Accessibility links

Мүліктерді заңдастыру акциясынан түскен пайдалар өсіп келеді

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

2007-ші жылдың 3-ші мамырындағы есеп бойынша республика бойынша заңдастырылған мүліктердің жалпы құны – 2,735 миллиард долларды, ал заңдастырылған ақшалардың жалпы сомасы – 1, 096 миллиард долларды құрады. Бұл жайында 7 мамыр күні Үкіметтегі селекторлық кеңесте мәлімдеген ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Нұрлан Рахметов республикалық бюджетке мүлікті заңдастырудан 15,3 миллиард теңге алым түскенін айтты. Алайда мамандардың айтуынша, Қазақстанда кәсіпкерлер үшін көлеңкелі экономикада жұмыс істеудің маңыздылығы әлі де төмендемей отырғандықтан, қазақстандықтарға тиесілі барлық мүліктер мен ақшаларды заңдастыруды аяғына дейін жеткізу мүмкін емес.

7 мамыр күні үкіметте өткен селекторлар кеңесінде ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Нұрлан Рахметов 2007-ші жылдың 3-ші мамырындағы есеп бойынша республика бойынша заңдастырылған мүліктердің жалпы құны - 328, 1 миллиард теңгені немесе 2,735 миллиард долларды, ал заңдастырылған ақшалардың жалпы сомасы 131,6 миллиард теңгені немесе 1, 096 миллиард долларды құрағанын айтты. Өңірлер бөлінісінде заңдастырылған ақшаның негізгі бөлігі Алматы қаласының еншісінде екенін жеткізген Н. Рахметов: «Алматы қаласы бойынша - 106,8 миллиард теңге, Астана қаласы бойынша - 9,9 миллиард теңге, Алматы облысы бойынша 3,7 миллиард теңге ақша заңдастырылды. 6,3 миллиард теңге шетелден келді» деді. Оның айтуынша, республикалық бюджетке мүлікті заңдастырудан 15,3 миллиард теңге алым түскен. Көрсетілген мерзімде салық органдары арқылы 406 мыңнан астам өтініш бойынша сомасы 36,2 миллиард теңгенің мүліктері заңдастырылған. Ал Әділет министрі Зағипа Балиеваның айтуынша, осы аралықта министрлікке 1 миллион 200 мыңнан асатын қозғалмайтын мүлікті заңдастыруға 1 миллион 350 мың өтініш келіп түскен. Оның мәлімдеуінше, осы күнге дейінгі заңдастырылған қозғалмайтын мүліктердің жалпы құны 163 миллиард 170 миллион теңгені құраған.

Десе де, қозғалмайтын мүліктерді заңдастыруға байланысты мәселелер кейбір аймақтарда әлі шешімін таппай жатыр. Мысалы, Алматы қаласы «Шаңырақ» ықшамауданының тұрғыны Бибатима Шайхина өздері тұратын үйді заңдастыру мәселесінде әкімшілік кедергілердің бар екендігін жасырмайды.

- Рақымшылық заңы бойынша комиссиялар құрылды ғой аудан әкімшіліктерінде. Сол комиссияларға өткен құжаттар ұзақ уақыт ұсталынып немесе себепсізден-себепсіз қайтарылып жатыр. Алайда, ереже бойынша олар мүліктің заңдастырылуға жататын-жатпайтынын 15 күннің ішінде айтуы керек. Әзірше, «Шаңырақ» ықшамауданы тұрғындары ішінен комиссия қолынан заңдастыру жөнінде құжат алдым дегендерді көргенім жоқ, - дейді Бибатима Шайхина.

Оның пікірінше, мүлікті заңдастыру заңында қарама-қайшылықтар бар. Ол «мысалы, бұрын, менің үйіме қирату жайында сот үкімі шыққандықтан, енді үйімді мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссия арқылы емес, тек сот арқылы ғана заңдастыра аламын» деді. Ал сол Әуезов ауданы бойынша Қозғалмайтын мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссияның төрағасы Жасұлан Естенов тек үйге құжаты жоқ адамдардың үйлері ғана заңдастырылмай жатыр дей келіп, заңдастырудың мынадай талаптары бар екендігін айтты.

- Үйлерді заңдастыруға 2006 жылдың 5 шілдесіне дейін салынған үйлер ғана жатады. Екіншіден, үй салуға жарамсыз жерлерге салынған үйлер де заңдастыруға жатпайды. Үйлер осындай талаптарға жауап беруі керек, - дейді Жасұлан Естенов.

Ал экономист-ғалым Рахман Алшановтың пікірінше, мүлікті заңдастырудан қазына күннен-күнге өсе түскенімен, қазақстандықтарға тиесі мүліктер мен ақшаны толық заңдастыру мүмкін емес.

- 15 жылдың ішінде Қазақстанда көлеңкелі экономика күшейді десек болады. Кейбір салаларда оның айналымы миллиардтарға жетті. Сондықтан ол жақтағы ақшалар оңай заңдастырыла қояды дегенге сену қиын. Дегенмен бұл процесс жалғаса беруі керек. Көлеңкелі экономика барлық елдерде де бар, - дейді Рахман Алшанов.

Қоғамдық мәселелерді сараптау орталығы директорының орынбасары Қанат Берентаев бұл жайында мынадай пікір айтады.

- Меніңше, осыдан кейін мүлікті заңдастырудан түсетін ақша азаяды. Себебі көбісі акцияны пайдаланып, мүліктері мен ақшаларын заңдастырып алды. Ал ЖШС сияқты жалған, пайда табу үшін құрылған ұйымдардың ақшаларының заңдастырылмауы «Ақшаны заңсыз жымқыру жөніндегі заң» мен «Жемқорлық жөніндегі заңға» байланысты болып отыр. Егер бұрын ақшаны заңсыз жымқырғандар ақшаларын заңдастырамын десе, олар аталған екі заң бойынша жемқор атанып, қылмыстық іске тартылмақ. Сондықтан осыдан қорыққандар, мүлікті заңдастыру акциясына әдейі араласпай отыр, - дейді Қанат Берентаев.

Мүлікті заңдастыру жөніндегі заң 2006 жылдың 5 шілдесі күні қабылданып, бұл акция кейіннен 2007 жылдың 1 тамызына дейін созылған болатын.
XS
SM
MD
LG