Accessibility links

Алматы қаласы әкімшілігінің алдында бір топ азамат пикет ұйымдастырды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Сәуірдің 30-күні бір топ азамат Алматы қаласының әкімі атына наразылық петициясын тапсырды. Қала әкімі әлеуметтік жағдайды ушықтырып, құқығымызды бұзып отыр деген тұрғындар қала әкімшілігінен бейбіт жиын өткізуге мұрсат беруін сұрап отыр. Өз талап-тілектері орындалмайтын болса олар әкім Иманғали Тасмағанбетовтің орнынан кетуін талап етеміз дейді.

Әкімшілік алдына жиналғандар негізінен үйлері құлатуға жатқызылып, жер телімдері мемлекет қажетіне алынған тұрғындар екен. Олардың пикет ұйымдастыруларына қаладағы баспана мен жерге қатысты әлеуметтік жағдайдың ушығуы, архитектуралық ескерткіштерді қиратып, құрылыс нысандарын жүргізшілер тарыпынан тұрғындар құқығының бұзылуы, сондай-ақ бұған дейін тұрғындардың жоғарыда аталған жағдайларға қарсы наразылық білдіру үшін бейбіт түрде көшеге шығуларына әкімнің рұқсат бермей қойғандығы себеп болыпты.

«Өз қаламызды қорғайық» бейбіт жиынын ұйымдастыру комитетінің төрайымы, «Бірлік» қоғамдық ұйымының жетекшісі Дәметкен Әленова:

- Жалпы әкімшілік өте көп заң бұзушылықтарға жол беріп отыр. Бұл қатардағы азаматтардың қауіпсіздігіне қатер. Бұған жол беруге болмайды. Сол себепті әкімге петиция тапсыруға келіп тұрмыз. Азаматтық қоғам құрдық, өйткені адамдар бүгінгі таңда не болып жатқанын өздері білуі тиіс деп санаймыз, - дейді.

Алматы қаласы әкімшілігінің алдына тұрғындар жиналған соң көп ұзамай сол жерге полицейлер келіп жетті. Бостандық ауданының прокуроры Байшолақов жиналғандарға «іс әрекеттерің заңға қайшы, заңсыз пикет, митингі ұйымдастыру заң шеңберінде жауапқа тартылады» деген ескерту айтып, жиналған жұрттың тарауын талап етті.

Алайда әкімшілік алдындағы халық прокурордың бұл сөзіне құлақ аса қойған жоқ. Жиналғандар қолдарына түрлі мазмұнды плакаттар ұстап тұрды. Солардың бірі - Алматы қаласының Түркісіб ауданына қарасты Қарасу елдімекенінің тұрғыны Бидайбек Жолымбетов.

- Осыдан 10 жыл бұрын әкімшіліктің шешімімен алыған жерімді бүгінгі күні әкімшілік «Абажур» атты жеке фирмаға сатып жіберді. Осы 2005 жылы сайлау боларда Зайцев деген келіп, бәрі заңдастырылады деп уәде берген болатын. Ал енді келіп біздің үйіміз тұрған жерді сыртымыздан сатып жіберді, - деді Бидайбек.

«Алматының көркеюіне, әдемі билік үйлердің салынғанына біз қарсы емеспіз. Бірақ адамдарға қиянат жасамасыншы. Осы үйлердің құлатылуынан қаншама бақытсыз оқиғалар болып жатыр» дейді Медеу ауданының тұрғыны Нина Соколова .

Жиналғандар өз талап-тілектерін айту үшін әкімшілік ішіне кіруге әрекеттенгенімен оларға полиция жол бермеді. Ал осы пикетті ұйымдастырушы, «Бірлік» қоғамдық ұйымының жетекшісі Дәметкен Әленова:

- Қала әкімшілігінің бүгінгі жер, баспана мәселесіндегі саясатына наразылық білдіреміз. Егер әкімшілік біздің талап-тілегімізге құлақ аспайтын болса президенттің атына қала әкімі Иманғали Тасмағанбетовті қызметінен кетіру үшін жаппай қала тұрғындарынан қол жинап жолдаймыз. Бейбіт жиын өткізуге мүмкіндік беруін сұраймыз, - деген талап айтты.

Наразы топ арада біраз уақыт өткенде петицияларын әкімшілікке тапсырды. Олардың талабына жауап қашан болады деген сауалға Алматы қалалық ішкі саясат департаментінің әкімшілік-құқықтық бөлімінің бастығы Серікбек Байбаешов: «Азаматтардың талап-тілегін тиісті органдар алдағы 15 пен 30 күн ішінде қарайтын болады. Нәтижесін сіздер осы мерзім біткенде әкімшілікке келіп біле аласыздар», - деді.

Ал жиналған азаматтар болса алдан күтер үміттерінің аз екендігін айтады.
XS
SM
MD
LG