Accessibility links

Украйнадағы баспасөз бостандығы қанша уақытқа ұласпақ?

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Украйнадағы бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі жайына көз жүгіртсеңіз, қызық жайтқа куә боласыз. Украйнадағы қазіргі саяси тығырық жайы осы басылымдар тағдырынан да байқалып тұрғандай. Саяси тұлғалардың елдегі БАҚ-қа қатысты іс-әрекеттері түрліше болуда.

Украйнадағы қазіргі жағдай 2004-ші жылғы саяси күрестің жалғасындай болып отыр. Қызғылт-сары төңкеріске шыққандардың көтерген ұрандарының бірі - “Өтірік тоқтатылсын!” деп аталатын. Президент Юшенко өз уәдесін орындай бастаған еді. Алайда, 2006-шы жылдың көктеміндегі парламенттік сайлауларда Аймақтар партиясы жеңіске жетті. Олар биліктің ескі тәсілдерін қайта орната бастады. Мұның өзі әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарынан байқалып отыр.

Сонымен мынандай сұрақ туындауда. Үкімет пен БАҚ-тың ара-қатынасы қандай болуы тиіс? Бұл сауалға ел президенті Виктор Юшенко мен үкімет басшысы Виктор Януковичтің көзқарасы екі түрлі болып отыр. Юшенко қызметіне кірісісімен, уәдесінде тұрып, ақпарат құралдарына кең мүмкіндіктер берген еді. Негізгі басты мәселелерге байланысты заң ережелері болмаса, жалпы алғанда БАҚ-қа мемлекеттің меншігі азая түскен болатын. Мұның өзі ел тарихында сөз бостандығының алғаш орнығуына алып келген еді. Өзіне қарсы қаншама сындардың айтылғанына қарамастан президент мемлекет тарапынан цензураны қайта енгізбеді.

Ал, Янукович болса, БАҚ-тарға бақылауды қайта орнатып, 2004-ші жылға дейінгі жартылай ауторитарлық саяси әдетке қайтып оралған болатын. Аймақтар партиясы сайлауларда жеңіске жетісімен арада санаулы ғана айлар өткенде, дәлірек айтқанда 2006-шы жылдың 12-ші шілдесінде, ол партия депутаты Олех Калашников, парламент сыртында, екі журналиске шабуыл жасады. СТБ телеарнасының журналистері Мархарита Ситник пен Володимир Новосад Верховна Раданың сыртында әлгі депутатты таспаға түсіріп алған екен. Журналистердің талаптарына қарамастан, Калашников мырза ешқандай жазаға тартылған жоқ. Заңдылықтың рөлі жөнінде сөздерін айтып жүріп жатыр.

Осыдан кейін елде журналистерге қол жұмсаулар көбейіп кеткен еді. Мысалы, Қырымның екі журналисі коалиция жақтастарының Киевке бару үшін пойызға мініп жатқандарын түсрігендері үшін соққыға жығылды. Сондай-ақ “Украйнская правда” веб парақшасын өткен 6 ай ішінде парламент төрағасы Олександр Мороз 6 рет сотқа берді. Мұндай мысалдар көп-ақ.

Парламенттегі көпшілікке айналған коалиция құрамына коммунистер, социалистер және Аймақтар партиясы енеді. Олар теле-радио мемлекеттік комитетінің басшылығына өз жақтастарын қойып үлгерді. Сондай-ақ еркіндікке бет бұрған басқа да жекелеген бағдарламалар жабылуда.

Көптеген ілгерілуешіліктерге қарамастан бірқатар журналистердің кәсіби шеберлігі төмен деңгейінде қалған. Олар тіпті айқын да теңдестірілген, терең сараптамаға құрылған ақпараттар таратулары тиіс екендіктерін де түсіне бермеуде. Қазіргі кезде олар қорқыныш сезіміне қайта оралғандай. Дей тұрғанмен, жақсы жаңалықтар да бар. Журналистер арасында оқиғаларға дербес талдау жүргізу үдерісі пайда болды. Және “Мен былай деп ойлаймын”, “Бес тиын” атты сараптамалық бағдарламалар да жұмыс істеуде. БАҚ-тағы жаңашылдық та көбейе түсуде.

Тағы бір жағдай, коалиция саясаткерлерінің бұрынғыдай Мәскеуге қарай емес, енді Батыс ақпараттарына қарай ұмтылуы болып отыр. Ол ақпараттар Янукович бастаған саясаткерлер жөнінде жылы пікірлерін білдіре бастады. Елдегі қос саяси блок арасындағы күрес пен айырмашылықтар осылайша одан әрі жалғасуда.
XS
SM
MD
LG