Accessibility links

Тәуелсіз Ресейдің алғашқы президенті Борис Елцин 76 жасында, жүрек талмасынан қаза болды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Тәуелсіз Ресейдің алғашқы президенті болған Борис Елцин 76 жасында, дүйсенбіде жүрек талмасынан Мәскеуде қаза тапты. Ол билікте 1999-шы жылдың 31-ші желтоқсанына дейін болған еді. Жаңа жылдық құттықтауы барысында оның билік тізгінін үкімет басшысы Владимир Путинге тапсырып кеткені белгілі.

Борис Николаевич Елцин 1931-ші жылдың 1-ші ақпанында, Сібір шаруа отбасында, Свердловск облысының Бутка ауылында дүниеге келді. Орал политехникалық институтының инженерлік факультетін бітіргеннен кейін ол жергілікті машина жасау зауытында жұмысын қарапайым бригадирден бастап, Южгорстрой құрылыс компаниясының бас инженерлігіне дейін көтерілген болатын. Ол Коммунистік партия қатарына 30 жасында, яғни 1961-ші жылы өткен еді. Келесі екі онжылдықта ол партия қызметінде талай сатылардан өтті. Атап айтқанда; қарапайым партия қызметкерінен бастап, Елцин 1976-шы жылы Свердловск коммунистік партиясының бірінші хатшылығына дейін көтерілген болатын.

Ал, 1985-ші жылы ол Мәскеуге қызметке шақырылып, Орталық комитеттің мүшелігіне өткен еді. Дәл сол жылы Михайл Горбачевтың билікке келгені белгілі. Көп ұзамай Борис Николаевич Мәскеу қалалық коммунистік партия комитетінің бірінші хатшылығына көтеріліп, Саяси бюро мүшесі болады.

1987-ші жылдың қазан айындағы Совет коммунистік партиясы орталық комитетінің пленарлық жиылысында Елцин мырза партияның жоғарғы басшыларына сын айтқан болатын. Ол жедел түрде қызметтен және Саяси бюро мүшелігінен қуылады. Горбачев оны осылайша ығыстырған еді. Алайда, Елцин мырза араға екі жыл салып өшін қайтарған болатын.

Яғни, Совет үкіметінің алғашқы демократиялық жолмен сайланған парламенті, екінші сөзбен айтқанда Халықтар конгресінің депутаты болып сайланған еді. 1990-шы жылдың мамырында ол Ресей республикасы Жоғарғы советінің төрағасы болып сайланады. Араға бір ай салып Ресей республикасы Совет үкіметінің ішіндегі өзінің тәуелсіздігін жариялағаны белгілі. Одан кейінгі айда Елцин мырза Коммунистік партия мүшелігінен өз еркімен шығады.

Тағы бір жылдан кейін Борис Елцин жалпы халықтық сайлаулар барысында Ресей республикасының президенті болып сайланады. Сонымен Мәскеу екі мемлекеттің, яғни Ресей мен Совет үкіметінің астанасы боп шыға келеді. 1991-ші жылдың тамызында Горбачевтың жақын кеңесшілері совет басшысын қызметінен кетірмек болады. Дәл сол кезде Мәскеуде, Елциннің танк үстінде тұрып, халықты көтеріліске шақырғаны белгілі.

“1991-ші жылдың 18-ші тамызынан 19-ына қараған түні елдің заңды түрде сайланған президенті биліктен кетірілді. Бұл әрекеттердің себептеріне қарамастан, біз қазір оңшыл-реакцияшыл және конституцияға қарсы төңкерісті көріп отырмыз. Біздің халқымыз басынан өткеріп отырған көптеген қиындықтар мен келеңсіздіктерге қарамастан еліміздегі демократиялық үдеріс кең түрде жүзеге асып келеді. Бұл бағыттан қайтпаймыз. Орыс халқы өз тағдырының қожасы бола бастады”, - деген еді Елцин мырза.

Осылайша төңкерістің алды кесіліп, Горбачев қайтадан Кремльге жеткізілді. Совет үкіметі құлады. Алайда, билікке осылайша демократия жақтаушысы боп келген Елцин көп өтпей-ақ өзі де аутократтық билік тәсіліне көшкендей еді. Оның алғашқы билік кезеңі экономикалық тұрақтылықпен айрықшаланғаны белгілі.

Дәл осы кезеңде Елцин Шешенстанға әскер кіргізді. Ол соғыс барысындағы жеңіліс пен Шешенстандағы партизандық соғыстар Ресейдің әлем алдында беделін түсіріп, елді қаржылық қиындыққа әкеліп соқтырғаны белгілі. Ал, 1998-ші жылы Ресейде экономикалық дағарлыс орнады. Халық наразылығы күшейе түсті. 1999-шы жылдың 31-ші желтоқсанында, Жаңа жылдық құттықтауы кезінде Борис Николаевич өзінің қызметтен кеткенін жариялап, жіберген қателіктері үшін халықтан кешірім сұрады. Билікті Владимир Путиннің қолына тапсырып кетті.
XS
SM
MD
LG