Accessibility links

Ішкі істер департаменті «Нұрбанктің» қамауда отырған бұрынғы бастығының өміріне қауіп төніп тұрғанын айтады


Сейсенбі күні Алматыдағы Медеу аудандық сотта «Нұрбанктың » бұрынғы басқарма бастығы Әбілмәжін Ғилымов пен осы іске қатысты сотқа тартылған арнайы жедел топ жасақтарының үстінен басталған сот ісі одан әрі жалғасты. Бұл күнгі сот ісінің қортындысында Әбілмәжін Ғилымовты қалалық ішкі істер департаментінің өтініші бойынша оның жеке өміріне қауіп төну ықтималдығынан Ұлттық қауіпсіздіік комитетінің абақтысына жіберілетін боп шешілді. Ал негізгі куәлар ретінде сотқа шақырылған банк қызметкерлері алдын-ала тергеу барысында тағылған бірқатар айыптарды теріске шығарды.

Сейсенбі күні өткен сот отырысында «Нұрбанктың» бұрынғы басқарма бастығы Әбілмәжін Ғилымовтың жақтаушысы Марат Мурзин мырза Алматыда соңғы уақытта «Рахат Әлиевтың адамдары» делінген «бірқатар азаматтардың қамауға алынып, алдын ала тергеу нәтижелерін ескере отырып, Ғилымовтың өміріне түрмеде де қауіп бар екен, сондықтан оны үй жағдайында бостандыққа жіберуіңізді сұраймын» деп сотқа шағым түсіруден басталды. Алайда, сот бұл арызды қанағаттандырмады да есесіне, «тура сондай өтініш Алматы қалалық ішкі істер департаментінен түсіп отыр» деп сейсенбі күннен бастап Ғилымовты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің түрмесіне жіберілсін деген қаулы шығарды.

Сондай-ақ сейсенбі күнгі сотқа СОБР жасақтарының командирлері мен банк қауіпсіздік қызметкерлері шақырылған екен. СОБР жасақтарының командирлері бұйрықты кімнен, қандай түрде алғаны туралы айтып берсе, банк қауіпсіздік қызметкері Бомбешко оқиға болған күні басқа жақта болса да банк уәкілі ретінде сотқа келіп, мардымды ешқандай сұраққа жауап бере алмаған соң, жақтаушылар сіз ешнәрседен хабарыңыз болмаса неге сотқа банк уәкілі ретінде келдіңіз дегеніне: «Мен жауапкершілікті сезініп, менің басшыларым бар, солардың нұсқауымен, партия айтты дегендей келіп отырмын» деп, соттағы көпшілікті күлдіртіп алса, банктың ішкі қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Евгений Созыкин, алдын-ала тергеу барысында айтқан көптеген жауаптарын «есімде жоқ, мүмкін сондай болған шығар» деп тіпті сотта кейбір жауаптары алғашқы жауаптарын теріске шығарып әуре болды. «Сіздің мемлекеттік қызметпен келген милиция жасақтарын банктен қуып шығуға қандай құқығыңыз бар?» деген сұраққа:

«Мен тағы да айтамын, мынау отырған төртеудің ешқайсысын қуып шығарған жоқпын, олардың өздері кетті» деді.

Демек «Казахстан тудей» агенттігі кезінде таратқан «банк күзеті шабуыл жасамақ болған СОБР жасақтарын қарусыздандырып, ішкі істер қызметіне табыстады» деген т.б. толып жатқан алғашқы ақпараттар теріске шыққан болып отыр. Тіпті сотқа куә ретінде жауап берген банктың қазіргі басқарма бастығының орынбасары Тілеген Сағындықов:

«Банк үшін ол кредит беру өте тиімді болған, банк ол келісімді іске асырып, одан пайда көрді» деп, алдын-ала тергеу қортындысы бойынша Ғилымовқа тағылған тағы бір айып - «банкке алдын-ала тиімсіз, қайтпайтын несиелер беру ісін жүзеге асырды» дегенін жоққа шығарды.

Сонымен СОБРдың келесі соты бейсенбі күні өтетін боп шешілді. «Нұрбанктың» бұрынғы басшыларының әйелдері «біздің күйеулерімізді Рахат Әлиев қала маңындағы бір моншаға апарып, ұрып соғып, қоқытып, өздеріне қажет құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген» деп, ақпан айының басында баспасөз мәслихатында мәлімдеген болатын. Ал ол үшін оларды Рахат Әлиев мырза «менің ар-ұжданыма нұқсан келтірді» деп сотқа берген. Сол уақытта қаржы полициясы банктың бұрынғы басшылары Әбілмәжін Ғилымов пен Жолдас Темірәлиевтің үстінен «қаржылай былықпай жасаған, қызмет бабын асра пайдаланған» деп, қылмыстық іс қозғап, банктың бұрынғы басқарма бастығы Ғилымовты қамауға алған еді. Ал оның орынбасары Темірәлиевтың қайда екені әлі күнге белгісіз. Темірәлиевтің әйелі Армангүл Қапашева «менің күйеуімді Рахат Әлиевтың адамдары ұрлап әкетіп, белгісіз жерде ұстап отыр» деп мәлімдеген болатын. Қала маңындағы моншадағы оқиғалардан соң күйеулерінің өміріне қауіп төнуі мүмкін деп алаңдаған банк басшыларының әйелдерінің бірі Армангүл Қапашева Медеу аудандық полиция басқармасына 31 қаңтар күні «менің күйеуімді Рахат Әлиевтың адамдары банктан шығармай ұстап отыр» деп шағымданады да, содан арнайы жедел топ жауынгерлерінің банкты барып тексеруімен, арты осы сотпен жалғасып отыр.
XS
SM
MD
LG