болды. Оған қоса, мемлекет меншігіне қараған ауруханалардың көпшілігі өз бетінше басқарылатын медициналық компания болып қайта құрылды. Алайда, “Ланцет” басылымының атап көрсетуінше, не азаматтар, не дәрігерлер, не болмаса медбикелер риза емес. Медбикелер өздерінің айлық жалақысын ұлттық айлық жалақының орташа көлеміне дейін көтеруді талап етсе, дәрігерлер қазіргі жалақысынан 2 есе артық алғысы келеді. Дәрігерлер мен медбикелердің басым көпшілігі көп айлық жалақы аламын деп Болгариядан шет етлдерге қоныс аударды. Бір кезде Болгарияда 60 мыңға жуық медбике болатын, қазір елде 29.700-дей ғана медбике қалды.

Қорыта айтқанда, болгарлар денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін нашар бағалап жатса, “Transparency International” ұйымының зерттеуі бойынша, Болгариядағы денсаулық қорғау саласының қадірі Ресейдегіден сәл ғана жоғары тұрған көрінеді. Аталған 2 елде де 12 адамның бірі ғана, тіпті бірге де жетпейді, денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін оң бағалайды. Болгарлар мен орыстар да өз елдерінің денсаулық сақтау саласындағы жемқорлықтың деңгейін бірдей бағалайды. “Transparency International” ұйымының есебі бойынша, жемқорлықтың барлығын сезу – денсаулыққа тікелей де жанама түрде теріс әсер етеді. Өз үкіметінің жемқорлыққа қаншалықты батқанын білетін халықтың денсаулығы да онша мәз болмаса керек.
XS
SM
MD
LG