Accessibility links

Алматыда жаңа халықаралық әуежай салынады

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

16-көкекте Алматы әуежайында халықаралық терминалдың іргетасы қаланбақшы. Бұл терминалдың бірінші кезегін 2008 жылдың аяғына тапсыру жоспарланған. Ал екінші кезегі одан 3-4 жылдан соң тапсырылмақ. Бағасы шамамен 100 миллион доллар, ал аумағы 32 мың шаршы метр болатын терминалдың бірінші кезегі тапсырылған соң Алматы әуежайынынң халықаралық жолаушылар тасымалдау көрсеткіші жылына 2 миллион адам болады деп жоспарланып отыр. Ал оның алдында биыл жазда Алматы халықаралық әуежайында 3Б стандартында ұшып-қону алаңының құрылысын аяқтамақ. Бұл ұшып-қону алаңы аяқталғаннан кейін барлық кластағы ұшақтар көріну қашықтықтағы50 метр тұмандарда да ұшып, қона алады.

Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалы бұрынғы әуежайдан 500-1000 метр қашықтықтағы алаңқайда, шамамен Құлжа күре жолының бойына жақын орналаспақшы.

- Терминалдан басқа бұл маңдағы «Аэропорт-сити» атты кешенде үлкен сауда орталығы, 200 орындық Мерриот жүйесіндегі мейманхана, бизнес, конференц-зал орталықтары болмақшы, - дейді «Алматы халықаралық әуежай» акционерлік қоғамының жарнама маманы Лиля Бурлавлева.

Бұл терминалдың ірге тасының қалану рәсімі дүйсенбі, көкектің 16-ына деп жоспарланғандықтан және ол рәсімге Алматы қаласының әкімінен басқа Көлік министірінің қатысу-қатыспауы беймәлім боғандықтан, әзірге ешкім ешнәрсені ашық айтқысы келмей отыр. Дегенмен, Бурлавлева ханымнан сұрастырып білгеніміз, құрылысты толығымен «Алматы әуежайы» акционерлік қоғамы қаржыландырмақ және өздері салмақ екен.

Ал терминалдың жобасын жасаған француз компаниясы дейді Алматы әкімшілігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айгүл Аспандиярова.

- Жаңа әуежайдың жобасын француздық ADPI копаниясы жасады. Бұл компания әлемге танымал, талай әуежайлардың жобасын жасаған компания. Жергілікті архитектураның нақышын ескеріп терминалдарды киіз үй кейпінде жасаған. Құрылысты игеру барысында алдымен пайдалануға берілетін 3 киіз үй іспеттес ғимарат бір-біріне жалғасып терминал ұлғая бермекші. Сонымен жолаушылар ұшаққа отырғанда барлығы 24 телескоптық траппен пайдалана алады. Француздық ADPI компаниясы жобаны жасағанда жолаушылар легінің ағымы ретінде 1989 жылғы жолаушылар ағымын негізге ала отырып, 2020 жылға дейін ол ағымның өсу қарқынын ескерген. Сондықтан терминалдың екінші кезегі де іске қосылғанда, ал ол 2012-2014 жылдарға деп жоспарлануда, Алматы әуежайы жылына 4 миллион халықаралық жолаушыларға қызмет көрсете алатын қуатқа ие болмақ, - дейді Айгүл Аспандиярова.

«Алматы халықаралық әуежай» акционерлік қоғамының жарнама маманы Лиля Бурлавлева жаңа әуежай терминалының бағасы, оның тапсырылу мерзімі туралы әзірге дәл айту қиын дейді.

- Қазір ол сандар реттеліп жатыр. Оны сізге қазір компаниядағы ешкім де дәл айта алмайды, - деді Бурлавлева ханым.

Десе де кейбір деректерде терминалдың құрылысына 70-тен 100 миллион АҚШ доллары аралығындағы қаржы кетеді деп көрсетеді.

Алматыдағы қазіргі әуежай 2003 жылы бұрын жанып кеткен әуе жайдың орнына салынып іске қосылған. Оның жолаушылар тасымалдау қуаты жылына екі жарым миллион жолаушы. Жаңа терминал іске қосылған соң ол әуежай тек ішкі әуе жолдарына қызмет көрсетпекші. Әлемнің ондаған мемлекетінің астаналарымен байланыстыратын бұл әуежай қазір де халықаралық тіке әуе қатынастарын жылдан-жылға дамытып келеді. Мысалы, 30-шы сәуірден бастап Алматы мен Чехияның астанасы Праганы байланыстыратын тіке әуе қатынасы ашылмақ. Бұрындары Прагаға Санкт-Петербург, Амстердам, Майндағы Франкфурт арқылы ұшатын алматылықтар енді 30-шы сәуірден бастап «Боинг-737» ұшағымен 750 долларға Прагаға тіке ұшып барып келу мүмкіндігіне ие болмақ.
XS
SM
MD
LG