Accessibility links

Кеңес дәуірінде еңбекшілердің ынтымақтастығы күні ретінде мерекеленетін бұл мейрам бүгінде атауын өзгерткенімен, кейбір ұрандар сақталған. Ал кейбір саясаткерлер бұрынғы мейрамның саяси мазмұны да Қазақстан үшін әлі өміршең дейді.

Астанада мамырдың 1 күні Қазақстан халқының бірлігі мерекесін атап жүргендер арасында «Азаттық» тілшісіне пікір білдірген Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы Қазақстанда еңбекшілердің таптық күресіне негіз көп деген ойын айтты. Кеңес одағы құлағаннан бері капиталистерге қарсы бірлікті көрсететін мерекенің мәні өзгергенімен, еңбеккерлерді қанау әлі де бар, дейді ол.

Жалпы, Қазақстанда ресми түрде танылған 8 мереке бар. Ал, жұртшылық арасында ресми мерекелердің мазмұн-сипатына, басқа да қыр-сырларына байланысты әрқилы көзқарастар қалыптасқан. Мысалы, мамырдың 1-күнгі мейрам «Қазақстан халқының бірлігі мерекесі» деп атауы өзгергенімен, ұрандары өзгермеген, дейді бақылаушылар:

- Бейбітшілік, бірлік, Қазақстан!

Кеңес одағы кезінде мұндай мерекелер барысында еңбек ұжымдары арасында жарыстар ұйымдастырылатын. Егер Кеңес одағы кезінде жарыста ұтып шыққан ұжым мүшелеріне құрмет қағаздары берілсе, қазір бағалы сыйлықтар берілетін болды, дейді мереке күні жұмыс істеп жүрген телеоператор Төретай Аманбаев. Дегенмен, әттеген-айлар жоқ емес дейді ол:

- Еңбеккерлердің жағдайы Қазақстанда әртүрлі. Ақшасы көп қала орталықтарында басқаша да, ауылдарда ол тіпті бөлек.

Қазақстанның кейбір мемлекеттік мерекелері Кеңес одағы кезінен қалған. «Соңғы кезде жаңа мерекелерге бұрынғы 1 мамыр мерекесінің өзгертілген түрі - Қазақстан халқының бірлігі күнін жатқызып жүр. Енді, оның саяси реңі азайып, көктем мерекесіне айналған», дейді парламент мүшесі Амангелді Айталы:

- Бұл енді таптық мағынадағы мереке болды, шын мәнісіндегі капиталистерге қарсы еңбекші таптың күшін көрсететін. Бүгінде мәні өзгерді. Егер енді еңбекшілердің таптық күреске, езгіге, қанауға қарсы шығуға негіз бар ма десек, негіз көп. Бірақ, оны бұрынғыдай революция емес, заңдар арқылы, кәсіподақпен жұмысберушілердің арасындағы келіссөздер арқылы шешудің жолын іздестіріп жатырмыз.

Еңбеккерлер арасында басқа елден келген мамандардың еңбекақысы жергілікті жұмысшылардан әлдеқайда артық деген пікір қалыптасты, дейді бақылаушылар. Бірақ, бұл жағдай реттелген, дейді Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Жұматай Әлиев:

- Бізге енді шетелдік инвесторлар келіп жатыр. Олар өздерінің жұмысшыларын әкеліп, кейбіреуіне көп төлеген. Уақытында наразылық білдірді. Сондықтан қазір бірдей төленеді. Мәселе оның маман ретіндегі кәсіптілігінде. Сондықтан біз жастарды маман ретінде қалыптастырып, кәсіби техникумдар ашып, деңгейін көтере беруіміз керек.

Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы болса жағдайды реттемесе іс насырға шабуы мүмкін деп ескертеді:

- Ол шешілмесе, халық арасында толқу болуы мүмкін. Елде жағдай ауыр. Кәсіподақтар бұрыңғыдан да әлсіз болып кетті. Әр кәсіподақтың көсемі өзінің қара басын ойлап кетті. Халықтың жағдайын ойлайтын кәсіподақ жоқ. Коммунистік заманда қалыптасқан кәсіподақ және оның көсемдері кетіп, оның орнына жаңа ұрпақ келіп, жаңа мәселе қоймай, бүгінгі кәсіподақтар елдің мүддесін қорғауға дайын емес.

Астананың кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев кәсіподақтар әлсіздігін мойындап отыр:

- Бұрын «Май, труд, мир!» дейтінбіз, еңбек, бірлік, ынтымақ мерекесі болған. Қазірде ол бұрынғы маңызын жоймаған сияқты. Нарықтық экономикаға кіргелі қоғамдық ұйымдардың, соның ішінде кәсіподақтың өз ролін төмендетіп алғаны - шындық. Бірақ, соңғы кезде заңдар қабылданып жатыр. Біздің көңіл аударып отырғанымыз - Еңбек кодексі. Осылар арқылы халықты қорғасақ дейміз. Бірақ, көшеге шығып, басқа да үлкен акция ұйымдастыру міндет емес.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қазіргі таңда еңбеккердің жағдайы төккен теріне байланысты деп санайды:

- Кәсіподақтар да жұмыс істеп жатыр. Халықтың көңіл күйі жақсы. Бұрынғыдай емес, жылдан жылға табыстары да, әлеуметтік басқа да жағдайлары түзеліп келе жатыр. Сондықтан, қалай еңбек етсе, солай тойлайды.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан күнтізбесінде 8 мереке жазылған. Оның сыртында, көптеген кәсіпорындарда 40 кәсіби мереке аталады.
XS
SM
MD
LG