Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында «Хизбут Тахрир» ұйымы мүшелерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Жақында Оңтүстік Қазақстан облысында «Хизбут Тахрир» ұйымының 6 жетекшісі тұтқындалып, оларға қарсы ҚР Қылмыстық Кодексінің 4 бабы бойынша іс қозғалды. Заң орындары оларға Қазақстан аумағында заңсыз қызмет еткен деген айып тағып отыр.

18 мамыр күні «Азаттық» тілшісіне Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті бастығының баспасөз хатшысы Салтанат Қарагөзова жақында Оңтүстік Қазақстан облысында «Хизбут Тахрир» ұйымының 6 жетекшісін заң қызметкерлерінің қолға түсіргенін хабарлады.

- Ішкі істер департаменті мен Қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің жүргізген шұғыл іс-шаралары нәтижесінде «Хизбут Тахрир» діни экстремистік ұйымының 6 мүшесі қолға түсіп, олар қазір қамауда отыр. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Олар ҚР Қылмыстық Кодексінің 4 бабы бойынша жауапқа тартылып жатыр. Тергеу барысында олардан екі типография алынған. «Хизбут Тахрирдің» бұл беделді 6 мүшесі де Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары, - дейді Салтанат Қарагөзова.

Сондай-ақ, ол осыған дейін ақпарат құралдарында тараған «ұйым мүшелері облыста жарылыс ұйымдастырмақ болды» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын айтты. Алайда ол соңғы күндері тағы бірнеше ұйым мүшелерінің тұтқындалғанын және оларға қатысты әлі ешбір айып тағылмай отырғанын жеткізді.

Қазақстандық саясаттанушы Еркін Тұқымов бұрын тек уағыз айтумен ғана шектелініп келген «Хизбут Тахрир» ұйымы аяқ астынан қарулы күшке жүгіне қалса, оған таң қалуға болмайды деген пікір айтады.

- Қазақстанның оңтүстігі бұрыннан «Хизбут Тахрир» сияқты ұйымдардың экстремистік идеялары таралған қауіпті аймақ болып есептеледі. «Хизбут Тахрир» ұзақ уақыт бойы қарулы күшке жүгінетін, радикалды діни ұйымдар қатарында болмай келді. Алайда бұдан бірнеше жыл бұрын Өзбекстандағы «Хизбут Тахрир» ұйымы ішінен қарулы күш қолдануды жақтаушы топтар пайда болып, ұйым екіге бөлініп кеткен еді. Жаңадан пайда болған топ «Хизбут Тахрирдің» Орталық Азияда халифат құру мақсатында жүргізіп отырған әрекеттеріне өздерінің көңілдері толмайтындықтан, бөлінгендерін мәлімдеген. Осындай радикалды идеялардың енді Қазақстанға да ене бастауы, әрине, өкінішті. Сонымен қатар, Хизбуттың бұлайша құтыруына биліктің ұйымның іс-әрекетіне деген немқұрайлы, қалай болса, солай қарайтын жұмсақ позициясы да мүмкіндік беруде, - дейді Еркін Тұқымов.

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек «Хизбут Тахрир» ұйымының догматтары мен әрекеттері Ислам дінінің принциптеріне сәйкес келмеуіне байланысты Діни Басқарманың оны исламға жат ұйым деп танитындығын жариялағанын айтты.

- Бұлардың іс-әрекетінің барлығы бүлдіргі, ал идеялары - қияли. Мысалы, олар әлем мұсылмандарының барлығын бір мемлекетке, яғни халифатқа біріктіру керек дейтін, ақылға сиымсыз ойларды насихаттап жүр. Бұл - тәуелсіз елдердің мемлекеттігін, тілін, Конституциясын мойындамау. Біз бұл ұйымның исламның атын жамылған, адасқан екендігін айтып, бұдан екі жыл бұрын пәтуа шығарғанбыз, - дейді Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының баспасөз хатшысы.

Оңғар қажы Өмірбек Қазақстанда экстремистік, террористік ұйымдардың халық арасында кең қолдауға ие болмауы үшін, Діни Басқармаға қарасты мешіттерде алдын-алу шаралары жүргізіліп тұрады деді.

«Хизбут Тахрир» ұйымы 2005 жылы Астана қалалық сотының шешімімен экстремистік ұйым деп танылып, Қазақстанда оның іс-әрекетіне шектеу қойылған еді. Сондай-ақ бұл ұйымның қызметіне өз жерінде Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Пәкістан, Германия, Сирия және Иордания мемлекеттері де тыйым салған болатын.
XS
SM
MD
LG