Accessibility links

Аджип компаниясы қазақстандық жұмысшыларға берген бұрынғы уәделерін орындамақ

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Жақын уақытта Атырау облысында жұмыс істейтін шетелдік Теңізшевройл, Аджип компанияларындағы қазақстандық жұмысшылардың еңбекақысы көтерілмекші. Бұл жайында 8 мамыр күні Атырау облысының әкімінің баспасөз хатшысы Дулат Тасымов «Азаттық» радиосы тілшісіне берген сұхбатында хабарлады. Оның айтуынша, облыс әкімі Бергей Рысқалиев бұл ақпаратты 7 мамыр күні өзінің облыста атқарылған шаралар туралы жасаған кезекті баяндамасында айтыпты.

8 мамыр күні Атырау облысының әкімінің баспасөз хатшысы Дулат Тасымов, «Азаттық» тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында, облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің осы аймақта жұмыс істеп жатқан Теңізшевройл, Аджип компаниялары басшыларының өз қарамағында жұмыс істейтін қазақстандық жұмысшыларға жалақыны өсіретіндігін жеткізгенін хабарлады.

- Теңізшевройл, Аджип сияқты компанияларда еңбекақыны өсіру туралы шешім қабылданды. Аджип компаниясының басшысы Гвиде Николеттидің уәдесі бойынша, Аджип компаниясы мен оның құрылымдық бөлімшелеріндегі жұмысшылардың жалақысы 26 мың теңгеге өсетін болады. Қазір осы қаржының әрбір жұмысшыға жеткізу схемасы құрастырылуда, - дейді Дулат Тасымов.

Бұл жаңалыққа қатысты Аджип компаниясындағылар әлі ешбір ақпарат таратқан жоқ. Алайда Atyraunews жаңалықтар агенттігінің сайтына сенсек, мұндай ақпараттың рас екендігін Аджип компаниясының аймақтық менеджері Лючано Васкес те айтқан екен. Осы сайтта Аджип компаниясының жалақыдан бөлек әрбір жұмысшыға өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап 156 мың теңгенің шамасында өтемақы төлейтіндігі де жазылған. Бейресми деректерге сүйенсек, жұмысшылардың жалақысы көтерілгеннен кейін, ең төменгі жалақының көлемі 50-55 мың теңгені құрамақ. Қазір онда 6 мыңнан 8 мыңға дейін қазақстандық жұмысшылар жұмыс істейтін көрінеді.

Қарабатандағы Аджип компаниясында жұмыс істейтін 200-дей қазақстандық жұмысшылар компания басшылығына осы жылдың 18-ші қантарында жалақыларын өсіру жайында талаптар қойып, жұмысқа шығудан бас тартқан болатын. Сол кезде олар Атырау қаласына барып, наразылық акциясын ұйымдастырмақшы болған еді. Алайда, жолда оларды әкімшілік өкілдері мен полиция қызметкерлері тоқтатып, оларды жұмысқа шығаруға көндірген болатын. Осы ереуілдің артынша Атырауда ұйымдастырылған брифингте Лючано Васкес журналистерге жұмысшылардың жалақыларын реттеу шараларын қолға алып жатқандығын мәлімдеген еді. Оған дейін компания басшылығы 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшыларға жалақыларын өсіретіндігін айтқанымен, ол уәделерін орындамай келген болатын.
XS
SM
MD
LG