Accessibility links

Атырау облысында мал арасында аусыл індеті өршіді

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстан төтенше жағдайлар министірлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша Атырау облысының Қызылқоға ауданында аусылға шалдыққан малдың саны 800-ге жақындап, оның 500-дейі өртеліп, не арнайы мал қорымдарына көмілген. Аусылға шалдыққан малдардың арасында ірі қарасы да, қой-ешкілері де бар. Осыған байланысты қазір ауданда карантин жарияланып, елді-мекен мен шаруашылықтардағы малдар жаппай тексеріліп жатыр. Бұл ауданда аусыл биылғы сәуір айының ортасында анықталған болатын. Содан бері малдарға жаппай егу шаралары қолға алынып, қазір аудандағы бар 40 мыңдай малдың жартысынан астамына вакцина егіліпті.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, аусыл алғаш рет сәуірдің ортасында Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылынан анықталыпты. Мамыр айының ортасына таман тексерістен өткен осы ауылдағы жеке меншіктегі 1200-дей ірі қараның 400-дейінде аусыл анықталып, оның 20 шақтысы арнаулы мал қорымына көміліпті. Мамандар Қызылқоға ауданындағы аусыл «О» группасындағы аусыл дейді. Өткен жексенбіде мал дәрігерлері осы аудандағы індетке шалдыққан сиырлар мен қойларды жоюға кірісіпті. Одан басқа аудандағы 40 мыңдай малдың 22 мыңына вакцина салынған. Сондай-ақ мамандар жалпы осы кеселдің үш түрі кездесетінін айтады. Адамдар бұл кеселді тек малдан жұқтырғанмен, адамнан адамға бұл кесел жұқпайды екен.

Республикалық санитарлық эпидемиологиялық станцияның аса жұқпалы аурулар бөлімінің маманы Ақан Түлеев адамдардағы бұл кеселдің белгілері туралы былай дейді:

- Аусылдың инкубациялық, яғни ұялау кезеңі - 2 күннен 10 күн аралығында болады. Ол кезде адам ешқандай сырқатты сезіне қоймайды. Тек содан кейін адамның ыстығы 38-39,5 градусқа көтеріледі де, денесі түршігеді. Сосын дертке шалдыққан кісінің басы, белі, бұлшық еттері ауыра бастайды. Бұл - аусылдың бастапқы көріністері. Одан кейін 2-3 күннен соң ерінде, тілде, таңдайында ұсақ жаралар пайда болады. Сосын адам домбығып, көздерінің үсті ісіп, конюктивит, яғни көзден жас ағып, былшықтанып кетуі мүмкін. Одан кейін адамның кеудесі, мойны, арқасы қызарақтап кетеді. Одан кейін ол адамның жүрегіне әсер етіп, миокардит болуы мүмкін. Адамның ас ішуі қиындап, тек сұйық ас қана ішетін болады.

Айта кетерлігі, аусыл жұқтырған адамды қандай да дәрі-дәрмекпен емдеу тәсілі әзірге жоқ екен. «Тек адам ағзасындағы жараларды марганцовканың және су текті қышқыл ертіндісімен шайып, сұйық тамақ беріп емдейді» дейді Түлеев мырза.

Аусылмен бір ауырып тұрған адамда иммунитет пайда болады екен, бірақ бұл жағдай аусылдың екінші түрінен сақтандырмайтын көрінеді. Сондықтан аусылдан сақтанудың жолдары туралы Түлеев мырза былай деген кеңес береді:

- Біріншіден, малдың сүтін қайнатпай ішпеу керек. Сосын аусыл диагнозы қойылған малмен жұмыс жасағанда, сойып терісін алғанда, т.б. жағдайда арнайы киіммен, қолғаппен, етікпен жұмыс жасау керек. Сосын, әрине, жеке гигиена мәселесін, қолды сабындап жуып дегендей, мұқият сақтау керек.

Жалпы, аусыл әлемнің мал шаруашылығы дамыған деген елдердің бәрінде кездесе беретін ауру. Қазақстанда табиғи ошағы көп болғандықтан мұндағы малдар жиі-жиі осы ауруға шалдығып жатады. Мысалы, сәуірде Қарағанды облысындағы Кеңгір елді мекенінде байқалған аусылдан жойылған сиырлары мен қой-ешкілері үшін 60 әуліге Қазақстан ауыл шаруашылық министрлігі бір миллион теңгеден астам өтемақы төледі. Ал көрші Ресей мен Өзбекстан Қазақстаннан сатып алатын етке тиым салған болатын. Сондай тиым қазір де батыс Қазақстанмен көршілес Ресей тарапынан орын алып отыр. Сөйтіп, бұл аурудан ауыл шаруашылығы шығын көреді. Сондықтан, көп жағдайда бұл аурудың қайбір жерде байқалғаны туралы ақпарат жабық боп келеді де, мамандар ашық ақпарат беруден жалтарып, бір-біріне сілтейді. Мысалы, аусылға қарсы шара ұйымдастырған Қызылқоға аудандық арнайы штаб бастығы облысқа сілтесе, облыстағы мемлекеттің арнайы комиссия бастығы Қосыбек Ырзағалиев «одай мәліметті бере алмаймын» деп, тілші сауалына жауап беруден бас тартты.
XS
SM
MD
LG