Accessibility links

Каспий теңізінің қазақстандық жағалауында қырылған итбалықтар 356-ға жетті

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Олардың 90 пайызы итбалықтың төлдері. Ресми орындар теңіз жануарларының жаппай қырылуы ауа-райының қолайсыздығынан болуы мүмкін деген алдын ала болжамдар жасады. Бұл болжаммен келіспейтіндігін айтқан экологтар апатқа Каспий суының шамадан тыс ластанып кетуі себеп болып отыр дейді.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің сәрсенбі күні таратқан ақпаратында Каспий теңізінің қазақстандық жағалауында қырылып қалған итбалықтардың жалпы саны 356 болғандығы айтылған. Итбалықтардың өлігі осы жылдың наурыз айында табылған болатын, содан бері күн санап өсіп отыр. Теңіз жануарларының ажалы неден болғандығын анықтау мақсатында Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігінің ішінен арнайы комиссия жасақталған болатын. Сәрсенбі осы комиссия жұмыстарының алдын-ала қортындысын жариялап, онда «Каспийдегі итбалықтардың жаппай қырылуына ауа-райының қолайсыздығы себеп болған. Биылғы қыс маусымының жылы болуына орай, теңіздегі мұздардың еріп кетуі жас төлдердің жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, өлген итбалықтар табылған жерден алынған теңіз суының сынамасының анализі суда мұнайдың жоқ екендігін көрсетіп отыр» делінген.

«Итбалықтарды табиғаттың әсерінен қырылды деу ақылға қонбайды. Табиғаттың заңдылықтары жүре береді. Ауа-райының жылынуы мен суытуы итбалықтарға өліп тынатындай әсер ете қоймайды. Сондықтан экологтар ондай шешіммен келіспейді. Меніңше, итбалықтардың өлуі Каспий өңіріндегі мұнай барлау және пайдалану әсерінен болып отыр. Егер суға бір немесе мың тонна мұнай төгілетін болса теңіздің өзі оны емдеп, ыдыратып, таратып басқа құрамдас затқа айналдыруға тырысады. Бұл жерде уақыт өтіп, итбалықтар қырылып қалғаннан кейін суда мұнай жоқ деп, сынама жасау тағы ақылға қонбайтын шаруа. Итбалық жаңадан төлдеп жатқанда мұнайдың төгіндісі болған шығар. Оны бір Алла біледі», - дейді эколог Мұсағали Дуамбеков.

Оның пікірін өзге экологтар да қостап отыр.

«Каспий теңізінде жұмыс істейтін мұнай компанияларының жұмысына бақылау жоқ. Итбалықтардың қырылуы соның нәтижесі. Бұл жерде бақылауды күшейту керек. Біздің мемлекеттің кінәсі көп мұнда», - дейді «Табиғат» экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов.

Атыраудағы «Каспий табиғаты» экологиялық ұйымының жетекшісі Махамбет Хакім:

«Итбалықтардың қырылуы 2000 жылы да орын алған болатын. Онда 30 мың итбалық қырылды. Сол кезде Қоршаған ортаны қорғау министрі осы мәселені зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми-зерттеу институтын құруды ұсынды. Бірақ ол аяқсыз қалды. Сол 30 мың балық қырылған уақытта Астраханға, Англияға өлген итбалықтардың сынамаларын жіберді. Бірде бір жерден мына итбалық мынадан өліпті деген нақты қорытынды келген жоқ. Өзіміз ғылыми-зерттеу институтын ашпай жағдайды түземей алмаймыз» дегенді айтады.

Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылық министрлігінің балық шаруашылығы комитетінің мәліметтері бойынша, Каспийдегі итбалықтардың саны 350 мыңнан асып жығылады.
XS
SM
MD
LG