Accessibility links

АҚШ президенті Дж.Буш осы жылы Ирақтағы әскерді алып кету талабын алға тартып отырған заң жобасына вето хұқын пайдаланды. Ирақ пен Ауғанстандағы соғыс қимылдарына 100 миллиард доллар бөлуді қарастыратын заң жобасына вето салу арқылы президент Буш оппозициялық демократтардың АҚШ-ың Ирақтағы саясатын өзгерту туралы ұсыныстарын қабыл алмайтындығын көрсетті.

Конгрестегі республикандықтардың төртеуі ғана қолдау танытқан бұл заңға сәйкес Ирақтағы АҚШ жасақтарын шығару ең ерте дегенде 1 шілдеден басталып, қазан айының басынан кеш қалмауы тиіс болатын. Алайда Буштың бұл заң жобасына өзінің ветосын қоюы оны мүлде жойды десе болады, өйткені Конгрестегі демократтар сан жағынан президенттің заң жобасын кері қағуына ықпал ете алатындай басымдық жағдайында емес. Енді екі партияның да өкілдері бұл мәселедегі талқылауларды бүгін Буштың қатысуымен қайта бастап, ортақ бір мәмлеге келу жолдарын қарастыратын болады.

Мамырдың 1-і күні теледидар арқылы берілген Ұлттық жолдауында президент Буш бұл заңға вето қою себебін өзінің президенттік мерзімінде вето құқын екінші рет қана пайдаланып отырғанымен түсіндірді.

- Әскерді қашан алып кетуді жоспарлап отырғаныңды жауға айтудың мағынасы жоқ. Барлық терроршылар өз күштерін жинап, Ирақ үкіметін құлатып, бақылауды өз қолдарына алуды жоспарлай бастар еді. Мен әскерді Ирақтан алып кетудің нақты күнін белгілеу ирақ халқын шарасыздыққа душар етеді деп білемін және Таяу шығыста өлім көбейеді, сөйтіп АҚШ өзінің алған міндеттемелерін орындамады деген ой туады, - деп атап көрсетті ол.

Жүргізілген зерттеулерге қарағанда американдықтардың басым көпшілігі АҚШ жасақтарының Ирақтан қайтқанын қалайды. Міне осындай пікір-көзқарастарды негізге ала отырып, Конрестегі өкілдер палатасының демократ спикері Нэнси Пелоси өз партиясының Буштың қимыл-әрекеттерімен келіспейтіндігін білдірген болатын.

- Американдықтар қолдау көрсеткен және қос партияның өкілдері қабылдаған бұл заңға президент құрметпен қарайды ғой деп үміттеніп едім, оның орнына президент заңға вето қойып, оның мәнін жоққа шығарды.

Президент Буш сөз болып отырған заңға вето қолын теңізші болған ұлы Ирақта қаза тапқан әкенің берген қаламсабымен қойыпты.

- Конгрестегі демократиялық жетекшілер заң жобасын президентке ұсыну рәсімін Буштың 2003 жылы Ирақтағы басты соғыс қимылдары аяқталды деп жариялаған сәтінің кезекті жылдығымен сәйкестендірмекші болған еді.

"Өзгерістер үшін бірлесу" деп аталатын топтың коммерциялық теледидар арқылы берілген хабарында, алдымен Буштың 2003 жылы Ирақтағы соғыс операциялары аяқталды деп айтқан даусы беріледі. Әрі қарай жүргізуші:

- Содан бері төрт жыл өтті, бірақ аяқталған нәрсе байқалмайды. Дж.Буш шындыққа тура қарай алмай отыр. Конгресс әскерлерді Ирақтан алып кетуге дауыс берді. Алайда президент ол заңға вето құқын пайдаланды. Бір ұлтқа бір адамның бірбеткейлігі қарсы боп тұр. Президент мырза, сіз заңға вето қою аласыз, бірақ шындыққа вето қоя алмайсыз, - деп айтты.

Енді заң шығарушылар осы бір үлкен даулы мәселеге байланысты алдағы күндер мен апталарда бір ымыраға, ортақ мәмлеге келетін шығармыз деген ойда. Өйткені, Конгрестің қос палатасы да демократтардың бақылауында. Сондықтан да олар Буштың заңға қол қоюының барлық жолдарын қарастыратын болады, олай болмаған жағдайда соғыстағы әскерлерді қаржыландыру тоқтауы да ықтимал.
XS
SM
MD
LG