Accessibility links

Заречная елді мекеніндегі түрмеде отырғандар тағы да наразылық танытып, өз денелерін жарақаттап тастады

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Алматы облысындағы Заречная елді мекеніндегі түрмеде отырған бірнеше адам, осы мекемедегі әкімшілік тәртібіне наразылық ретінде өз денелерін жарақаттап тастады. Қылмыстық түзету комитеті жүйесінің ақпарат бөлім басшысының хабарлауынша, өз-өзіне қол жұмсауға барып, жеңіл жарақат алған 11 адам жедел жәрдем алған соң қайтадан түрмеге жеткізілген. Қазір орын алған оқиғаға байланысты тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.

Қапшағайға жақын орналасқан, атышулы Заречная елді мекеніндегі түрмеде бірнеше тұтқын жексенбіге қараған түні өз денелерін өткір затпен тілгілеп тастағаны мәлім болып отыр. «Интерфакс» ақпарат агенттігі түрмедегі 70-тей адам өздеріне қол жұмсауға барып, солардың 12-сі тамыры мен қарнына зақым келгендіктен ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Алайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық түзету комитеті жүйесінің ақпарат бөлім жетекшісі Ғалымжан Хасенов «ондай адамдардың саны он бір, олар түрме басшыларының алдына заңсыз талап қойып отыр, қазір жағдай бірқалыпты, тексеру болып жатыр» деді сәуірдің 16-күні «Азаттық» радиосына.

«Ол түрмедегі ауыр қылмыс жасағандар, атап айтқанда - адам өлтіру, адам зорлау, бопсалап шабуыл жасаған он бір адам өз-өздеріне қол жұмсап, түрме әкімшілігінен заңсыз жеңілдіктер талап еткен. Оларға Қапшағайдағы ауруханада жедел жәрдем көрсетіліп, қайтадан түрмеге жеткізілді. Олардың тәндеріне жасаған жарақаттары жеңіл, өмірлеріне қауіп төндірмейді. Қазір ол мекемеге Бас прокуратура өкілдері, түзету мекеме комитетінің басшылары барды. Қазір онда жағдай тұрақталды. Факты бойынша іс қозғалып, тексеру жүріп жатыр», - деді Қылмыстық түзету комитетінің өкілі.

Ал қамауда өздеріне қол салып наразылық танытқандардың талабы жайында Ғалымжан Хасенов олар «түрмедегі заңмен орнатылған қатаң тәртіпті жағдайды жұмсартып-жақсарту, ағайын-туысқандарымен кездесу уақытын ұзарту, сырттан алатын сәлемдемелерді қазір заң бойынша тексерілуі тиіс, ал олар тексертпеу керек деген тағы да басқа бірқатар талаптар қойып отыр» дейді. Сондай-ақ ол «түрмедегілер өздеріне зақым келтіргенде шегемен, не қандай да бір үшкір заттармен денесіне зақым келтіруге тырысқан. Сондағы мақсаттары - қан көбірек шығарып, тілшілердің, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің назарына ілініп, шу көтеру» дейді.

Алматыдағы халықаралық адам хұқығы мен заңдылықтардың сақталуы комитетінің заңгері Лейла Рамазанова түрмедегілердің туыстары өзіне телефон шалып, қамаудағылардан тоқсан адамның өз-өзіне қол жұмсап, екі адамның мерт болғанын хабарлағанын жеткізді. Алайда ол бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін Заречная түрмесіне барып, сондағы болған жағдайға өзі көз жеткізуге тырысатынын айтты.

Заречная түрмесінде өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы бұған дейін де бірнеше рет болған еді. Олардың барлығында да қамауда отырғандар түрмедегі жағдайға наразылық білдірген болатын. Ең соңғы рет онда осындай өз-өзіне қол жүмсау оқиғасы биыл 31-наурызда орын алған болатын. Онда 43 адам өз-өзіне қол жұмсау акциясына қатысқан. Соңыра әділет министрлігінің өкілі ол акцияға қатысқандарды әртүрлі басқа түрмелерге таратып жібергені туралы хабарлаған еді. Қазақстан түрмелерінде осындай оқиғалардың оқтын-оқтын орын алып тұруларының себебі бірнеше болуы мүмкін дейді Адам құқықтары хартиясы қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова.

«Неге тек осы Заречныйда? Ол түрме өткен жылға дейін жалпы режимдегі колония болатын да, ал өткен жылдан бастап қатаң тәртіптегі түрмеге айналдырылды. Басшылар, билік жаңарады дегендей. Осындай кездері, түрмедегілердің тілімен айтсақ, жаңа басшыларды өзінше тексеру, олардың реакциясына қарау басталады. Түрмедегілердің кейбіреулерінде ұялы телефондары да бар, сыртпен байланыстары жақсы. Сондықтан ресми орындардың айтып жүрген «сырттағы пахандардың ұйымдастыруы» дегенінің де жаны бар. Олар осындай акция ұйымдастыру арқылы түрменің жаңа басшыларына қысым жасап, өздеріне жайлы тәртіп орнатып, заңсыз жеңілдіктер сұрауы әбден мүмкін. Әйтпесе, қазір Қазақстанда түрмедегілердің жағдайына қатысты ең аз деген халықаралық талаптарды біздер толық орындап отырмыз. Былтыр біздің түрме жүйесі түрме индексі көрсеткіші бойынша үшінші орынан жиырма төртінші орынға түстік. Рас, соңғы жылдары түрмеге түсушілер саны тағы артып келеді», -деді Ж.Тұрмағамбетова.

«Түрме индексі» дегеніміз – жүз мың адамға шаққанда түрмеде отырғандар саны, жалпы түрмеде отырған адамдар саны, т.б. қамтитын көрсеткіш. Қазір Қазақстанда түрмеде 40 мыңдай адам отыр. Ал тәуелсіздік алған жылдардан соңғы жылдары Қазақстанда түрмеде отырғандар саны 80 мың адамға жетіп, әрбір жүз мың адамға шаққанда әлем бойынша алдына Ресей мен АҚШ-ты ғана салып, үшінші орыннан бір-ақ шыққан болатын.
XS
SM
MD
LG