Accessibility links

"Фридом Хауз" ұйымы Қазақстанда сөз бостандығы кеміді дейді


Қазақстанда сөз бостандығы кеми түсті деген пікірді тағы бір халықаралық ұйымның зерттеуі дәйектеді. Бұл – Америка Құрама Штаттарында орналасқан "Фридом Хауз" ұйымының жаңа баяндамасы. "Баспасөз бостандығы-2007" деген баяндамада Қазақстан, Ресей және Әзірбайжанда экономика біршама жақсарып жатқанымен, сөз бостандығы барған сайын нашарлап жатыр деп көрсетеді. "Фридом Хауз" ұйымының өкілі Кристофер Уолкер бұл жайында радиомызға сұхбат берді.

"Фридом Хауз" ұйымының зерттеуі баспасөз бостандығының жағдайы былтыр бұрынғы Совет Одағының кейбір республикасында, Азияда және Латын Америкасында аса қатты нашарлап кетті дейді. Ұйым 12 бұрынғы совет еліндегі жағдайды зерттеді, бұл жерде Балтық жағалауындағы үш ел – Эстония, Латвия және Литва қаралмай отыр, олар Еуропа Одағына қосылған, демократияны қайта орнатқан. Ал енді 12 бұрынғы совет елінің тоғызында баспасөз бостандығы нашарлай түсті, бұл - соңғы жылдарда қасаң жолмен кеткен құбылыс.

"Фридом Хауз" ұйымының өкілі Кристофер Уолкер Қазақстан, Ресей және Әзірбайжанда баспасөз бостандығы экономиканың өсіп жатқанындай болмай тұр, табиғи қор аса бай болғандықтан еркін баспасөздің қоғамға қажет болатын себебі де мол дейді. Бұл жердегі маңызды жайттың бірі – еркін баспасөз энергия көздері байлықтарын басқарып жатқан үкіметтердің қимылын мұқият бақылай алады, табиғи байлықтар қоғам мұқтаждығына ақылмен жұмсалып жатыр ма, жоқ па деген мәселені назарында ұстап отырады, Қазақстан, Ресей және Әзірбайжанда еркін баспасөздің бір қызметі осы болар еді, дейді "Фридом Хауз" ұйымының өкілі.

Бірақ Қазақстан, Ресей және Әзірбайжанда олай болмай тұр. Коррупция деңгейі аса үлкен, коррупцияны ауыздықтауға мүмкіншілігі бар еркін баспасөздің өзі тұсалып қалды. Бұл елдердің үкіметтері баспасөз бостандығын шектеу мақсатында жан-жақты ойластырылған, қатаң әрекет жасап келеді, дейді "Фридом Хауз" ұйымының өкілі.

Қазақстанда баспасөз бостандығын шектеу құбылысы Орталық Азияның басқа елдеріндегі саясатқа пара-пар. Үкімет негізінен телевизия саласы мен газет саласын, осы екі негізгі бұқаралық ақпарат құралдарын тырп еткізбей отыр. Мемлекет телевизиясына қатаң бақылау қойылған, медиа-холдингтер құрылған, олардың басына президенттер жанұяларының мүшелері не болмаса олардың жақын адамдары қойылған, дейді "Фридом Хауз" ұйымының өкілі. Ең қарапайым өлшемді алғанда, саяси өзгеріс туғызу мүмкіншілігі бар ақпарат бұл елдердің қалың бұқарасына жетпей қалады деген сөз, дейді "Фридом Хауз" ұйымының өкілі.

Бұған мысал ретінде Қазақстан президентінің қызы Дариға Назарбаева мен күйеу баласы Рахат Әлиев құрған "Хабар" телекомпаниясының холдингісін келтіруге болады. Назарбаевтың отбасындағы өзара ауыс-түйістердің есебінен "Хабар" телекомпаниясы Дариға мен Рахаттың қолынан шығарылды делінеді. Бірақ, Рахат Әлиев "Караван" газеті, КТК телекомпаниясы сияқты құралдарды біріктіріп отырған басқа бір холдингке басшылық жасаймын деп ашықтан-ашық өзі мәлімдеді.

Қазақстан сияқты бұрынғы совет елдерінде баспасөз бостандығының нашарлап жатқанының тағы бір көрінісі – телевизияға қарағанда аудиториялары әлдеқайда тар газеттерге де қысым жасалып жатыр. Қазақстанда тәуелсіз бағытта жұмыс істейтін телекомпания жоқтың қасы, сондықтан тәуелсіз газеттер шынайы ақпарат бере алатын санаулы бұлақтың бірі боп табылады. Сондықтан да тәуелсіз газеттер қысым астынан шыға алмай жатыр. Мұның бір себебі – газеттер қазіргі заманда баспахана мүмкіншілігімен шектелмейді, газеттер өз ақпаратын интернетке шығара алады, қазіргі заманда газеттер интернет арқылы әлдеқайда көп оқырман тауып жатыр, дейді "Фридом Хауз" ұйымының өкілі.
XS
SM
MD
LG