Accessibility links

Құрама Штаттар демократияны әлемге таратудағы өз ұмтылыстары жөнінде баяндама жариялады


Өткен жылы 100-ге жуық елге демократияны таратуда Құрама Штаттардың нендей нәтижелерге қол жеткізгені жөнінде Мемлекеттік департамент егжей-тегжейлі баяндамасын жариялады. Атап айтқанда сайлау бекеттерінде жұмыс істейтін қызметкерлерді арнайы дайындықтан өткізу, өзара студент алмасу, және азаматтық қоғам топтарының жайын жақсарту жөніндегі істерге көмектесу қамтылған.

Жаңадан жарияланған баяндамасында әлем елдеріне демократияны таратуда Құрама Штаттардың нендей нәтижелерге қол жеткізгені жөнінде Мемлекеттік департамент егжей-тегжейлі мәліметтер беріп отыр. Осыған орай «Азаттық» радиосының тілшісі Хейсер Махер Демократия мен адам хұқықтары және еңбек бойынша АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Ерика Баркс-Раглспен сұхбаттасқан болатын.

Оның айтуынша, сәуірдің 5-і күні жарияланған баяндама “Адам хұқықтары мен демократияға қолдау көрсету бойынша Құрама Штаттар баяндамасы” деп аталады. Әлем елдеріндегі адам хұқықтарын қорғау мен оған қолдау көрсетуде Құрама Штаттарда недей істердің атқарылғандығы осы құжатта қамтылған.

Бұл - көп саланы қамтыған баяндама емес. Сәуірдегі бұл баяндамада әлемнің 96 еліндегі, өткен жылғы жағдай ғана талданып отыр. Ол елдерде негізінен адам хұқықтары мен демократия едәуір түрде зардап шегуде деп есептелуде. Ал, АҚШ Конгресі тапсырмасымен әзірленетін Адам хұқықтары бойынша жылдық баяндамада 196 елдегі адам хұқының қорғалуы қамтылады.

Баяндамада көрсетілгеніндей АҚШ тарапынан Ауғанстанға демократиялық үш сала бойынша көмек көрсетілуде. Оның біріншісі - әділ сайлаулар өткізуге, екіншісі - басқару саласындағы мықты ұйымдарды құруға көмектесу, үшіншісі - азаматтық қоғам мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат бұлақтарына көмек көрсету.

Баяндамада айтылғанындай, 2006-шы жылы Құрама Штаттар Қазақстанда интернетке негізделген “жаңалықтар өндірісін” қалыптастыруға қолдау көрсетуде. Оның барысында журналистерге софтварды қалай пайдалану керектігі үйретіледі. Және елде тәуелсіз ақпарат бұлақтарының өркендеуіне де қолдау көрсетілген.

“Өткен жылдың тамыз айында баспасөз жөніндегі қабылданған жаңа заңда едәуір күрделі шектеулер қамтылған. Қазақстан елі ол заңды қайта қарап, баспасөз жөніндегі заңдарын Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының шарттарына сәйкес деңгейге жеткізеді деп сенеміз”, - деді Раглс ханым.

Қырғызстандағы қызметінің алғашқы кезеңінде аталған баяндама елдегі демократиялық ұйымдардың, азаматтық қоғамның жұмыс істеу мүмкіндігін қалыптастыруға және конституциялық реформаларға айрықша назар аударған екен. Тәжікстанда негізінен әйелдер хұқының қорғалуына көмектесуге тырысқан. Түркменстанда Ниязовтың қазасынан кейін ашықтыққа бетбұрыс байқалады, дейді Раглс ханым. Соның мысалы ретінде бұл елде заңдық мүмкіндік орталықтарының ашылғандығын айтуға болады.

Өкінішке орай, Өзбекстан елі қуғын-сүргін жалғасып жатқан мемлекет күйінде қалып отыр. Өткен екі жыл ішінде бұл елде халықаралық және жергілікті дәрежедегі 200-ден аса азаматтық-қоғамдық ұйымдар жабылған екен. Сондай-ақ тәуелсіз баспасөзге тиым салып, Өзбек үкіметі халықаралық ұйымдардың қандайымен болса да жұмыс істеуден бас тартқан. Құрама Штаттардың бұл баяндамасына биылғы жылы да өткен 2006-шы жыл деңгейіндегі қаржы бөлінген екен.
XS
SM
MD
LG