Accessibility links

Иранда сыни пікірлерге қарамастан киімге қатысты шектеу шарасы одан әрі жалғасады


Иран билік орындарының айтуынша, “жарамсыз” киімге қатысты жүргізіліп отырған жаңа қатаң саясат уақытша шара емес. Алдағы аптадан бастап полиция қызметкерлері бұл шараны іске асыруға кіріседі, дейді Иран билігі. Осыған дейін киімге қатысты ережелерге орай 10 мыңнан аса қыз-келіншекке ескертулер жасалды.

Иран Ислам Республикасында бұл шара әдеттегі нәрсеге айналған. Әр жылы жаз мезгілі басталардың алдында билік орындары түрлі-түсті шарф тағып, денеге жабысып тұратын сыртқы киім киетін және шашын көрсетіп, боянып жүретін келіншектерге қарсы арнайы шара жүргізуді бастайды.

Кейде полиция қызметкерлері үлкен алаңдарда немесе сауда орталықтарында олардың айтуынша “жаман киім” киген қыз-келіншектерді ұстап, оларға ескерту жасайды, немесе айыппұл төлетеді.

Бақылаушылар Иранда осы жылы енгізілген шаралар бұрынғыларға қарағанда өте қатаң дейді. Мысалы, ирандық веб-сайтта полиция қызметкерлерінің машинасына күштеп кіргізілуіне қарсылық білдіріп, бақырып-айқайлап жатқан бір әйел көрсетілген. Бұл әйел полицияға “Мені жіберіңіздер! Барғым келмейді! Мені қайда алып бара жатырсыз? Мен барғым келмейді” деген.

Иранда 1979-шы жылғы төңкерістен кейін әйелдер оранатын “хижаб” пен Исламдық киім ережелері міндетті деп есептеледі. Содан бері билік орындары әртүрлі әдістерді қолданып, киімге қатысты заңдарды енгізіп келеді.

Бірақ бұл шараларға әсіресе жастар қарсылық білдіруде. Иран мемлекетінің - Ислам республикасына айналғанына шамамен 25 жыл өтсе де, билік орындары әліге дейін азаматтарды киімге қатысты ережелерді құрметтеуге мәжбүрлейді.

Парижде тұратын Иран бойынша сарапшы-социолог Саид Пайвандидің айтуынша, бұл саяси және діни мемлекет билігі жастарды ресмилер тарапынан қолдауға ие болған Ислам мәдениетіне тарта алмаған. Нәтижесінде ресми мемлекеттік мәдениет пен жастар арасында дамыған мәдениет ортасындағы теке-тірес одан әрі жалғасуда, дейді Пайванди.

“Иранда өскен жасы 35-тен төмен болған барлық жастар Иранның білім жүйесінде оқыған. Ал бұл жүйе Ислам мәдениеттері мен құндылықтарын қысым арқылы үйретеді. Барлық үгіт-насихат құралдары үкімет қолында”, - дейді Пайванди.

Соңғы жылдары киімге қатысты қатаң ережелер жеңілдетіліп, кей қыз-келіншектер сәл шаштарын көрсетіп, қысқарақ көйлек кие бастаған тұғын. Ал жігіттер болса батыс үлгісіндегі киім киіп, шаштарын басқаша қидыратын.

Иран билігі жаңа науқан қоғамның адамгершілік мінез-құлқы мен қауіпсіздікті күшейтеді, Иран халқының көбі оны қолдап отыр дейді. Жалпы елдегі консервативті тұлғалар жаңа науқанды қоштап, жарамсыз киім киінетіндермен күресу керек дейді. Ал Ирандағы ең үлкен реформашыл студент тобы - жаңа шаралардың теріс салдары болады деп ескертуде. Кей заңшығарушылар да бұл науқанды сынап, мәдени шараларды іске асыруға шақырды.

Бақылаушылардың кейбірі Иран үкіметі халықтың назарын бұдан да маңыздырақ проблемалардан бұру үшін осы жаңа науқанды іске асырып отыр дегенді айтады. Социолог Пайвандидің пікірінше, Иран үкіметінің киімге қатысты жаңа шарасы сәтсіз болады. Дегенмен Иран билігі бұл ескертулерге құлақ аспай отыр.
XS
SM
MD
LG