Accessibility links

Парламенттің төменгі палатасы таратылуы мүмкін бе?

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Президенттің қатысуымен өтетін парламенттің бірлескен отырыстарына Қазақстанның Үкіметтің емес ұйымдары, саяси партиялардың өкілдері және Елшілерді шақыру дәстүрге айналып келеді. Сарапшылар мұны демократияға бетбұрыс деп бағалап отыр. Ал сейсенбі күнгі президенттің Конституцияға енгізіп отырған өзгерістері мен толықтырулары парламенттің төменгі палатасын таратуға әкеледі дейді сарапшылар. Демек Қазақстан халқын тағы да парламент сайлауы күтіп тұр. Мәжіліс сайлауына Қызылорда облысынан түскен Тоқтар Әубәкіров президент енгізіп отырған пропорционалды сайлау жүйесі Қазақстанға әлі ерте екенін айтады. Ол мажоритарлы сайлау жүйесі Қазақстанда қалу керек деп есептейді:

– Ең болмағанда Қазақстанда неше облыс бар, сол бір-бір орыннан қалдыру керек еді. Бірақ, өкінішке қарай, ондай болмады. Билік басқа партияларды менсінбей жатыр. Ол дұрыс емес. Кеңес дәуірі кезінде бір партиялық жүйеден өттік. Енді сол жүйеге оралмауымыз үшін ойлануымыз керек.

Тоқтар Әубәкіровтің пікірімен Қазақстанның социал-демократиялық партиясының жетекшісі Жармахан Тұяқбай да келісіп отыр:

– Парламент Мәжілісінің жалпы санын округтар арқылы сайлауға да болар еді. Себебі халқымыз соған үйренген.

Жармахан Тұяқбай енді ең бастысы әділ сайлау өткізу керек. Билік осыған дайын ба оны - алдағы сайлау көрсетедеді дейді:

– «НұрОтан» партиясын тірек ететін әкімшілік күштердің ықпалы көп. Егер елде шынайы бәсекелестік болса, біз көрер едік шын мәнінде қандай партияның көп орын алатынын. Ал «НұрОтан» партиясының мүшесі, мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов президент ұсынып отырған өзгерістерді ашық демократиялық қадам деп бағалайды:

– Жалғыз партиялықтан кетіп, енді көп партиялар парламент қабырғасында саяси тіршілікке араласады. Бұл - үлкен жаңалық.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов қазақстандықтар үшін партия тізімімен сайлау қолайлы деп санайды.

– Бұл қазақ ұлтын модернизациялаудың жаңа бір жолы деп ойлаймын. Өйткені, халық саяси бағдарламаларға, саяси көзқарастарға дауыс берсе, онда біздің ішіміздегі кейбір қазақ дегеннен гөрі мен тағы бірдеңемін деп айтатын деңгейдегі бөлінуге мүмкіндік азырақ болады. Саяси процесстер елдің ішін ажыратпайтын болады.

Ал «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Ораз Жандосов президенттің бірқатар ұсыныстарымен келіспей отыр. Оның айтуынша, биліктің үш тармағы бір-біріне тәуелсіз болуы қажет.

«Ал президент биліктің бір тармағын құруды екінші бір биліктің тармағына беріп қойды. Бұл дұрыс емес», – дейді Жандосов.

Ораз Жандосов пропорционалды сайлау жүйесін толығымен қолдап отыр. Алайда мәслихат депутаттарының өкілетігін бес жылға дейін ұзартуға келіспейді. «Өйткені ауыл деңгейінің жағдайы түсінікті, өзгерістер тез орын алып жатқан заманда мәслихат депутатын бес жыл ұстап отырған дұрыс емес, керісінше оны үш жылға дейін қысқарту керек», – дейді Ораз Жандосов.

Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жұмабай Әлиұлы аз ұлт өкілдері ішінен парламентке баратын депутаттарды тағайындауда ассамблея ішінен іріктеу өткізетіндерін айтты.
XS
SM
MD
LG