Accessibility links

Ресей ОБСЕ ұйымын неліктен сынайды?


Ресей президенті Владимир Путиннің ұсынысына жауап ретінде Орталық Еуропада зымырандық қорғаныс жүйесін орнату жөніндегі АҚШ жоспарын талқылауды бастауға Еуропадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымы келісті. Мұның өзі Ресей үшін дипломатиялық жеңіс болып тұр. Саяси-әскери мәселелерде ОБСЕ-нің рөлін көтеруді Ресей көптен бері көздеп келеді.

Федералдық Ассамблеяда, сәуірдің 26-сы күнгі халыққа арнауында, Ресей президенті Владимир Путин “Уашингтонның зымырандық-қорғаныс жүйесіне байланысты жоспары екі ел арасындағы байланыстар арнасынан да асып кетті. Сөйтіп ол Еуропаның барлық мемлекеттерін, оның ішінде НАТО-ға мүше емес елдер де бар, мазасыздандырып отыр”, деді. Бұл мәселе Еуропадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымында талқыланады, деген сенімін де ол айтып өткен болатын. Одан екі күн кейін ОБСЕ-нің кеңседегі төрағасы Мигель Ангел Моратинос аталған сауалды өз ұйымында қарауға келіскені жөнінде мәлімдеді. Сондай-ақ АҚШ жоспарының Қауіпсіздік бойынша әріптестік форумында талқыланатындығын айтты. Ол форум - ОБСЕ-нің негізгі шешім шығарушы бөлімі. Сондай-ақ мамыр айында Венада өтетін Жылдық қауіпсіздік шолу конференциясында да зымырандық қорғаныс жүйесіне байланысты АҚШ жоспарының талқыланатындығын айтты. Моратиностың бұл бастамасына Ресей де, АҚШ та үн қоса қоймаған еді.

Мюнхенде, ақпанның 10-ы күні болған конференцияда, Путин мырза ОБСЕ-ні бір ел немесе бірнеше елдер тобының басқа бір мемлекетке қарсы бағытталған сыртқы саясатындағы қызығушылықтарын жүргізетін нағыз құралға айналдыру әрекеті бар, деп айыптады. Бұл жерде Путин сынының көздегені аталған ұйым жанындағы Демократиялық ұйымдар мен Адам хұқықтары кеңсесі болатын. Ал, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұл ұйымды саясиланған, деп сынға алды.

Варшавада орналасқан аталған ұйым ОБСЕ аймағына енетін, бұрынғы Совет елдеріндегі көптеген парламенттік және президенттік сайлауларды, 1991-ші жылдан бері, демократиялық қалыптарға сай емес, деп сынап келеді.

Ал, 2004-ші жылдың шілдесіндегі ТМД саммитінде бұрынғы Советтік 8 мемлекет ОБСЕ-ні айыптаған хат жариялады. Ол хатта аталған ұйым өзі әрекет еткен елдердің ішкі істеріне араласады және өзінің іс-шаралары мен қызығушылықтарына күш салады, делінген.

ОБСЕ жанындағы Демократиялық ұйымдар мен Адам хұқықтары кеңсесінің жұмысын ОБСЕ-нің Тұрақты кеңесі бақылауында ұстауға қол жеткізуге Ресей ұмтылып келеді. Сонда оның шешімдеріне Ресей мен ТМД елдері вето қою хұқына ие болар еді. Ресейдің көптен бері екінші мақсаты - саяси-әскери және экономикалық-қоршаған орта сауалдары мәселесінде Еуропадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымының рөлін көтеру. Және ұйымды Батыс елдерінің артық қаржыландыруын қысқарту.

Құрама Штаттар болса ОБСЕ-нің адам хұқықтары бойынша қызметін шектеуге және ОБСЕ жанындағы Демократиялық ұйымдар мен Адам хұқықтары кеңсесінің жұмысын қысқартуға қарсы. Билл Клинтонның президенттігі кезінде, 2000-шы жылы жобасы жасалған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында ОБСЕ-ге Еуропадағы тұрақтылықты қамтамасыз ететін және НАТО стратегиясын толықтыратын ұйым ретінде баға берілген еді.

Ал, 2002-ші жылы президент Джордж Буш кезінде ол Ұлттық Қауіпсіздік стратегиясында ОБСЕ аталмаған да болатын. Тіпті ол стратегияда НАТО трансатлантикалық және тұтас Еуропадағы қауіпсіздіктің негізгі тірегі, деп бағаланып, ал Еуропа одағы болса Уашингтон үшін әлемдік ашық сауда саласындағы әріптесі ретінде сипатталған еді. Бұл стратегияның өткен жылғы нұсқасында Еуропадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымы пәрменді демократияны өрістетуде АҚШ-қа көмектесетін аймақтық ұйым ретінде атап өтілген.

Еуропадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымының Тұрақты кеңесінде сәуірдің 30-ы күні сөйлеген сөзінде Қазақстан Сыртқы істер министрі Марат Тәжин ОБСЕ жанындағы Демократиялық ұйымдар мен Адам хұқықтары кеңсесінің Қазақстандағы сот жүйесі және сайлау заңдарына реформа жасауға қосқан үлесін айтып өтті. ОБСЕ-ге төрағалық кезінде қауіпсіздік, экономикалық және қоршаған орта мәселелеріне Қазақстанның айрықша назар аударатындығын ол баса көрсетті.
XS
SM
MD
LG