Accessibility links

Ресей президенті Астанаға сапармен келмек


Мамырдың 10 күні Ресей президенті Владимир Путин Астанаға бір күндік ресми сапармен келіп, энергетика, оның ішінде мұнай-газ саласы, уран өңдеу және басқа да салаларды қамтитын бірқатар келісімдерге қол қойған соң, екі ел президенттері екі күндік реми сапармен Түркменстанға аттанбақ. Кейбір Қазақстандық сарапшылар үш жақты жоғарғы деңгейдегі кездесу нәтижесі аймақтағы газ консорциумының негізін салумен аяқталуы мүмкін деген болжам айтып отыр.

Қазақстандағы, Ресей елшілігінің баспасөз хатшысы Андрей Дмитриевичтің айтуынша, Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға ресми сапары негізінен энергетика саласын қамтымақ.

«Біріншіден, екі ел арасындағы көмірсутек, электроэнергия, т.б. энергия тасымалдау жолдарының қуатын арттыру мәселесі талқыланбақ. Одан басқа, екі ел арасында уран өңдеудің халықаралық орталығын құру туралы мемлекетаралық келісімге және басқа бірқатар құжаттарға қол қойылады деп күтілуде», - дейді Ресей елшілігінің баспасөз хатшысы.

Ол құжаттар құрамында, әдеттегідей Қазақстанда орналасқан әскери полигондардың, Байқоңыр ғарыш айлағының да мәселелері болмақ дейді сарапшылар. Сондай-ақ, сарапшылар Ресейдің МАГАТЕ бақылауындағы уранды байыту халықаралық орталығын құру туралы ұсынысы, ядролық қаруды одан ары таратпау туралы халықаралық талапқа сай болғандықтан халықаралық қауымдастық алдындағы ұтымды қадам, әрі аймақтағы Иран мен Солтүстік Кореяның атом қаруын иемденуге деген талпынысына қарсы қадам ретінде бағаланады деп күтілуде дейді. Міне осы Иркутск облысындағы, бір кездері «жабық режимдегі», Ангарск электролиздік химиялық комбинат негізінде ашылған халықаралық орталыққа бірінші шетелдік мемлекет болып Қазақстан жіберіліп отыр.

Ресей президентінің бұл сапарының геоэкономикалық және геосаяси астары өте басым дейді Қазақстандық сарапшы, стратегиялық зерттеулер орталығының директор орынбасары Санат Көшкімбаев.

«Еуропа Ресейден Украйна арқылы алып отырған газдан біраз қиындыққа тап болғалы олар Ресейден тәуелсіз газ көздерін іздестіруде. Ол газды олар Ресейді айналып өтетін Транскаспий газ құбыры арқылы алмақ болып, тіпті оған қажет 5 миллиардтан астам доллар қаржыны бермек те болған. Бірақ Қазақстан Каспий мәртебесінің айқындалмағанын және теңіз экологиясын сылтауратып ол жобадан бас тартты. Бірақ, батыс Ресейді айналып өтетін газ құбыры жобасын іске асыруды әлі тоқтатқан жоқ. Сол жобалардың бірі Азербайжаннан Европаға тартылмақ Nabucco газ құбыры. Түркменстан президентінің 23 сәуірде Мәскеуге жасаған сапарынан бір күн бұрын, АҚШ-та жүрген Түркменстан сыртқы істер министірі Мередов өздерінің Әзербайжанға газ тасымалдауға қарсы еместігін мәлімдеген болатын. Түркменстанның газ тасымалдау жолдарын диверсификациялау оларға да тиімді болары сөзсіз. Сондықтан да олар барлық жақты тыңдап қана бірақ ешкімге ешқандай кепілдік бермей отыр. Ал Бердымұхамедов Мәскеу сапарында Каспийдің шығыс жағалауымен Қазақстан арқылы Ресейге тартылуы мүмкін жаңа газ құбырына оң қабақ танытқандай болды. Бірақ Ресей мен Түркменстан арасында газдың бағасына деген аздаған келіспеушілік бар. Міне осы сапарда Путин осы газға байланысты стратегиялық мәселені шешіп, батысқа ықпал етер газ тетігінң тізгінін өз қолында қалдырғысы келіп отыр», - дейді Санат Көшкімбаев.

Ал, «Орталық Азиядағы демократияны дамыту» қорының директоры Еркін Тұқымов Түркменстанды Ресей көндіргенге ұқсайды дейді.

«Қазір Түркменстан толығымен Мәскеуге бет бұрғанға ұқсайды. Оған себеп Ресей Түркменстаннан алатын газдың бағасын көтеруге уәде бермек. Оның үстіне, Түркменстан бұрынғы Одақтың мүшесі болғандықтан, ондағы техникалардың барлығы дерлік Ресейдің техникасы. Соларды жаңартуға уәде болса керек дегендей. Қазір Қазақстан да Ресейге сататын газының бағасын 1 миллион текше метр газ үшін 164 долларға көтермек. Ал Түркменстан 100 доллардан сатады. Ал Ресей ол газды Европаға 300 доллардан сатады. Міне осындай мәселелер бар. Десе де осы сапар барысында осы үш мемлекет аймақтық газ консорциумын құрудың негізін салады деп күтілуде», - дейді Тұқымов мырза.

Ал Қазақстан президентінің Түркменстанға Путинмен бірге баруында да осындай астар бар дейді сарапшы Әзімбай Ғали мырза.

«Бұрындары Түркменстан газын толығымен Ресей арқылы ғана сыртқа шығаратын. Ал бүгінгі таңда олар газының бір бөлігін Қазақстан арқылы Қытайға жыбермек. Қазақстан ол газбен өзінің оңтүстік аймақтарын да қамтамасыз етпек. Сондықтан бұл Қазақстан үшін де тиімді. Ал бір жағынан Қазақстан қазір Түркменстанға жақын қамқор ел ретінде көрініп жүр. Ал Ресей «тек қана басқа ешқайда сатпа, тек қана өзіме газды бер дегендей, тіпті ұзақ мерзімге үлкен көлемде» дегендей әңгіме айтып жүр. Яғни бұл Түркменстанға аса қолайсыз болатын. Десе де егер жаңа газ құбыры салынып онымен тасымалданатын газ бағасы басқа болса, ол да Түркменстан үшін тиімді болмақ», - дейді Ғали мырза.

Қазір Ресей Түркменстаннан жылына 50 миллиард текше метр газ тасылмалдайды. Бірақ бұл көрсеткіш 2028 жылдарға жылына 90 миллиард текше метрге жетеді деп күтілуде. Түркменстанның газды сыртқа тасымалдау жолы негізінен осы «Орталық Азия – Орталық» (ЦАЦ) газ құбырымен жүзеге асып отыр. Одан басқа Иран бағытында жылына 8 миллиард текше метр газ тасымалданатын құбыры ғана бар. «Келешекте Қазақстанның оңтүстігімен Қытайға газ тасымалданса, Түркменстанның Ресеймен газ құны үшін саудада айтарлықтай ықпалы болмақ» дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG