Accessibility links

Қазақстанның Негізгі заңына өзгертулер енгізілмек

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Сәрсенбі күні Астанада Қазақстан Парламентінің бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі конституциялық заңының жобасын ұсынды. Қазақстан қоғамында көптеген күткен бұл оқиғаның басты жаңалығы Мемлекет басшысы президент мерзімін жеті жылдан бес жылға азайтуды ұсынды. Қазақстан басшысы ұсынған өзгерістер Қазақстан парламентіне президенттің біршама құзыретін бергенімен Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан президенттік басқарудағы мемлекет болып қала беретіндігін айтты.

Осымен екінші рет президенттің қатысуымен өткен Парламенттің бірлескен отырысына телеоператорларды отырыс залына жіберген жоқ. Тіпті монитор арқылы түсіруге де тыйым салды. Ал бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері отыратын залға қойылған монитордан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесін толық көрсеткен жоқ. Әйтсе де, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері президенттің дауысын толық естуге мүмкіндік алды.

Сонымен, екі жылдан астам уақыт талқыға салынған саяси реформалар президенттің ұсынысы бойынша төмендегідей сипат алып отыр.

«Он бес жылдың ішінде Қазақстан мемлекет ретінде қалыптасып, орнықты. Енді президенттің бірқатар билігі мен құзыретін парламентпен бөлісуге толық негіз бар, – деген Мемлекет басшысы, – Қазақстан президенттің басқаруындағы мемлекет болып қала береді, алайда Конституцияға енгізген өзгерістер мен толықтырулар нәтижесі президенттік-парламенттік басқару жүйесін қайталайды», – деді сейсенбі күнгі парламенттің бірлескен отырысында.

Мемлекет басшысы ең алдымен президент мерзімін жеті жылдан бес жылға дейін қысқартуды ұсынды. Әрине, бұл тек қазіргі президенттің өкілеттігі біткеннен кейін ғана, 2012 жылдан басталатын болады.

Екіншіден, президент Парламент Мәжілісінің толығымен пропорционалды сайлау жүйесіне көшетіндігін айтты. Бұл мәжіліс мандатын сайлауда тек партия тізімімен жеңіске жеткендер ғана алады деген сөз. Ал Мәжіліс депутаттарының саны 77-ден 107-ге дейін көбейетін болады. Оның 98-і партия тізімімен сайланатын болса, қалған 9-ын Қазақстан халықтары Ассамблеасының өкілдері құрайды.

Үшіншіден, президент парламентке толығымен Үкіметтің құрамын құру мен Үкімет басшысын тағайындау құзыретін беріп отыр. Үкімет басшысының кандидатурасы мәжілістегі партия фракцияларында талқыға салынады екен. Президенттің айтуынша, сайлауда көп дауыс алған партия Үкімет басшысын тағайындауға мүмкіндік алады. Сонымен бірге Парламенттің құзыретіне жекелеген министрлерге сенім білдіру оларды қызметінен алу еркі деп беріліп отыр.

Ал жоғарғы палата болып саналатын сенатқа президенттің айтуынша, өзгеше құзыреттер мен артықшылықтар қоса берілген. Сенатқа президенттің квотасы 7-ден 15-ке дейін көбейеді екен. Оның ішінде әрине, аз ұлт өкілдері кіреді. Конституцияға енгізетін өзгерістер бойынша мәжіліс таратылған жағдайда, сенат жұмысын атқара береді екен де, заңдарды қабылдау толық жоғарғы палатаға өтеді екен.

Сонымен бірге сенатқа Қазақстанның Ұлттық банкі төрағасын тағайындау билігін беріп отыр. Ал Конституциялық Кеңес, Орталық сайлау комиссиясы және бюджетті бақылайтын есеп комитеті құрамының үштен екісін парламент толығымен өзі жасақтайтын болады. Бұл жерде айта кету керек, президент енді мәжіліс пен сенаттың бірлескен отырыстары азайады, әр палата өздерінше жұмыс істейді деді.

Ал Жоғарғы Сот төрағасының кандидатурасын ұсыну президенттің өзінде қалады. Сот жүйесіне байланысты президент Қазақстанда өлім жазасы толығымен алынып тасталатындығын айтты.

Енді өзін-өзі басқару жүйесіне келетін болсақ, барлық деңгейдегі облыс, қала, ауыл әкімдері жергілікті мәслихат депутаттарының келісімен тағайындалатын болады. Ал мәслихат депутаттарының өкілеттігін президент бес жылға дейін ұзартуды ұсынып отыр. Қазақстандағы саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдарға байланысты Мемлекет басшысы сайлауда жеңіске жеткен партиялар мен бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мемлекет есебінен қаржыландырылатын болады деді. Парламент депутаттары сейсенбі күні Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
XS
SM
MD
LG