Accessibility links

Қызылордада жаппай уланған балалардың саны 185-ге жетті

  • Досан БАЙМОЛДА

Жұма күнгі жағдаймен Қызылорда қаласындағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы және «Денсаулық» атты аурухана мен облыстық туберкулез санаторийінде жаппай улану белгісімен жатқызылған балалар саны 185-ге жеткен. Бұл жөнінде сәуірдің 27-күні «Азаттық» радиосына сұхбат берген Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің төрағасы Мархамбет Жайымбетов хабарлады.

Мархамбет Жайымбетовтың айтуынша, сүт тағамдарын ішкеннен уланған болуы мүмкін деп алдын ала болжам жасалып отырған балалардың 139-ы Қызылорда қалалық №8 мектеп-интернат оқушылары болса, тағы 24-і қалалық №1 мектеп-интернат шәкірттері екен. Жас шамасы 3-тен 14 жас аралығындағы бұл балалардың алды сәуірдің 25-нен бастап ауыра бастапты.

- Қазір ауруханаға түскен осы балалардың барлығы емделіп жатыр, ал жансақтау, яғни реанимация бөлімінде жатқан 4 бала бүгін емделу бөлімшесіне ауыстырылды олардың жағдайларын орташа деуге болады, - деді ол.

Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшсының айтуынша, жаппай уланған балалар Қызылорда қаласында сүт өнімдерін өндіретін «Ақнұр» атты кәсіпорынның шығарған айранды ішкен соң өздерін жайсыз сезіне бастаған.

- Қазір санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандары аталмыш кәсіпорынның сүт өнімдеріне бактериологиялық сараптамалық зерттеу-тексеру жүргізіп жатыр, алдағы бірнеше күнде оның қортындысы анық болады, - деді М.Жайымбетов.

Ал «Ақнұр» сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорынның директоры Нартай Абдуллаева кәсіпорынның 1999-шы жылдан бері қала тұрғындарына сүт, айран, қатық, қаймақ, ірімшік секілді сүт өнімдерімен даяшылық жасап келе жатқанын, содан бері осы кәсіпорынның өнім сапасына ешкім де наразы болмағанын айтады. Сондай-ақ ол осы жолы балалардың жаппай улануына өзі басқаратын кәсіпорын шығаратын сүт өнімдері себеп болды дегенге онша сенбей отырғандығын айтты.

- Қалай болғанда, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандарының зерттеу нәтижесін күтуге тура келеді, болған жағдайға байланысты республикалық орталықтан да тәжірибелі мамандар келіпті, олар кеше біздің кәсіпорында болып, сүт өнімдері өндірілетін технологиямен және өнімнің сақталатын жағдайымен танысты, - деді ол.

Қызылордада балалардың жаппай улану оқиғасына байланысты Қызылорда облысының прокуратурасы қылмыстық іс қозғайтындығын мәлім етті.
XS
SM
MD
LG