Accessibility links

Алматыда Жеңіс күні атап өтілді


9 мамыр күні мыңдаған алматылық совет-герман соғысындағы Жеңіс күнін атап өту үшін 28 панфиловшылар саябағына жиналды. Мұнда соғыс ардагерлерімен қатар Алматы қаласының әкімі, саяси партиялар, қоғамдық ұйым өкілдері, елшілік қызметкерлері келіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов бұл күннің қазақстандықтар үшін айрықша қуанышты күн екенін айтса, жиынға келгендердің кейбіреулері бұл күннің құрбандарды еске алатын қаралы күн екенін айтады.

Совет-герман соғысындағы Жеңістің 62 жылдығын атап өту үшін алматылықтардың басым бөлігі әдеттегідей 28 гвардейші-панфиловшылардың саябағына жиналып, алдымен Мәңгілік алауға гүл қою рәсіміне қатысты.

Бүгінде Алматыда осы соғысқа қатысқан 3628 бұрынғы жауынгер, 13 мыңнан астам тыл еңбеккері тұрады. Ал совет-герман соғысында ең жоғарғы награда – Совет Одағы батыры атағын иеленген бүгінде көзі тірі 10 қазақстандық бар болса, соның бірі алматылық, екі мәрте Совет Одағының батыры, әскери ұшқыш Талғат Бигелдинов бүгін бір ғана тілегім бар: ол -соғыс ешқашан болмасын дейді:

- Кім соғысқа қатысса, оның не екенін сол біледі. Ешқашан соғыс болмаса екен, елімде бейбітшілік пен бірлік, тыныштық болса екен деп тілеймін!

1945-ші жылы мамырдың 9-ы күні ұшқыш Талғат Бигелдинов пен Екі мәрте Даңқ орденінің игері, парашютист Құрмантай Бақбергенов үшін соғыс аяқталмаған болатын. Егер сол күні Талғат Бигелдинов жеңістің құрметіне Прага қаласының үстінен бейбіт түрде ұшып өтсе, Құрмантай Бақбергенов мамырдың 9-ында аяусыз, қанды соғысқа қатысқанын айтады:

- Мен үшін соғыс мамырдың 11-і күні аяқталды. Мамырдың 2-сінде Австрияға келіп, Берлинге жақын қалғанымызда: «Соғыс бітті!» - деді. Бірақ бізді машинаға салып алып, Чехославакия аумағына алып келді. Сонда орманға тығылған дивизиялар бізге берілмей, қырылып қалдық. Тек 11 мамырдан 12 мамырға қараған таңда олар бір шыбықтың басына ақ орамал байлап, 100-200-ден шыға бастады. Міне, сол күн менің есімнен ешқашан кетпейді!

Бір топ егде тартқан соғыс ардагерлері мен батырларының арасынан кеудесіне алтын жұлдыз таққан жас азаматты да көруге болады. Ауған соғысында Совет одағының батыры атағын алған қазақстандық Николай Креминиш қасында тұрған қарт жауынгерлермен ортақтастыратын нәрсе көп дейді:

- Бізді біріктіретін – соғыс шығар. Олар Ұлы Отан соғысын, біз ауған соғысын бастан өткердік. Көпшілік екі соғыстың арасын бөліп-жарғылары келеді. Бірақ барлығымыз бірдей отан алдындағы азаматтық парызымды орындадық. Сондықтан, бізді олармен жауынгерлік рух біріктереді. Оған қоса біз мектепте жүргенде жауынгерлік ерліктерін баяндаған әкелеріміз мен аталарымыз бізге әрдайым үлгі болатын, - дейді Совет Одағының батыры атағының иегері Николай Креминишин.

Егер біреулер совет-герман соғысынан батырлық пен жоғарғы патриотизмнің үлгісін іздесе, совет әскерилері мен неміс фашистерінің формаларын киген «Звезда» әскери-тарихи клубы үшін бұл соғыс олардың әуесқойлық іс-әрекеттерімен тікелей байланысты:

- Біз Ұлы отан соғысы кезіндегі Қызыл Армия мен Вермахттың формаларын қалпына келтірумен айналысамыз. Біздің жинаған мүліктеріміздің 90 пайызы сол уақыттың дүниелері. Мысалы, мына Ппш автоматы 1943-ші жылғы. Мен оны бір орта мектептегі бастапқы әскери дайындық пәні мұғалімінен сатып алдым. Ал анау - нағыз патефон! 30-шы жылдардың мүлігі. Біз келер ұрпаққа Совет әскері мен Вермахтың офицерлері, жауынгерлерінің қандай болғандарын көрсеткіміз келеді, - дейді Сергей есімді старшина.

Ал оларды тамашалап тұрған алматылықтардың кейбіреуі оларға ақы төлеп, фотосуреттерге түсіп жатты. Бұл уақытта саяжайдың ішіне тігелген палаталарда ардагерлер қарақұмық ботқасының дәмін татып жатса, дәл Мәңгілік алаудың маңы қызу би алаңына айналған. Бір топ әжелер мен балалар секіріп, қолдарын сермеп, орыс биін билеуде. Оларды қоршап тұрған қауым ән салып, қол шапалақтап тұрды:

Шын мәсінде мамырдың 9-ы тойлататын мейрам емес, фашизм мен большевизм тәрізді екі идеология құрбандарын еске түсертін қасіретті күн дейді философ Ғарифолла Есім:

- Сонда біз кімді жеңдік? Кімнен жеңілдік? Сол жеңген мемлекет қайда қазір?! Ал бұл күн - қаралы, ауыр күн, еске алу күні. Мысалы, менің әкем соғыстан жаралы болып келді. Әкемнің бір інісі мүгедек болып қайтты, екі інісі соғыста қалды. Соны мен қалай тойлай аламын?! Қай той? Не той?

Ал Алматы қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында мамырдың 9-ы - қазақстандықтар үшін өте қуанышты күн деп есептейді:

- Өйткені, Ұлы отан соғысындағы Ұлы жеңіс болмаса, бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміз, Қазақстанымыз болмас еді. Бұл жалпы мен үшін емес, қазір өмір сүріп жатқан ұрпақ үшін ең бақытты да, қуанышты күн деп есепетеймін!

1941-1945 жылдары болған совет-герман соғысына Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам аттанса, олардың 660 мыңы елге сол күйі оралған жоқ.
XS
SM
MD
LG