Accessibility links

Тергеу абақтылары қай министрліктің қоластында болғаны дұрыс?


Астанада мамырдың 8 күні өткен үкімет отырысында Қазақстанның Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаметжанов еледгі тергеу абақтыларын Әділет министрлігінен қайтадан Ішкі істер министрлігіне беру керек деген ұсыныс жасады. Алайда, әділет министрі Зағипа Балиева бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы екендігін айтты.

Қазақстанда 2004 жылдан бастап Қылмыстық-атқару жүйесі заң бойынша Ішкі істер министрлігінен Әділет министрлігіне берілген болатын. Ал енді Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаметжанов оны халықаралық тәжірибені соқыр қайталау деп отыр.

- Реформалардың кесірінен азаматтық мекемеден тағы бір құқық сақтау органын жасадық. Мысалы, Ресейде Қылмыстық-атқару жүйесі Ішкі істер министрлігінде қалдырылған. Ең болмаса, тергеу абақтыларын Әділет министрлігінен алып, қайтадан Ішкі істер министрлігіне беру керек деп есептеймін, - деді министр Мұхаметжанов.

Министр осы орайда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтылары сол мекеменің өзінің қарамағында қалып қойғанына назар аударды. Ал Ішкі істер министрінің әлгі айтқан ұсынысына Бас прокурордың бірінші орынбасары Ілияс Бахтыбаев қолдау білдірді.

- Тергеу абақтысы әлі жаза өтеу органдарына жатпайды. Ол - тергеуге түскен азаматтарды ұстауға арналған мекеме. Сол себептен олардың сол тергеу органдарында болғаны да дұрыс деп есептейміз, - деді Бас прокуратура өкілі.

Әділет министрі Зағипа Балиева болса бұл айтқандарға қарсы өз уәжін келтірді. Оның айтуынша, Ішкі істер тергеушілерінің бұрынғы тәсілдері нашар болған. Егер де тергеу абақтылары қайтадан Ішкі істер министрлігіне берілсе, онда тергеушілер тарапынан абақтыға қамалғандарға қатысты қызметін асыра пайдалану орын алуы мүмкін дейді әділет министрі:

- Біздің тәртіп бойынша кешкі сағат 7-ден кейін тергеушілерге тергеу абақтысына кіруге мүмкіндік жоқ. Себебі, олар [қамауда отырғандар] тамақтанады, дем алады. Тергеушілер тек қана уақытымен келіп, қажетті құжаттарын толтырады. Ал, біз тергеу абақтыларында отырған адамдардың құқығын сақтауға тиістіміз.

Бас прокурордың бірінші орынбасары Ілияс Бахтыбаев Қылмыстық-атқару жүйесі Ішкі істер министрлігінен алынып, Әділет министрлігіне берілгелі саланы қаржыландыру жақсарғанын атап өтумен бірге ондағы кемшіліктерге де тоқталды.

- Халықаралық көзқарас өзгерді. Оң баға берген жағдайлар бар. Дегенмен де колониялар ескірген. Халықаралық стандарттарға сай келмейді. Оларды жаңарту керек. Не болмаса басқа түріне көшу керек жазаны өтеудің. Дамыған елдерде колония деген жоқ. Ол тек қана бізде - бұрынғы Кеңес одағынан қалған қалдық. 2002 жылдан бері қаржыландыру 3 еседен артты. Дегенмен жағдай жақсарды деп айта алмаймыз. Онда адамдарды азаптау фактілері бар, сотталғандарды ұрып-соғады. Осыдан келіп олар өздерінің қарындарын жарып, наразылықтарын білдіреді. Жуырда Қызылордадағы жалғыз колонияда 11 адам өздеріне жарақат салған. Бірақ, Әділет министрлігі бұл ақпаратты жасырып қалды, - деді прокурор.

Прокурордың бұл сөзіне Әділет министрлігіндегі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Қайрат Тастемір болса денеге жарақат салуды қылмыстық қоғам әдейі жасап отыр, ал азаптау, керісінше, кезінде бұрынғы тергеушілерде болған деген қарсы уәж айтты:

- Азаптау болмас үшін Ішкі істер министрлігінен бізге берілген кезінде. Қылмыстық атқару жүйесі басқа демократия жолында жүрген мемлекеттердің бәрінде Әділет министрлігінің қарауында, тергеу абақтылары да солай.

Тастемір тергеу абақтыларын Әділет министрлігінің қарамағына беру жөнінде Қазақстанға Жапония, Швеция, Польшадан келген сарапшылар бұл ТМД елдеріндегі жақсы өзгеріс деген пікір айтқанын алға тартты. Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Таспихов тергеу абақтыларын халықаралық тәжірибедегідей екі мекемеге де бермей оңаша қалдыру керек деп санайды:

- Тергеу абақтысы мен тергеу органы - Әділет министрлігінде ме, басқада ма - екеуі екі бөлек болуы керек. Себебі, әлі тергеу жүргізіліп жатыр. Оған [тергеудегі адамға] тергеушілердің қысым көрсетуі мүмкін, басқа да қоқан-лоқы жасалуы мүмкін, өзінің қарамағында болғандықтан.

Ресми мәлімет бойынша түрме тұрғындарының саны бойынша, Қазақстан әлемдегі тізімнің 35-інші орнында. Қазір Қазақстанда 77 түзеу колониясы және 18 түрме бар.
XS
SM
MD
LG