Accessibility links

«Қарағанды-Нан» корпорациясының өкілдері ішкі істер министрі кәсіпорынға қарсы жасалып жатқан рейдерлік әрекетке дем беріп отыр деп мәлімдеді


Сәрсенбі күні Алматыда «Қарағанды-Нан» корпорациясының өкілдері мен «Трансперенси Қазақстан» атты жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық бірлестік өкілдері Қазақстан Ішкі істер министрлігін «Қарағанды-Нан» корпорациясын рейдерлік әдіспен тартып алмақшы болып отыр деп кінәлады. Олар Қазақстан Ішкі істер министрлігі тек қана прокуратура мен соттың құзырына жататын міндетті өзіне алмақшы деп мәлімдеді. Олардың мұндай мәлімдеме жасауына бұған дейін елдің ішкі істер министрі Бауыржан Мұхмеджановтың парламент сенатында «Қарағанды-Нан» кәсіпорынын басқа біреуге емес, мемлекет меншігіне қайтару керек» деген сөзі түрткі болды. Сын айтушылар министрдің ол пікірін «Қарағандыда орын алып отырған заңсыздықтарға саяси сипат беруге тырысу» деп бағалайды. Ал Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл мәлімдемелерге қарсы әзірге ешқандай түсініктеме бермеді.

«Қарағанды-Нан» корпорациясының инвестициялар мен даму бөлімінің директоры Александр Перегрин о баста осы кәсіпорынды меншік иесінен тартып алуды мәскеулік бір кәсіпкер бастаған болатын дейді.

- Бұқаралық ақпарат құралдарында «Усатов ісі» деп атап кеткен «Қарағанды-Нан» төңірегіндегі істе түрткі болған мәскеулік кәсіпкер Шафрайдың өзі, ол қазір Ресейлік «Центробанктың» төраға орынбасары Козловтың өліміне қатысы бар деген күдікпен қамауға алынып, оған қарсы іс қозғалып жатыр. Ал сол Шафрай 2005 жылы акционерлердің Мәскеудегі төрт сағаттық жиналысында «Қарағанды-Нан» кәсіпорнын қалай тартып алу керектігі туралы көп сөз айта келіп: «Усатовқа Қазақстанда тығылатын жер қалмайтындай етеміз» деп мәлімдеген еді. Ол жиналыстың бейнетаспасы біздің қолымызда бар. Шын мәнінде оны «Қарағанды-Нан» бизнесінің «Европласт» зауытына қатысты шамалы бөлігі ғана қызықтырады, ал қалған бөлігінде Қазақстанның мүддесі бар. Сондықтан біз осы дау-дамайға тапсырыс беруші сол Шафрай дейміз де, ал орындаушылар - Қазақстан жағы деп отырмыз, - дейді «Қарағанды-Нан» корпорациясының инвестициялар мен даму бөлімінің директоры Александр Перегрин.

Ал осы корпорацияның заңгері Давид Махатадзе:

- Қазақстанның Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов мырзаның сөзінен біз бұл нағыз рейдерлік деген қортынды жасаймыз. Біз Ішкі істер министрлігінде жеке меншікке кетіп қалған мүліктерді мемлекетке қайтару құқығы жоқ екенін атап айтқымыз келеді. Ондай шешімді тек прокуратура ғана қабылдай алады, ал прокуратура бізге қатысты ешқандай ондай талап-іс қозғамаған. Сондықтан прокуратура және сот шешімінсіз жеке меншікке кетіп қалған мүлікті қайтадан мемлекетке кері қайтару мүмкін емес, - дейді.

«Трансперенси Қазақстан» атты жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық бірлестіктің тең төрағаларының бірі заңгер Виталий Воронов «Қазақстанда рейдерлік деген ұғым заңда жоқ, сондықтан оларға қарсы сот та жоқ деген бекер» дейді.

- Біздің жағдайда рейдерлік деп отырғанымыз - нағыз құйтырқы тәсілдермен бопсалау. Ал бопсалаумен заң шеңберінде күресуге әбден болады, себебі ол қылмыс билікті асыра пайдалану, құжаттарды қолдан жасау, парақорлық, т.б. қылмыстармен қатар жүреді, - дейді В.Воронов.

Өз мәлімдемелерін қортындылаған «Қарағанды-Нан» корпорациясының өкілдері орын алып отырған оқиғаға өздерінің екі түрлі көзқарас тұрғысынан келіп отырғанын айтады.

- Біріншіден, не министрдің өзі тікелей осы меншікті алып қоюға мүдделі, олай деуімізге негіз жоқ емес. Екіншіден, министр «Усатов ісі» туралы мүлдем бейхабар да, оған ақпаратты көмекшілері бұрмалап жеткізеді. Ондай жағдайда министр өз көмекшілеріне шара қолдануы керек, - дейді «Қарағанды-Нан» корпорациясының инвестициялар мен даму бөлімінің директоры Александр Перегрин.

Биылғы жылы Қазақстан ішкі істер министрлігі «Қарағанды-Нан» корпорациясының басшылары - әкелі-балалы Усатовтарды «адам өліміне қатысы бар, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан, экономикалық қылмыстар жасаған» деген айыптармен қамауға алып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын. Ал «Қарағанды-Нан» корпорациясының өкілдері болса «бұл әрекеттер корпорацияны рейдерлік әдіспен тартып алу тәсілдерінің кезекті бір тізбегі» деп отыр.

Осы мәселелерге байланысты түсініктеме беруді сұраған «Азаттық» тілшісіне Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен әзірге жауап болмады. Әйткенмен алдағы уақытта осы мәселеге байланысты министрлік өз пікір-көзқарасын білдірер деп үміттенеміз.
XS
SM
MD
LG