Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.03.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдар Қазақстан Парламентінің Эстониядағы жағдайға қатысты Үндеу қабылдағандығына тоқталып өтіпті. Сонымен қатар, газеттер мамырдың 3-і – Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні екендігіне де ерекше мән беріп отыр.

Қазақстан Парламенті Эстония Үкіметінің іс-әрекетіне қарсы Үндеу қабылдағандығы туралы мақала «Айқын» газетінде жарық көріпті. «Бірақ депутаттар бұл істе бірауызды бола алмай, екіге жарылды» делінген мақалада. Бірқатар депутаттар азат етуші жауынгерге қойылған ескерткішті бауырластар зиратымен бірге Таллинн орталығынан шығарып тастауымен отаршыл саясатқа деген көзқарасын білдірген эстондықтарға жұдырық түюді жөнсіз санап, Үндеуге қосылудан бірден бас тартты. Алайда, Эстонияның қазіргі әрекетін «вандализм» деп атауды ұсынғандар да болды. Дауыс беру нәтижесінде Үндеуге ашық қарсы шыққан төртеу мен оған өз қолдарын қоюдан бас тартқан алтаудың қарсылықтарын еңсерген 52 депутат Үндеуді қабылдап жіберді» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Осы тақырып төңірегінде «Известия: Казахстан» газеті былай деп жазыпты: «Қабылданған Үндеу Эстониядағы жағдайды түбірімен өзгертіп жібермес, бірақ өз көзқарасын білдіру - депутаттардың парызы». Сонымен қатар, аталған басылым осындай мазмұндағы үндеуге депутат Серік Әбдірахманов бастамашы болғандығын атап көрсетіп отыр. «Құжатта мәжіліс депутаттары Қола солдат ескерткішінің бұзылуына өкініш білдірген. Сондай-ақ, осындай жағдайдың Жеңіс күні қарсаңында жасалып отырғаны Қазақстандағы соғыс ардагерлерінің көңіліне тигендігі айтылған» деп жазды «Известия: Казахстан» газеті.

Осы мәселеге қатысты соғыс ардагерлерінің пікірін «Комсомольская правда: Казахстан» газеті келтіріпті. «Олар алапат соғыста қан төккен жауынгерлердің зираттары Днепр және Волга, Дунай және Висла, Рейн және Одер өзендері жағалауларында көп екендігін еске алып отыр» делінген мақалада. «Жеңіс күні қарсаңында сұрапыл соғыста өмірін қиған азаматтарды бүкіл ел болып еске аламыз. Соған байланысты біз депутаттардың алаңдаушылық танытқандығын қолдаймыз» депті бірқатар соғыс ардагерлері «Комсомольская правда: Казахстан» газетінің тілшілеріне.

Сонымен қатар, бірқатар басылымдар мамырдың 3-і – Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні екендігіне де мән беріп өтіпті. Бұл күнді әлем жұртшылығы осымен 14 мәрте атап өткендігіне «Литер» газеті тоқталған. «1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бұл күнді осылай атаған болатын» делінген мақалада. «Сөз бостандығы дегенді қалай түсінуге болады? Бұл сұраққа қазіргі күннің өзінде нақты жауап жоқ. Қазақстан журналистері одағының президенті Сейітқазы Матайдың пікірінше, сөз бостандығынсыз демократияға жол жоқ. Бұл - қазақ журналистикасының дамуына үлес қосқан азаматтарды еске алып, сөз еркіндігі үшін қолына қалам ұстаған жас буынға сәттілік тілейтін күн» деп түйіндейді «Литер» газеті.

Сөз бостандығына қатысты рейтингте Қазақстан 166-орында екендігі «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде айтылады. «Бұл Freedom House үкіметтік емес ұйымының мәліметі» делінген мақалада. «Атаулы күн қарсаңында суретші-карикатурашылардың байқауы ұйымдастырылды. Оған 63 туынды қатысыпты. Ал байқаудың жеңімпазы ретінде Нұразхан Ибрагимов танылған. Екінші орынды Мұрат Ділманов және Игорь Кийко бөлісті» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Ал «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты атаулы күн қарсаңында БАҚ туралы заңның журналистер қауымдастығы дайындаған жобасы Мәжіліс қарауына түскендігін ерекше атап көрсеткен. «Жоба авторлары құжаттың барынша либералдық нұсқасын ұсынып отыр. Осы заң үшін күрестің де аяғына дейін жүргізілетіндігі анық. Үкіметтік емес ұйым өкілдері сөз болып отырған заңды депутаттар жазғы демалысқа дейін қабылдайтындығына сенім білдіріп отыр» делінген «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтының мақаласында.

«Айқын» басылымы болса із-түссіз жоғалған журналист Оралғайша Омаршанованы құқық қызметкерлері таба алмай жатқандығына назар аударыпты. «Закон и правосудие» газетінің тілшісін іздестіру жұмыстары шаралары одан әрі жүргізілуде. Оралғайшаның әріптестері мен туыстары бұл оқиғаның орын алуына оның «кәсіби қызметі себеп болды» деп есептейді. Журналист осы жылғы наурыздың 30-күні жоғалып кеткен» деп жазды «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG