Accessibility links

3-мамыр – халықаралық баспасөз бостандығы күні


Осы атаулы күнге орай Қазақстандағы сөз бостандығыны қорғайтын «Әділ сөз» ұйымы 2007 жылдың өткен 4 айына жүргізген зерттеулерінің қортындысын жариялады. Атылмыш ұйымның дерегі бойынша, биылғы жылы Қазақстанда 1 журналист жоғалып, 6 журналист қылмыстық қудалау көрген екен.

Сөз бостандығының жай-күйіне зерттеу жасап отырған «Әділ сөз» ұйымының өкілдері Қазақстандағы сөз еркіндігінде өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеушілік байқалмайды, есесіне қорқыту-үркіту, неше түрлі келеңсіз жағдайларға бару жылдан-жылға артып келе жатыр дейді. Аталмыш ұйымның президенті Тамара Калеева:

«Биылғы жылдың 4 айында өткен жылға қарағанда қылмыстық жауапкершілікке тарту оқиғасы көбейді. Біздің жеткен жетістігіміз бен артып отырған үмітіміз - ол жаңадан дайындалған БАҚ туралы заңмен байланысты. Біздің армандағанымыздай аталмыш заң парламентке жолданған қалпында қабылданатын болса, онда журналисті қылмыстық жауапкершілікке тарту жайлы бап алынып тасталмақ. Егшер жүзеге асатын болса бұл үлкен жетістік болар еді», - дейді.

«Әділ сөз» ұйымының деректеріне жүгінсек, биылғы жыл басынан бергі өткен 4 ай ішінде Қазақстанда 1 журналист жоғалып, 3 журналист қорқыту-үркітуге тап болған. 4 рет редакцияға шабуыл жасалса, журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасаудың 8 оқиғасы тіркелген. Ал 6 журналист қылмыстық қудалау көрген, БАҚ пен журналистке қойылатын азаматтық-құқықтық талаптардың саны 40-қа жеткен, оның 37-сі – «ар-намысты қорғау» жөніндегі талап. Ар-намыс пен іскерлік беделге келген шығынның сомасы 37 млн. 150 мың теңгені құраған.

Қазақстандағы сөз бостандығының жай-күйі алаңдарлық жағдайда екендігі Баспасөз бостандығы күні қарсаңында жарияланған халықаралық «Фридом Хауз» ұйымының биылғы жылғы баяндамасында да айтылды. Аталмыш ұйымның "Баспасөз бостандығы-2007" деген баяндамасында Қазақстан, Ресей және Әзірбайжанда экономика біршама жақсарып жатқанымен, сөз бостандығы барған сайын нашарлап жатыр деп көрсетіледі.

Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев Қазақстанда белгілі бір деңгейде сөз бостандығы бар деп есептейді. Алайда, қысым көретін телеарналар мен басылымдар да бар екенін, сөз еркіндігі шектелетінін де айтады

«Әр журналистің іштей өз цензурасы бар, ол көзге көрінбейді. Себебі, кейбір журналистер батыл тақырыптарға бармайды, оны көтермейді», - дейді Сейітқазы Матаев.

«Сentral Asia Monitor» басылымының суретшісі Еркін Нұразхан сөз бостандығы деген ұғымды әркім өзінің жеке мүддесіне пайдаланбау керек деген пікірде.

- Мен мынау үкіметтік газет-журналдарды, өздерін тәуелсіз санайтын басылымдарды үнемі қарап отырамын. Олардың кез-келгенінде шын, әділ сөздер айтылып жатады. Кейде елдегі ресми басылым саналатын «Егемен Қазақстанның» өзінде де ашынған, шындықты айтқан материалдар шығып жатады. Сөз еркіндігі дегенде, менің ойымша, әркім өзінің жеке мүддесін, бас пайдасын ойлап біреуді қорлап, ар-ұятына тимеу керек. Ортақ істі айту керек, - дейді Еркін Нұразхан.

Ал қатардағы азаматтар сөз бостандығын жай күйіне қандай баға береді? Осы сауалды Алматы тұрғындарына да қойған едік.

«Журналистерді төртінші билік болу керек дейді ғой. Міне, сол дәрежесіне жетпей тұр. Журналистердің жазғанына орай, шара қолданып, нәтиже шығарудың орнына оны қайта басып тастайды. Қанша жамандасақ та Кеңес үкіметі кезінде бастық пен шыбынды газетпен өлтіруге болатын еді», - дейді Сәулебек есімді зейнеткер.

«Қазақстандағы сөз еркіндігі даму үстінде. Менің пікірімше, сөз бостандығы деген ақпаратты кім қалай жеткізеді деген мәселе. Кез-келген үкіметтік және оппозициялық басылымдар нені қаласа соны жазады. Бұл енді сөз еркіндігі емей немене?», - дейді Сержан Молдасанұлы есімді азамат.

Дүниежүзілік Баспасөз бостандығы күні ЮНЕСКО бастамасымен 1991 жылдың мамыр айының 3-і күні қабылданған Виндхук декларациясына арналып белгіленді. Аталмыш декларация дүние жүзіндегі тәуелсіз баспасөздің маңызды рөлін баяндау үшін жазылды. Ол құжатта барлық елдердің үкіметтерін өз елдерінде баспасөз бостандығын кепілді түрде қамтамсыз етуге шақырған.
XS
SM
MD
LG