Accessibility links

Қазақстанда наурыздың 30-ынан бері із-түссіз жоғалып кеткен «Закон и правосудие» газетінің тілшісі Оралғайша Омаршанованың телефонын полицияның өзі рұқсатсыз тыңдаған. Бұл туралы Астанада сәуірдің 24-күні тілші материалдарының кейіпкері болған Бақытгүл Шақпұтова баспасөз мәжілісінде хабарлады. Оның айтуынша, жоғалған журналист «Қазақмыс» компаниясындағы былықтар жайлы көп материал жинап үлгірген. Ал, бұл компания қызметкерінің туысы полицияда істеген дейді ол. Полиция өкілдері болса бұл ақпаратты теріске шығарып отыр.

Жоғалып кеткен «Закон и правосудие» газетінің тілшісі сыбайлас жемқорлық тақырыбын зерттеуші Оралғайша Омаршанованың туған бауыры Жанат Омаршанов Алматыда полиция тарапынан тиісті көмектің болмағандығына қынжылыс білдірген. Ал Астанада ол, керісінше, полиция жұмысына ризашылық білдірді:

- Алматы қаласында Ішкі істер бөлімшелерінің бәрі науқанды жұмыс істеп жатыр.

Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция бастығының орынбасары Мұрат Шамғұнов журналистің жоғалу себептері бірнешеу дейді. Бірақ, оның жоғалуы кәсіби қызметімен байланысты екендігі әзірге белгісіз деп отыр полиция өкілі:

- Версиялар өте көп. Қазір соның бәрін қарап жұмыс жасалып жатыр. Ал қандай жұмыспен - бұрыңғы жұмыспен байланысты ма, жоқ па, оны мен қазір айта алмаймын.

Журналист Омаршанованың жазған мақалаларының кейіпкері болған Бақытгүл Шақпұтованың айтуынша, Оралғайша Омаршанова жоғалып кетпестен бұрын, құқық органдары оның жеке басына қауіп төніп тұрғандығынан хабардар болған:

- 16 наурызда Оралғайша менімен бірге барған. Ол өзінің визиткасын қалдырып кетті. Сосын хатшыға ма, көмекшіге ме, айттып кеттік: «Қазақмыс» корпорациясы туралы материалдар бар екенін. Бірақ, ешкім ешқандай шара қолданбады, телефон шалмады.

«Закон и правосудие» газетінің тілшісі Оралғайша Омаршанованың жанында болған әріптесі Мұхит Ысқақовтың айтуынша, полиция жазылған өтініштерге қарамастан, журналисті қорқытып телефон соққан адамдарды іздестіріп жатқан жоқ:

- Көп арыз жазылған, Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілген. Біз Оралғайша екеуміз Жезқазған, Қарағанды қаласында, Алматы облысының Маловодное, Казатком ауылдарында жұмыс істедік. Сол Қарағанды кезінде жолда көп болды қорқытулар. Кавказдық акцентпен звондады. «Қызың өсіп келе жатыр, журналистік зерттеуді қой» деп қорқытты. Ол нөмір бар бізде, оны ешкім сұрап жатқан жоқ.

Ал, Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция бастығының орынбасары Мұрат Шамғұнов әлгіндей телефонды тексеру үшін көптеген рұқстаттар керек екенін алға тартты:

- Телефон, бәрі тексеріліп жатыр ғой. Бірақ, телефонды тексеру үшін прокурордың рұқсаты керек. Ішкі істер министрлігі мына, ана телефонды тексереміз деп өзіміз тексермейміз ғой. Оған қаулы шығару керек. Қаулыға прокурор рұқсат беру керек.

Алайда, тілші материалдарының кейіпкері болған Бақытгүл Шақпұтова болса полиция өкілінің бұл пікірі шындыққа жанаспайды деп санайды. Тіпті, полицияның өзі тілшінің телефондарын тыңдаған деген мәлімет бар, дейді Бақытгүл Шақпұтова:

- Оралғайша бірнеше рет Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдарымен кездесті. Олар оған айтты: сенің телефоныңды Ішкі істер министрлігі тыңдап, сені аңдып жүр, сен байқа деп.

Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция бастығының орынбасары Мұрат Шамгұнов жедел-іздестіру жөніндегі заң барын алға тартады. «Бірақ, мен бұл туралы айта алмаймын. Алайда, бұл істердің бәрі Ұлттық қауіпсіздік комитетінсіз өтпейді», дейді Мұрат Шамгұнов.

«Закон и правосудие» газетінің тілшісі Оралғайша Омаршанованың жанында болған әріптесі Мұхит Ысқақов болса тілшінің жоғалуы тапсырыспен жасалған деп топшылайды:

- Біздің өзіміздің ойлаған ойымыз. Газетке шыққан көп мақалалар. Ол жақта миллион емес, миллиардтаған ақша желініп жатыр. Тапсырыс па деп ойлаймын өзім.

Жоғалып кеткен тілші материалдарының кейіпкері болған Бақыткүл Шақпұтованың айтуынша, «Қазақмыс» компаниясы туралы мақала жазбақшы болған журналист осы компания туралы көп материал жинап үлгеріпті. Бүгін Оралғайшаның жоғалғанына 23 күн толды. Ал, полицияның мәліметінше, Қазақстанда журналистер көп жоғалмайды. Бұл осымен екінші рет. Бұған дейін 2005 жылы оппозициялық «Жұма-таймс» тілшісі Шымкентке жоғалып кетіп, қайтадан табылған болатын дейді полиция өкілдері.
XS
SM
MD
LG