Accessibility links

Халықаралық ұйымдар Қазақстанды босқындар туралы заң қабылдауға шақырады


БҰҰ-ның босқындар мәселесі жөніндегі жоғарғы комиссариаты басқармасының Қазақстандағы өкілдігі мен Қазақстанның ішкі істер министрлігінің бірлесіп Алматыда «Босқындардың халықаралық құқығы және оның Қазақстан Республикасында орындалуы» тақырыбына арнайы жиын ұйымдастырып отыр. Сәуірдің 26-күні басталған семинар жұмысына БҰҰ-ның босқындар мәселесі жөніндегі жоғарғы комиссариаты басқармасының Қазақстандағы өкілдігінің қызметкерлері, Қазақстанның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінң көші-қон комитеті мен Қазақстанның ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясының қызметкерлері қатысты.

Қазақстан Босқындар мәртебесі жөніндегі 1951-ші жылы қабылданған халықаралық келісім-шартқа 1998-шы жылы қосылған ел. Сол жылы Қазақстан «Халықтың көші-қоны туралы» заңды қабылдап, осы заңда көрсетілген «босқын» атауын 1951-ші жылғы халықаралық конвенцияға сәйкес айқындады.

БҰҰ-ның босқындар мәселесі жөніндегі жоғарғы комиссариатының мәліметіне қарағанда, бүгінгі күні Қазақстанда шамасы 15 мыңдай босқын бар. Олардың басым көбі соғыс болып жатқан Ауғанстаннан келген босқындар, Қытайдағы саяси жағдайға байланысты осы елден кетуге мәжбүр болған ұйғырлар және Өзбекстандағы Әндіжан оқиғасынан кейін осы елден бас сауғалап кетуге мәжбүр болғандар, сондай-ақ Ресейдегі Шешенстан елін тастап көшкен шешен босқындары екен. Алайда, ресми Қазақстан үкіметі Қазақстандағы босқындар санын бір мыңнан астам адам ғана деп көрсетеді.

БҰҰ-ның босындар мәселесі жөніндегі жоғарғы комиссариаты басқармасының Қазақстандағы өкілдігінің кеңесшісі Нарасимха Рао мырза, Қазақстанда босқындар жөнінде арнайы заңның жоқ екендігіне қарамастан Қазақстандағы босқындар жағдайына жақсы деп баға беруге болады дейді.

«Қазақстан үкіметі БҰҰ-ның босқындар мәселесі жөніндегі жоғары комиссариаты басқармасы мен босқындар жағдайына назар аударып, олардың талап-тілектері мен өтініштеріне құлақ асып құрметпен қарайды. Алайда, Қазақстан жағы босқындар туралы жеке заң дайындап қабылдаса бұл Қазақстан үшін де, босқындар үшін де өте қажет заң болмақ», - дейді ол.

Алматы қалалық көші-қон департаментінің бастығы Төлеген Керімқұловтың айтуынша, Қазақстанда босқын мәртебесін алған бір мыңдай адамның басым көбі, яғни 90 проценттейі Алматы қаласында тұрады екен.

«Олардың көбі Ауғанстандағы соғыс жағдайынан өз елінен кетуге мәжбүр болған 512 адам, ауған босқындары» - дейді ол.

Оның айтуынша, 1998 жылдан бері 1500 шетелдік азамат босқын мәртебесін алу үшін осы көші-қон департаментіне өтініш түсіріпті. Олардың арасында Ауғанстан, Грузия, Румыния, Алжир, Ирақ, Үндістан, Судан, Сиерра-Леоне, Эфиопия, Палестина және Пәкістан елдерінің азаматтары бар.

Қазақстанның ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы басқармасының бастығы Серік Сайновтың айтуынша, Қазақстанда шетелдік азаматтарға босқын мәртебесін беруді ішкі істер министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік комитетінің және көші-қон комитетінің өкілдері қатысқан арнайы комиссия шешеді. Ал көші-қон полициясы болса босқындарды тіркеуден өткізіп, олардың Қазақстан заңдарын бұзбауын қадағалайды.
XS
SM
MD
LG