Accessibility links

Өзбек билігінің Әндіжан оқиғасының жауапкершілігінен құтылып кетуі мүмкін бе?


Өзбекстанның Әндіжан қаласында бейбіт шерудің қанды қырғынмен аяқталғанына екі жыл толды. Оған қатысқандардың көпшілігі үкіметті құлатып, исламдық мемлекет орнатпақшы болды деген айыптаулармен түрмеге жабылды.

Осы уақытқа дейін Өзбек билігі немесе оның әскери қолбасшыларының ешқайсысы шерушілерге қарсы қару қолданғаны үшін жауапқа тартылған емес. Бүгіндері Әндіжан тұрғындарының басым бөлігі тағдырларына салмақ салып, отбасыларын ойран еткен екі жыл бұрынғы сол бір оқиғалар турасында ашылып айтқылары келмейді.

Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласының халқы қантөгіске жол берілген 2005 жылғы мамыр оқиғалары жайында еске алғанды оншалықты қаламайды. Әндіжанның Бабыр алаңында 13 мамыр күні орын алған қырғын жайында осы уақытқа дейін екі түрлі пікір-көзқарас орын алып келеді. Өзбек билігі исламшылар қарапайым әйелдер мен балаларды қалқан ретінде пайдаланып, үкіметке қарсы толқуларды ұймыдастырды, соның салдарынан бейбіт тұрғындар мен солдаттар қаза тапты деп шерушілерді айыптайды. Ал адам хұқтарын қорғаушы белсенділер болса, Өзбек билігін бейбіт шерушілерге қарсы қару қолданды деп айыптап, бірнеше жүздеген жазықсыз жанның қаны төгілді, көптеген адамдар елді тастап басқа жаққа босып кетуге мажбүр болды деп есептейді.

Дегенмен де Әндіжан қаласы тұрғындарының көпшілігі 2005 жылғы мамыр оқиғасы жайында жұмған ауыздарын ашқылары келмейді. Адам хұқтарын қорғаушы Бахтиор Тургунов сол бір қанды қырғыннан кейін Әніджан тұрғындарының енді қайтып жуық арада дауыс көтеріп, наразылық танытып, батылдыққа баруы екіталай дегенді айтады.

- Адамдар қатты қорқып қалған. Олар қорқады, ол оқиғалар турасында сіз тек жақын достарыңызбен, туыстарыңызбен ғана сөйлесе аласыз, басқа ешбір адамға тіс жара алмайсыз. Әндіжандағы мамыр толқулары жайында үндемейтіндердің көпшілігі бастарынан көп қиындықты кешкендер десе болады. Жақында ғана әндіжандық дәрігер Гүлбахор Тураева алты жылға бас бостандығынан айрылды, адам хұқтарын қорғаушылар Тураеваны Әндіжан құрбандарының саны қанша болатындығын баспасөзге айтып қойғаны үшін Өзбек билігі қысым мен қудалауға ұшыратты, - дейді Б.Тургунов.

Тоғбой Раззоқов - Қырғызстанды паналаған өзбек босқыны, ол 2006 жылы елінен кетуге мәжбүр болған.

- Егер тіпті адамдардың бас қосылған жерде бірнәрсе айта қалсаңыз, олар ол жерден тезірек кетіп қалуға тырысады. Олар бәрін өздері де біледі, бірақ жан ауруларын іштерінде ұстайды, өйткені барлық жерде үкімет агенттері көп, тыңшылар қаптап жүреді.

Қазір сырттай қарағанда Әндіжан да Өзбекстанның басқа қалалары сияқты көрінеді. Базарларда толған халық пен тауар. Көршілерден әкелінген заттар да сөрелерді алып тұр. Қарапайым халықты өзбектің басқа да елді мекендеріндегі сияқты жұмыссыздық пен газдың, электр қуатының жетіспеушілігі алаңдатады. Дегенмен де Орта Азияны жақсы білетіндер Өзбекстанды сыртынан қарап бағалаудың әділетті болмайтынын айтады.

Өзбекстанда Human Rights Watch ұйымы үшін екі жыл жұмыс істеген және 2005 жылғы мамырда осында болған Алисон Жилл былай дейді:

- Мұнда болу және адамдармен үкіметтің ешбір араласуынсыз ашық сөйлесу өте маңызды. Мен мұнда екі жыл болдым және тұрғындардың көпшілігімен талай рет пікірлестім, Өзбекстандағы жүздеген жәбірленушілермен, жүздеген қысымға ұшырап, азапталған адам хұқтарын қорғаушыларымен сөйлестім. Мұндағы жағдай әзір де өте қиын күрделі қалпында қалып отыр.

Адам хұқтарын қорғаушылардың деректеріне қарағанда, Әндіжан толқуында үкіметтік күштер бейбіт шерушілерге ескертусіз қару қолданғанда, балалар мен әйелдер бар барлығы бір мың адам қаза тапты делінеді. Ал өзбек билігі болса, қаза болғандардың саны 187-ден аспайды деп мәлімдеуде.

Әндіжан оқиғаларынан кейін шетел басылымдары осы оқиғалардың куәгерлерінің билік құрбан болған балалар мен әйелдердің мәйіттерін отбасылары мен туыстарына қайтарған жоқ деген сөздерін басқан болатын. Көптеген адамдар әлі күнге дейін жоғалған туыстарының өлі-тірісін білмейді. Кейбіреулер жоғалған туыстарының құпия түрмелерге қамалғандығын жаңа біліп жатыр.

Әндіжанда орын тепкен адам хұқтары ұйымының белсендісі Бахтиор Тургунов Өзбек билігін сынға алатын оппозицияның даусы қазір шықпайды, олар басып тасталған дейді. Халықаралық баспасөз бірлі-жарым адам хұқтарын қорғаушы адвокаттардан басқа ешкім де екі жыл бұрын Әндіжанда не болғанын зерттеп-тексеруге қызықпайды деген хабарлар берген болатын. Дегенмен де кейбір сарапшылар Өзбек үкіметінің Әндіжан қырғыны үшін жауапкершіліктен құтылуы мүмкін емес дегенді айтады.

Лондондағы Чатем зерттеу орталығының Өзбекстан бойынша сарапшысы Джеймс Никси былай дейді:

- Мен сөйлескен талдаушылардың көпшілігі бұл істің жабылмағандығын және оның айналасында түрліше пікірлердің көп екендігін алға тартады.Оны тоқтату әзір өте қиын, - деп атап көрсетеді.

Десек те, дәл қазір әндіжандықтардың басым көпшілігі өткенді ұмытып, алғы күнмен өмір сүргілері келеді.
XS
SM
MD
LG