Accessibility links

"Халықаралық амнистия" ұйымы Қазақстанды адам құқықтарын бұзып отырған елдер қатарына жатқызды


«Халықаралық амнистия» ұйымы адам құқығының сақталуына қатысты жыл сайынғы баяндамасын жариялады. 2006 жылдың қорытындысы бойынша дайындалған баяндамада Қазақстанға халықаралық ережелерді сақтамайтын ел деген баға берілген. Қазақстандағы адам құқығын қорғаушылар да мемлекетте осындай тәжірибе қалыптасқанын жоққа шығармайды.

«Халықаралық амнистия» ұйымының баяндамасында Қазақстан халықаралық құқық ережелерін орындамай отырған мемлекет ретінде сипатталады. «Қазақстан үкіметі және БҰҰ босқындар жөніндегі Жоғарғы Басқарма комиссары арасындағы қарым-қатынаста оң нәтижелер байқалғанына қарамастан, аталған мемлекет халықаралық құқық ережелерінен туындайтын жауапкершіліктерді елемей келеді» делінген баяндама. Сонымен қатар, «Халықаралық амнистия» ұйымы Қазақстанның босқындар құқығын сақтамай отырғандығын ерекше атап көрсете отырып, соған қатысты бірқатар оқиғаларды келтіреді. Бұл негізінен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы мен Өзбекстан азаматтарына қатысты мәліметтер.

«Өткен жылғы мамыр айында Қазақстан Қытайдың Шыңжаң өлкесінен шыққан екі ұйғыр азаматы: Юсуф Қадыр Тоти және Әбдуқадыр Сыдықты депортациялады. Әбдуқадыр Сыдық өзінің жазған хатында Қазақстандағы түрмеде оны қытай полициясының қызметкерлері тергеуге алып, қоқан-лоқы көрсеткенін айтқан» делінген баяндамада. «Өткен жылдың қаңтар айында қазақ үкіметі 2005 жылы Өзбекстанның тоғыз азаматын ұстағандығы туралы ақпаратты жоққа шығарды. Алайда, сенімді дерек көздерінің ақпараты бойынша, бұл азаматтар Шымкент қаласында ұсталып, оларды артынша Өзбекстанға берген» деген мәлімет таратып отыр «Халықаралық амнистия» ұйымы.

Қазақстандағы құқық қорғаушылар да жергілікті биліктің халықаралық құқық ережелерін сақтай отырғандығын алға тартып отыр. Адам құқығы және оның сақталуы жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтистің айтуынша, халықаралық бірқатар құжаттарды мақұлдаған Қазақстан адамға зорлық-зомбылық көрсетеді деп танылған Өзбекстан секілді елдерге азаматтарды депортациялау арқылы құқық ережелерін өрескел бұзып отыр.

- Қазақстан зорлық-зомбылыққа қарсы, сондай-ақ босқындар мәртебесі туралы конвенцияларды мақұлдады. Егер үкімет адамзатқа зорлық көрсетіп отырған кез-келген елге сол елдің азаматтарын ұстап беретін болса, онда халықаралық ережелер өрескел бұзалады деп біз үнемі айтып келеміз. Ал Өзбекстан, құқық қорғау жөніндегі барлық ұйымдардың ұстанымы бойынша, зорлық қолданылатын елдердің қатарына жатқызылады, - дейді Евгений Жовтис.

Алматыдағы Хельсинки комитетінің төрағасы Нинель Фокина да зомбылық бар мемлекетке сол елдің азаматтарын ұстап беруде Қазақстанда теріс тәжірибе қалыптасқанына қынжылыс білдіреді.

- Бұл мәселеде Қазақстанның тәжірибесі көңіл қуантарлықтай емес. Өзге мемлекеттердің арнайы қызметі азаматты қайтарып беруін сұрағанда, Қазақстан ол азаматтың сол елде зорлық-зомбылыққа ұшырамайтындығына көзі жетпей тұрып, солардың талаптарын орындай салады. Әрине, бұл азаматты қайтарып алу үшін сол елдің үкіметі оған қатысты әртүрлі айыптар тағып жатады. Егер ол экстремистік немесе террорлық ұйымның өкілі деген айып тағылып жатса, Қазақстан оны ұстап беруге дайын. Алайда халықаралық құқық бойынша тағылған айыпты алдымен дәлдеу керек. Осы тұрғыдан алғанда еуропа елдері бұл мәселеде аса тиянақты әрекет етеді, ал Қазақстан болса ешқандай тексерусіз бере салады, - дейді Нинель Фокина.

Қазақстандағы адам құқығын қорғаушылар халықаралық заңдардың бұзылуына қатысты фактілер, өкінішке орай, өте көп екендігін, алайда оның нақты санын ешкім білмейтіндігін айтып отыр. «Халықаралық амнистия» ұйымы Қазақстан үкіметінің босқындарға қатысты төрт әрекетін осы жылғы баяндамасында келтірген.

«Халықаралық амнистия» ұйымы 1961 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Қазіргі таңда аталған ұйымның өкілдері әлемнің 160 мемлекетінде жұмыс істейді, адам құқығына қатысты жиналған мәліметтер жыл сайынғы баяндамасында жарияланып тұрады.
XS
SM
MD
LG