Accessibility links

Шымкенттегі шетелдік кәсіпорында жұмыс істейтін 400-дей жұмысшы өз еңбек құқықтарының сақталуын компания әкімшілігінен талап етіп отыр

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 400-ге жуық жұмысшылары кәсіпорын басшылығына өз еңбектеріне қарай еңбекақы алу мақсатында жалақы өсіру, жұмысберушілер мен жұмысшылар арасында жаңа келісім жасау сияқты талаптар қойып отыр. Осы жайында 12 сәуір күні «Азаттық» радиосына мәлімдеген аталған компания кәсіподағының төрағасы Константин Шпилев ұзақ жылдардан бері кәсіпорын жұмысшылары жалақысының дұрыс көтерілмей келгенін айтты. Оның айтуынша, осы мәселені талқылау мақсатында жұма күні кәсіпорын басшылары мен жұмысшылар арасында кездесу ұйымдастырылмақ.

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысшыларының кәсіподақ басшысы Константин Шпилев 12 сәуір күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында осы кәсіпорынға қарайтын Шымкент мұнай өңдеу зауыты жұмысшыларының жалақыға қатысты өз басшылығына наразылық білдіріп отырғанын хабарлады.

- Бізге 10 сәуір күні таңертең 385 адамның қолы қойылған талап хат келіп түсті. Алайда, күннен күнге талапқа қосылып жатқан жұмысшылардың қатары өсіп келеді. Хатта жұмысшылар айлықтарын өздерінің жұмыстарына сай алғысы келетіндіктерін жазған. Өйткені, зауыт жыл сайын өзінің жұмыс өнімділігін арттырып келгенімен, жұмысшылар айлығы сол баяғы күйінде қалған. Сонымен бірге олар өткен жылғы президенттің жолдауындағы «қай жерде істейтін жұмысшылар болмасын, барлығының еңбекақысы 32 пайызға өссін» деген сөздерді де негізге алған. Ал зауыт жұмысшыларының жалақысы жыл сайын 8 пайызға ғана өсіп отырған. Оның өзі де инфляциямен білінбей кетеді дейді жұмысшылар. Сондықтан, жалақы өсіп отырғанымен, жұмысшылар оның пайдасын көре алмай келеді, - деді кәсіподақ басшысы.

Константин Шпилевтің айтуынша, жұмысшылар кәсіпорынның бұрынғы иесі - канадалықтармен арада жасалған ұжымдық келісімді де қайта қарауды талап еткен. Сондай-ақ, ол қазір «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығының хатты талқылап жатқанын және осыған байланысты сәуірдің 13-күні екі жақ арасында кездесудің болатындығын да айта кетті.

Шымкент мұнай өңдеу зауытында жұмыс істейтін, бірақ өз есімін атағысы келмеген жұмысшылардың бірі кәсіпорында жұмысшылар жалақысының бірталайдан бері дұрыс көтерілмей келе жатқанын айтты.

- Олар жыл сайын біздің айлығымызды екі-ақ пайызға көтереді. Ал бюджеттегілердікі 30 пайызға өсті. Қазір елімізде инфляция дендеп тұр. Сондықтан, жалақымызды біразға өсіргендері дұрыс, - дейді жұмысшы.

Ал «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, еңбек келісіміне сәйкес 2007 жылдың сәуірінен бастап жұмысшылар жалақысының орта есеппен 8 пайызға өсетіндігі мәлім болды. Сондай-ақ, баспасөз қызметі 2006 жылы кәсіпорынның 23 жұмысшыны емдеу мақсатымен қаржылай қамтамасыз етіп отыру үшін арнайы қор құрылатындығы жөнінде шешім қабылдағанын айтты.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты кәсіподағының хабарлауынша, қазір зауыт жұмысшылары айына орта есеппен 75-80 мың теңге жалақы алады. Ал кәсіпорында жұмыс істейтін білігі жоғары қытай мамандарының алатын айлықтары құпия сақталады екен.
XS
SM
MD
LG