Accessibility links

Түйеқұсты Жетісуға жерсіндірген фермер оның етінің емдік қасиеті барын айтады

  • Нәйла СҰЛТАН

Кейінгі жылдары Қазақстанның үлкен қалаларындағы сауда орындарында түйеқұс еті сатылып келе жатыр. Қазақстандықтар үшін таңсық бұл тағам түрін қазірде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Владимир Чайковский есімді фермердің шаруашылығы өндіріп отыр. Қазақстанда тұңғыш рет түйеқұс шаруашылығын ұйымдастырып, бес жылдан астам уақыт бойы осы құсты жерсіндіріп, бағып-қағып отырған фермердің ауылына жақында «Азаттық» тілшісі барып қайтқан еді.

Алматыдан 50 шақырымдай жердегі Әймен ауылына бара қалған адам осындағы «Фауна» атты фермалық шаруашылықта бойы 3 метрге жуық түйеқұстарды кезіктіреді. Тарихи түп-төркіні Африка құрылығынан өрбитін бұл құсты шаруашылық мақсатында осыдан 5 жыл бұрын Қазақстанға алып келген кәсіпкер Владимир Чайковский оларды Жетісу төрінде жерсіндірудің оңайға түспегендігін айтады.

- 2001 жылы Бельгия, Голландия елдерінен Қазақстанға алғаш рет 440 түйеқұсты алып келдік. Біразы шығынға ұшырап, одан қалғаны сатылып, таратылғаннан кейінгі қазірде қолда бары – 80-дей түйеқұсты бағып отырмыз. Әрине, бастапқы кездері қиналдық. Түйеқұс 5 жылда бір рет балапан басып шығарады. Биыл 200-дей балапан шығады деп үміттеніп отырмыз, - дейді Владимир Чайковский.

Кәсіпкердің айтуынша, фермадағы түйеқұстарға негізінен шөп, жүгері, бидай және соя ұны қоспаларынан тұратын көже беріледі екен. Ол көжеге бор мен кальций қосылады. Бір түйеқұс күніне 10 литрге тақау су ішетін көрінеді.

- Біз түйеқұстарға керекті азықты осында өзіміз дайындаймыз. Жалпы жер көлемі 120 гектар фермада 12 адам жұмыс істейді. Науқан кезінде қосымша адамдарды жалдаймыз. Сонымен қатар фермаға сенбі, жексенбі күндері 400-ден 600-ге дейін адамдар түйеқұстарды қызықтауға келеді. Бұл да бір табыс көзі. Құстарды көруге келген ересек адамдарға 150 теңгеден, жастарға 50 теңгеге билет сатылады. Ал, 7 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге кіру бағасы тегін. Біз түйеқұс өнімін дәріптеп, оны халық арасында насихаттау мақсатында фирмалық тағам ретінде, келген адамдарға түйеқұс етінен жасалған бәлішті тегін таратамыз, - дейді кәсіпкер.

Фермадағы ересек түйеқұстардың салмағы 160 килограммға дейін жетеді екен. Біз көрген балапан деп саналатын түйеқұстардың өздері осы мөлшерге жетеқабыл. Балапандар тәулігіне 500 грамнан салмақ қоса отырып, он айлығында 100 килограмға жетеді екен. Екі жасқа толғанда толыққанды түйеқұс саналып, жұмыртқалай бастайды.

Түйеқұс 70 жыл өмір сүріп, соның 30-40 жылында өнім береді дейді фермер Владимир Чайковский. Тірі салмағының 60 проценті еттен тұратын түйеқұс батыс елдерінің мейрамханаларында диеталық тағам ретінде сұранысқа ие. Ал, оның терісінің беріктігі піл мен қолтырауынның терілеріне пара-пар келеді. Оны аяқкиімдерді қаптауға, басқа да сәндік бұйымдарды жасауға пайдаланады. Сондай-ақ, сағатына 60-70 шақырымды жүгіріп өтетін түйеқұс құс атаулының ішіндегі ең жылдамы.

Владимир Чайковский түйеқұсты Қазақстанға жерсіндіру тәжірибесіне сүйеніп, олардың аяздан гөрі, желден қорғау қажеттігін байқағанын айтады. Оны ұстаудың бабын таба білген адамға түйеқұсты қолға ұстап, өсіруге болады деп сеніммен айтады кәсіпкер. Оның иелігіндегі «Фауна» фермасынан өрбіген түйеқұстарды бүгінде Қазақстанның бірқатар аймақтарынан кезіктіруге болады. В.Чайковский оларға өз кеңесін беріп, тәжірибесімен де бөлісіп отырады екен.

- Қазір бізден кеткен түйеқұстар Қарағанды, Жезқазған, Өскемен қалаларында өсіріліп жатыр. Астанадағы «Эверест» қонақ үйіне 20, Шымкент қаласындағы бір кәсіпкерге 19 түйеқұс апарып бердік. Түйеқұстың еті ем ретінде пайдалы, әсіресе, қан қысымы және қант диабетімен ауыратындар үшін мың да бір ем. Қазақстанда түйеқұс өсіруді кеңейтіп, оны дамытуға үлкен мүмкіндік бар, - дейді Владимир Чайковский.

Қазіргі таңда «Фауна» шаруашылығындағы түйеқұс етіне сұраныс жоғары дейді фермер. Құс етінің 1 килограммының бағасы 14 доллар, таза еті - 20 доллар, майы 7 доллар тұрады. Ал салмағы бір жарым келінің о жақ, бұ жағындағы бір жұмыртқаны 12-14 адамға қуырып беруге болады екен. Сондай-ақ, мұнда қызықтауға келген жұрт түйеқұс қауырсынының бір талын 300-500 теңге, яғни 2;5-4 доллар аралығында сатып алады.

Фермадағы түйеқұстар жыл бойы емес, негізінен сәуір айы мен қазан айында жұмыртқалайды екен. Ол кезде бір түйеқұс аптасына екі жұмыртқа береді дейді фермер. Жұмыртқаның әр данасы, үлкендігіне қарай, 600 теңгеден 3 мың теңгеге (5-25 доллар) дейінгі бағамен сатылады.
XS
SM
MD
LG