Accessibility links

Грузия демократиялық тәжірибесінің артықшылығы неде?


Украина мен Қырғызстанға қарағанда дәл солар сияқты демократиялық революция жасаған Грузияда жағдай айтарлықтай тыныш. Грузия батыс демократиялық құндылықтарын толық қабылдады, Еуропа Одағымен жақындасып жатыр. Украинада болса Ресей ықпалы басым, Украинаның ресейшіл партиялары демократиялық өзгеріске кедергі жасап келеді. Сонда Грузия тәжірибесінің артықшылығы неде? Грузия саяси басшыларының бірі, парламент төрайымы Нино Буржанадзе радиомызға осы жайында сұхбат берген еді.

Нино Буржанадзе Грузияда демократиялық революциядан соң ішкі тұрақтылық орын алды, бұл демократия тәртібіне берік болғандықтан дейді. Украина президенті Виктор Ющенко ресейшіл партия батысшыл партияның мүшелерін өзіне әділетсіз жолмен қаратып алды деп айыптаған, бұл парламент жұмысына кедергі келтірді, сондықтан парламентті таратып, қайта сайлау керек деген. Нино Буржанадзе Украинада орын алған көріністі демократияға жат құбылыс дейді, Украинада тұрақсыздық негізінен осыдан шықты дейді:

- Демократия мен анархия бір бірінен алшақ. Украинада орын алған дауда ешқандай демократия жоқ. Украинада тұлғалар бір топтан екінші топқа қалай өтіп жатқанын бәріміз жақсы білеміз. Мұның демократияға еш қатысы жоқ. Басқа топқа өту үшін жеке тұлғаларға ақылға симайтын қаншалықты көп ақша ұсынылғанын Украина саясаткерлерінің өздері де айтып жүр. Мұның салдарынан Украинада еш бір партия дами түскен жоқ.

Нино Буржанадзе Украина елін, Украина президентін толық қолдап келеміз дейді. Нино Буржанадзе Украина президенті Ющенко да жеке досым, Украинаның бұрынғы бас министрі, демократиялық революция басшыларының бірі Юлия Тимошенко да жеке досым, олардың араздасқаны елге үлкен саяси проблемалар әкеліп жатыр, олардың татуласқанын қалаймын, сонда демократия орнату жұмысы жеңілдейді дейді.

Ресей офицерлері шпионаж жасады деп былтыр күзде Грузиядан шығарылып жібергенде Кремль бұған қатты шамданды. Ресей үкіметі Грузиямен арадағы көлік қатынастарын, пошта қатынастарын үзіп тастады, Ресей үкіметі газ саудасын да үзіп тастады. Ресейде тұрып жатқан Грузия азаматтары қатты тексерілді, олардың кейбіреуі елден қуылды. Олардың балалары мектептерге кіргізілмеді. Нино Буржанадзе Ресей үкіметі өркениетке қайшы қимыл жасады дейді:

- 21 ғасырда мұндай мүмкін болады, тек ғана Грузия азаматы болғандығынан балаларды мектепке кіргізбей қою мүмкін болады деп ешқашан ойламас едім. Бұл мемлекет, өкінішке қарай, өркениет тәртібіне қайшы қимылдады. Олар өркениетсіз, келесі мезгілде олардың не істейтінін болжау мүмкін емес, сондықтан олар қауіп төндіреді.

Нино Буржанадзе Ресей мемлекетінен төнетін қауіпті осылайша сипаттайды. Дегенмен, Нино Буржанадзе екі ел қатынастарын жақсартуға ниетіміз бар, ол үшін өз ара сыйластық және өз ара теңдік қажет дейді.
XS
SM
MD
LG