Accessibility links

«Кришна санасы» қоғамы Қазақстан өкіметінің өздерінің жер дауына байланысты мәселелерін жақын уақытта оң шешетініне күмәнданады. Олар өкіметпен келіссөздер жүргізу ісіне Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілін, ЕҚЫҰ өкілдерін қатыстыруды сұрап отыр. Бұл туралы сәрсенбі күні «Кришна санасы» қоғамынан хабарлады. Ал Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкіл Болат Байқадамов "Азаттық" радиосына бұл діни ұйымға алдымен Алматы маңынан 20-30 сотық жер беру мәселесі қарастырылатындығын, содан кейін былтырғы жылы қараша айында үйлері құлатылған діндәрларға сот арқылы өтемақы өндіріп беру ісі қолға алынатындығын айтты.

Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі Болат Байқадамов наурыздың 29-30 күндері Венада өткен ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы, бірлесу және жиындар өткізу еркіндігіне арналған жиында «Халықаралық Кришна санасы» халықаралық қоғамы басшыларының бірі Говинда Свамимен кездескенін, онда Алматы облысы Қарасай ауданында орналасқан Кришна санасы ұйым өкілдеріне 20-30 сотық жеру туралы уағдаластыққа келгендерін айтты:

- Ол үш ұсынысты қарап, оның біріне келісті. Яғни, олардың жазғаны бойынша Алматы қаласы ішінде үй салу үшін жер беріледі.

Әділет министрілігінің дін жөніндегі комитет төрағасы Ералы Лұқпанов жуық уақытта Кришна қоғамына Алматы маңынан жер беру мәселесі Алматы қаласы әкімшілігінің назарына ұсынылатындығын хабарлады:

- Олармен бірнеше рет кездесіп, ол мәселені қарастырып жатырмыз. Бірақ, жер беретін комитет емес, Алматы қаласы әкімшілігі. Шешім шығару - солардың құқығы. Қазір ұсыныс – Алматыда.

Алайда, Алматы қаласы маңынан 20-30 сотық жер беру қоғамның басындағы күйзелісті жағдайды толық шеше алмайды деп есептейді Алматы облысындағы «Кришна санасы» қоғамы баспасөз-хатшысы Максим Варфоломеев:

- 20-30 сотық жер беру мәселенің толық шешімі емес, қоғамның тіршілік ету мәселесін шешпейді. Өйткені, біздің қоғамның өмірі жермен байланысты. Егер біздің 47 гектар жерімізді алып алса, онда тұрып жатқан адамдарымызды қайда жбереміз? Жаңа жерде құрылысты қай ақшаға саламыз? Діни нанымымыз бойынша біз сиырларды сатуымызға, беріп жіберуімізге болмайды. Онда 30 ірі қараны қайтеміз?

М.Варфоломеевтің айтуынша, қазір «Кришна санасы» қоғамы өкілдері орналасқан жердегі 5 саяжайды алып тастау турасында сот ісі жүруде. Былтыр қараша айында Алматы облысы Қарасай ауданындағы жердегі бау-бақша учаскелеріне саяжай үйлерінің орнына кришнаиттердің жатақтары мен бас қосу ғимараттары салғаны сот арқылы заңсыз деп табылып, діни ұйымның 13 үйі құлатылып, онда тұрған 40-тан асатам діндәр баспанасыз қалған.

Максим Варфоломеевтің сөзіне қарағанда, онда тұрған адамдарға өтемақы төлеу мәселе де әлі күнге дейін шешілмеген. Ол әрбір саяжайдың құны 30-80 мың АҚШ доллары көлемінде деп отыр.

- Оған қоса ғимараттарымыз бар. Қазіргі жерде ғибадатханамыз орналасқан. Мал қораларымыз бар. Сонымен бірге біз сол жерде коммуникация желілерін, су, электр жарығын тартқанбыз. Оған жылдар бойы күшімізді, ақшамызды салдық, - дейді Максим Варфоломеев.

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкіл Болат Байқадамов баспанасыз қалған діни қоғам өкілдеріне өтемақы төлеу мәселесі кейінірек шешіледі деп сендіреді.

- Ол сот арқылы шешіледі. Бірақ, қазір оны «кім қалай, қанша төлейді?» деген сияқты мәселелер шешілуі керек. Көп жұмыс істелуі тиіс, - дейді Қазақстанның омбудсмені.

Алайда әділет министрлігінің діни істер жөніндегі комитет төрағасы Ералы Тоғжанов өтемақы төлеу мәселесі әзірге қаралмағандығын алға тартты:

- Ол жерде өтемақы мәселесін төлеуге негіз көріп тұрған жоқпын. Себебі, онда - кришнаиттердің мәселесі емес, Қазақстан азаматтарына қатысты мәселе. Мемлекетке кришна санасы қоғамы өкілдерінен жер учаскесін, саяжайлар беру туралы ұсыныс түскен емес. Ал ана жүріп жатқан іс-әрекеттер - азаматтар мен жергілікті атқару орган арасындағы қатынстар.

«Кришна санасы» қоғамы өкілдері болса, өкімет дұрыс шешім шығаруы үшін олармен келіссөз жүргізу ісіне Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілін, ЕҚЫҰ өкілдерін қатыстыруды сұрап отыр.
XS
SM
MD
LG