Accessibility links

Азаматтардың өз құқығын білуіне бағытталған шаралар науқаны басталды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстан жоғарғы соты Қазақстан қорғаушылар одағымен бірлесіп дүйсенбіден бастап елде «Соттардың жұмысы туралы біліңіз - өз құқығыңыз туралы біліңіз» атты ұлттық деңгейдегі қоғамдық-ағарту науқаны басталғанын хабарлап отыр. Ол үшін сот жүйесінің қыр-сырын қамтыған қазақ-орыс тілдерінде 50 мың кітапша шығарылып, халық арасында тегін таратылмақ. Сонымен қатар бұл науқанда үкіметтік емес ұйымдар арқылы шалғайдағы елді мекендерді де қамтитын арнайы дәрістер ұйымдастырмақ. Сондай-ақ мамандар бұл іс-шара бір мезгіл ғана өтетін науқан емес, ары қарай жалғаса бермек дейді.

Құқықтық мемлекет орнату - сол мемлекеттегі әр азаматтан құқықтық сауаттылықты талап етері сөзсіз. Сондықтан да болар Қазақстан жоғарғы сот мамандары, қорғаушылар одағымен бірлесіп осындай халық-ағарту шарасын қолға алып отыр. Осы науқанның негізгі мақсаты туралы Қазақстанның сот жүйесіне қолдау жобасының уәкілі Зарина Мұсаходжаева былай дейді:

- Бұл науқанның негізгі мақсаты - Қазақстан азаматтарын республиканың сот жүйесімен қалай жұмыс істеу керектігін, өз құқықтарын сотта қалай қорғау керектігін үйрету. Осы мақсатта орыс және қазақ тілдерінде 50 мың дана түсініктеме кітапшаларын шығардық. Бұл жобаны Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты мен Адвокаттар одағы бірлесе атқарып отыр. Сонымен қатар осы жобаға 18 үкіметтік емес ұйымдарды тартып отырмыз. Олар осы кітапшаларды таратумен айналыспақ.

Сондай-ақ Мұсаходжаева ханым осы оқыту-ағартуды іске асыру үшін қандай шаралар өткізбек екендігі туралы баяндады:

- Осы науқан аясында айтып кеткен кітапшалар тегін таратылады. Осы бағыттағы мақалалар Жоғарғы сот веб-сайтында және Қазақстан Республикасының адвокаттар одағының веб-сайтында жарияланбақ. Сонымен қатар «Европа плюс» радиостанциясының эфирінде кешкісін және күндіз арнайы оқу-ағарту хабарлары берілмек.

Әрине, қазақстандықтардың ірі қаладағы болмаса, бәрінің бірдей интернетпен жұмыс істеуіне жағдайлары жоқ. Оған қоса халықтың 40 пайыздайынан астамы ауылды мекендерде тұратынын да ескердік дейді Мұсаходжаева ханым.

- Осы ауылды мекендерде тұратын адамдарға жету үшін біз таңдап алған 18 үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істемекпіз. Олар Қазақстанның бар түкпірінде орналасқан және ауылды мекендегілермен жұмыс істейді. Олардан басқа бізбен жұмыс істеп жатқан «Әділ сөз» қоғамдық қоры мен адвокаттар одағы Қазақстанның барлық облыстарында бар. Әне солар ауыл азаматтарын да қамтиды деп сенеміз.

Көп жағдайларда қазақстандықтар сот жүйесіне сене де бермейтіні айтылады. Жоғарғы сот баспасөз хатшысы Гүлнар Бектұрова «сот жүйесіне қадағалау тетігін неге күшейтпеске?» деген сұраққа:

- Рас, бұл салада олқылықтар жоқ емес. Оны тәуелсіздік алған он-он бес жылда түзете саламыз деуге болмас. Бірақ, бізде «Судьялықтың этика кодексі» деген бар. Судьялар сол этика кодексінің шеңберінде жұмыс істейді. Біз шара да қолданамыз. Шынын айтсақ, мысалы, былтыр сол кодексті бұзғандары үшін және басқа да судьяларға деген талаптарды орындамағы үшін, меніңше, 78 судья жұмыстан босатылды. Демек, бұл бағытта да үлкен жұмыстар атқарылып жатыр дегім келеді, - деп жауап берді.

Мамандар Бас прокуратура бастап қолға алған бұл шара тек бір науқанмен ғана өтпей, алдағы уақытта да жалғасын таппақ дейді. Бұл басталған шараға АҚШ-тың USAID қоры қаржылай көмектесіпті. Ал бұл оқу-ағарту шарасының бірінші кезеңіне қанша қаржы жұмсалмағы туралы сауалға әзірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотынан жауап ала алмадық.
XS
SM
MD
LG