Accessibility links

Өзбекістанда кінәні күштеп мойындату үдерісі жалғасып отыр


Кінәні мойындау ең шынайы ақиқатты білдіре ме? Орта ғасырларда Батыста солай деп есептеліп келді. Кінәні күштеп мойындатудың да жөні бар деп есептеліп келді. Алайда, бүгінгі заманда бұған жол берілмейді. Алемнің көптеген елдерінде кінәні күштеп мойындатудың өзі әділетсіздіктің белгісі ретінде қаралады, репрессияшыл биліктің құйтырқы амалы деп есептеледі. Десе де, кей жерлерде кінәні күштеп мойындату әлі де бар. Соның ең соңғы мысалын осы аптада Өзбекістан көрсетті.

Тәуелсіз өзбек журналисті, әрі адам құқықтарын қорғаушы Үмидә Ниязова өзінің туған Өзбекістанында демократия мен адам құқықтары үшін күресіп келді. Алайда, сейсенбі күні Ташкенттегі сот залында тордың әр жағынан сөйлеген Ниязова өзін кінәлі деп мойындап, осыған дейін сеніп-күресіп келген принциптерінен бас тартқандай болды. Ол тіпті өзі аудармашы боп істеп келген адам құқықтарын қорғаушы халықаралық Human Rights Watch ұйымына қарсы сын да айтты.

Осының қарымтасы ретінде Өзбекістандағы аппеляциялық сот оған шығарылған жеті жыл абақты жазасын жеңілейтіп, оның орнына үш жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру үкімін шығарды.

Human Rights Watch ұйымының Орта Азия бойынша бағдарламасының директоры Холи Картнер-дың айтуынша, бұл саяси диссиденттерге жалған кінәні мойындатудың классикалық үлгісі болды.

"Жеті жыл абақты үкімі ол бұған дейін мойындамай келген айыптаулардың бәрін өз мойнына алғаннан кейін жеңілейтіліп, шартты жазаға ауыстырылды. Кінәні мойындау жазаны жеңілейтудің шарты ретінде қойылғаны анық", - дейді Human Rights Watch ұйымының өкілі.

Кінәны күштеп мойындату тарихта талай ғасырлар бойы орын алып келді. Әлемнің әр түпкіріндегі репрессияшыл билік тарихтың түрлі кезеңдерінде мұндай тәсілді өз билігін күшейтудің пропагандалық әдісі ретінде қолданғаны белгілі.

1948 жылы қабылданған Адам Құқықтары Декларациясы бұған заң жүзінде айтарлықтай шектеу қойды. Алайда кей елдерде, олардың қатарында Өзбекістанда, бұл амал әлі де қолданылып келеді.

Адам құқықтарын қорғау ұйымдары ресми Ташкентті кінәны күштеп мойындату амалдарын қолданатындықта бұрыннан айыптап келеді. Бұл тұрғыда азаптау, отбасы мүшелеріне қарсы доңайбат көрсету арқылы қысым жасау, тіпті есірткі арқылы кінәны мойындату іспетті амалдардың қолданылатыны айтылып келді. Өзбек билігі болса, мұны мойындамай отыр.

Алайда, Human Rights Watch ұйымының Орта Азия бойынша бағдарламасының директоры Холи Картнер-дың айтуынша, Совет заманында кеңінен қолданылған бұл амал қазіргі Өзбекістанда әлі де бар.

2005 жылы Андижан оқиғаларына байланысты Өзбекістанда 15 адамға қарсы сот істері өткенде де ресми Ташкентке қарсы осындай айыптаулар айтылған еді. Ресми дерек бойынша 187 адам, ал журналисттер мен адам құқықтары белсенділерінің айтуынша үкіметтік аскердің қолынан жүздеген адам құрбан болған екі жыл бұрынғы ол оқиғалардан кейін сотқа тартылған адамдар ресми билік мойындарына таққан айыптаулардың бәріне де өздерін кінәлі деп мойындап шыққан еді.

Ниязова 2006 жылдың желтоқсанында көрші Қырғызстаннан үйіне қайтып келе жатқан жерінен тұтқындалған.

Мамырдың 1-інде, екі күн сот отырысынан кейін, Ташкен соты 32 жасар Ниязованы "заңсыз түрде шекараны өткені, контрабанда, шетелдік қаржының көмегімен көтеріліске болысу үшін" деп жеті жыл абақтыға кескен болатын.

АҚШ, ЕО, ЕҚПЫ ұйымы мен көптеген адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар бұл соттың шешімін айыптап шықты.

Кінәні мойындаудан бұрын Ниязова өзіне тағылған айыптардың бәрін жалған деп келген еді. Сейсенбі күні сот үйінен босап шыққан ол Азаттық радиосы Өзбек бөліміне берген сұхбатында былай деді:

"Әлбетте, 3 жарым ай абақтыда отырғаннан кейін азаттыққа шығу мен үшін бақыт. Мені қолдап-қуаттаған достарыма, білгендерім, білмегендерім бар, маған қолдау танытқандардың бәріне көптен-көп алғысымды білдіремін".

Ал қарапайым өзбектердің бұл іске көзқарасы мәселесіне келер болсақ, Human Rights Watch ұйымының Орта Азия бойынша бағдарламасының директоры Холи Картнер-дың айтуынша:

"Мәселенің шынтуайтында қандай екенін екінің бірі біле бермейді. Өзбекістандағы халықтың көпшілігінде тәуелсіз ақпарат алу мүмкіндігі жоқ. Олар үкімет айтқан сөзді ғана естіп, одан басқа пікірлерді біле алмайды. Менің ойымша, халықтың басым көпшілігі үшін мұндай хабарды өзінше бағалау өте қиын, олар үкіметтің айтқаны дұрыс деп жүре беруі де мүмкін".
XS
SM
MD
LG