Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.16.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі министр Ертісбаевқа қатысты шағым сотта қарала бастағанды туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттерде «Нұрбанк» төңірегіндегі даудың барысына қатысты әрқилы материалдар жарық көріп отыр.

Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевқа қатысты «Время» газетінің шағымы сот өндірісіне алынғандығы туралы мақала аталған басылымда жарық көріпті. «Мамырдың 14-күні Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты шағымды қарай бастады» делінген мақалада. «Дүйсенбі күні судья А.Балагумаровтың қолы қойылған құжаттың көшірмесі редакцияға келіп түсті. Министр Ертісбаевқа қатысты шағымды редакцияның заң қызметі осы жылғы сәуірдің 17-күні сотқа тапсырған болатын. Енді, міне, шағым иелері судьямен сотқа дейінгі жүздесуін өткізеді. Оған шағым бойынша жауапты Ертісбаев мырза да қатысуы тиіс. Содан кейін барып сот процесінің қашан басталатындығы белгілі болады» деп жазды «Время» газеті.

Бұл уақытта Алматы қаласының Медеу аудандық сотында «Нұрбанк» ғимаратына шабуыл жасаған сарбаздарға қатысты сот процесі жүріп жатқандығына «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты мән беріп отыр. «Сот процесінде екі топтың теке-тіресін байқаймыз: бір жағынан, Рахат Әлиев – қаржы полициясы – прокуратура; екінші жағынан, Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Ішкі істер министрлігі және, мүмкін, Ұлттық қауіпсіздік қызметі. Олай дейтініміз, Алматы қалалық ішкі істер департаменті «Нұрбанктың» бұрынғы қызметкері Әбілмәжін Ғилымовты Әділет министрлігіне қарасты абақтыдан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысына ауыстыруын сұрады. Олар өзінің мұндай өтінішін Ғилымовтың жеке басының қауіпсіздігімен байланыстырып отыр. Кеңесе келе судья Шәмшиев айыпталушыны қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысына ауыстыруға рұқсат берді. Сонда бұл «жүйедегі күресушілердің» жеңісі ме, әлде Рахат Әлиевтің ұстанымының әлсіреуі ме?» деген сауал тастайды ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

Осы тақырып төңірегінде «Айқын» газеті былай деп жазыпты: «Алматы қалалық Ішкі істер департаменті «Нұрбанк» басқармасы төрағасының орынбасары Жолдас Темірәлиевтің із-түзсіз жоғалып кетуіне қатысы бар деген күдікпен екі адамды қамауға алып, тергеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы мамырдың 15-күні Ішкі істер министрлігі ресми мәлімдеді» делінген мақалада. «Қаңтар айының аяғында хабар-ошарсыз жоғалып кеткен «Нұрбанк» басқармасы төрағасының орынбасары Жолдас Темірәлиевтің шетелге қашып кеткені, әлдебіреулердің ұрлап әкеткені кешегі күнге дейін беймәлім болып келген еді. Банкирдің жоғалуына байланысты жұмбақтың түйіні енді шешілгендей болды. «Алматы қалалық Ішкі істер департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы бойынша «адамның ұрлануына» байланысты қылмыстық іс қозғады. Темірәлиевтің қазір қандай жағдайда екендігі әлі белгісіз. Дегенмен тергеу тобы кейбір ақпаратты біледі, бірақ мен оны айта алмаймын деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі бастығы Бағдат Қожахметов. Демек, банкирді белгісіз біреулер жасырын ұрлап әкеткен» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

«Время» газеті сөз болып отырған іс бойынша Ғилымовтың зайыбы Надира Базарбаеваның пікірін келтіріпті. «Қазақстандағы беделді әулетке қатысты медиахолдингтің қызметкерлерін жұмыс орынында ұстауына қарағанда, бұл екі кісінің осы іске қатысы бар секілді, дейді Надира Базарбаева, әйтпесе полицейлер оларды жәйдан-жәй ұстамас еді ғой». Мақала авторы да бұл пікірдің жаны бар екендігін көрсетіп отыр. «Надира Базарбаеваның сөздерін өзін таныстырудан бас тартқан полиция полковнигі растады. Оның айтуынша, Астананың рұқсатынсыз полиция қызметкерлері ешқашан арнайы жасақтың сарбаздарын ұстамас еді» деп жазды «Время» газеті.

«ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты осы тақырып төңірегінде Петр Своиктың мақаласын басып отыр. Мақала авторы соңғы айлардағы оқиғаларды осыдан алты жыл бұрынғы жағдаймен ұқсастығы барын жазған. «Біз қазір 2001 жылғы қойылымды тамашалап отырғандаймыз, тіпті басты кейіпкері де өзгермеген. Және сахнаның төрінде мылтық ілініп тұр, соңғы актіде оның шүріппесін біреу міндетті түрде басуы тиіс. Мәселен, алты жыл бұрынғы дауға «Таң» телеарнасының қатысы болса, бұл жолы КТК телеарнасы төңірегінде өрбіп жатыр. Әрі қарай сценарий бойынша. Алайда, басқа да нұсқалары болуы әбден мүмкін...» деп түйіндейді Петр Своик «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтына жариялаған мақаласында.
XS
SM
MD
LG