Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.23.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдар негізгі заңға енгізілген соңғы өзгертулерге тағы да мән беріп өтіпті: бірқатар газеттер Конституцияға түзетулердің қандай өзгерістер әкелетіндігіне тоқталса, тағы бір басылым маңызды құжаттың аз уақыттың ішінде қабылданып кетуі қорқынышты жағдай деп бағалап отыр.

Қазақстанда жарық көретін басылымдардың барлығы дерлік Конституцияға енгізілген өзгерістерді талқылауын әрі қарай жалғастыруда. «Комсомольская правда: Казахстан» газеті осы тақырыпты былай деп сабақтайды: «Мамырдың 22-күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға енгізілген өзгерістерге қол қойды. Алайда негізгі заңның жаңа нұсқасы толық қабылданды деп айтуға әлі ерте, өйткені енгізілген өзгерістерге сәйкес бірнеше құжаттарды түзеп шығу керек болады». Сонымен қатар, мақала авторы бұл құжаттардың барлығы осы аптаның аяғына дейін Мәжілістің қарауына түсетіндігін атап көрсеткен. «Яғни депутаттардың бұл құжаттарды қарауына бір айдан аз уақыты қалды» делінген мақалада. «Үкімет болса қайта өңделген заңдардың келесі жылдың басынан бастап күшіне енгендігін қалап отыр. Мұндай жағдайда депутаттар жазғы демалыстарын жұмыс басында өткізетін шығар» деп түйіндейді «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

«Экспресс К» газеті болса негізгі заңда келтірілген өзгерістерге талдау жасап өтіпті. «Жаңа өзгерістер республиканың бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шектеусіз мәрте мемлекет басшысы қызметіне сайлануына құқық береді. Ал осы мәртебеге үміткер қалған азаматтар тек екі мәрте ғана президент болып сайлана алады» делінген мақалада. «Сонымен қатар, жаңа өзгерістер парламент пен мәслихаттың, сондай-ақ Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлін күшейтеді. Атап айтар болсақ, президент үкімет басшысын парламент депутаттарының келісімін ала отырып тағайындайды, ал үкімет құрамын парламент жасақтайтын болады. Сонымен қатар, жаңа құжат бойынша халықтар ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болып отыр. Болашақта жасақталатын парламент мәжілісі құрамына аталған ассамблеяның 9 мүшесі квота арқылы сайлана алады» деп жазды «Экспресс К» газеті.

«ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты болса негізгі заңға енгізілген өзгерістерге қатысты Серікболсын Әбділдиннің пікірін келтіріпті. Журналистің Қазақстан халықтары ассамблеясына квота бөлуін қалай бағалайсыз деген сұрағына ол былай деп жауап берген: «Бұл аз ұлт өкілдері үшін қаншалықты жақсы екендігін білмеймін. Бірақ Қазақстан азаматтарының бәрі заң алдында тең. 15 миллион халықты ұлтына, дініне, сондай-ақ қазақтарды жүзіне бөлмеу саясатын жүргізген дұрыс еді. Егер мемлекет басшысы за ұлт өкілдері арасынан кәсіби кадрлер шығаруды қаласа, онда оларды биліктің атқарушы бөлігіне, құқық қорғау органдарына, білім, ғылым және мәдениет саласына тартқан дұрыс болар еді, бұл аз ұлттарға парламенттен мандат бергеннен әлдеқайда пайдалы болар» депті Серікболсын Әбділдин «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтына. Сонымен қатар, Әбділдин мырза маңызды өзгерістің аз уақыттың ішінде қабылданып кеткендігін қорқынышты жағдай ретінде қарастырып отыр. «1986 жылғы желтоқсанда 18 минуттың ішінде Колбинді ККП ОК бірінші хатшысы жасаған еді. Бұл жағдайда Нұрсұлтан Әбішұлының өзі күле әңгімелейтін. Ең күлкілісі, енді парламент оның өзін 17 минуттың ішінде өмірлік президент ретінде «сайлап» отыр» депті Серікболсын Әбділдин «ZONAKZ» тілшісіне.

«Айқын» газеті болса партиялар халықтың мүддесін саяси амбициядан жоғары қоятындай деңгейге көтерілді ме деген сұраққа жауап іздепті. Профессор Жақан Молдабековтың пікірінше, Қазақстандағы барлық партиялар халықтың мүддесін ойлайтын деңгейге бірдей жете алды деу әлі ертерек сияқты. Алдағы уақытта партияларға өз арнасын табатын жаңа шаралар мен нақты іс-әрекеттер болмаса, енді олар халықты өздеріне қарата алмайды дейді ол. «Табиғат» одағының төрағасы Мэлс Елеусізов та осыған ұқсас пікір білдірген. Өйткені партияның саясатын жасап отырған халық емес, арнайы саясаткерлер, бұл жерде халық бірінші орында тұрған жоқ дейді Елеусізов. «Әділет» демократиялық партиясының теңтөрағасы Төлеген Сыдықовтың айтуынша, қазіргі таңда партиялардың басым көпшілігі билікке ұмтылуды алғашқы орынға қойып отыр. Әрине, мүндай әрекеттер құқықтық санасы әлі де сүлесоқ кейіптегі қарапайым халықтың азаматтық дауысын сатып алумен тең» деп жауап беріпті Төлеген Сыдықов «Айқын» тілшісінің сауалына.

«Время» газеті Қазақстанда қолданып жүрген «Сайлау» электрондық бағдарламасын бірнеше минуттың ішінде істен шығаруға болатындығына мән беріп отыр. «Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясын басқарған, қазірде Әділет министрі Зағипа Балиева электрондық сайлау жүйесін бұзу мүмкін емес екендігін айтады. Алайда әуесқой-хакер Ермек Нарымбаев бұл тұжырыммен келіскісі жоқ» делінген мақалада. «Оның пікірінше, бағдарламаны істен шығару үшін санаулы минуттар жетіп жатыр. Мәселен, сайлау учаскесіне келген азамат үміткерлердің штрих-кодын қарапайым қаламмен өзгертсе жетіп жатыр, бір ғана сызықтың өзгертілуі арнайы құрылғымен ақпаратты есептеу жұмысына кедергі келтіреді. Ол ақпаратты сымсыз байланыспен-ақ қолға түсіріп, санаулы секундтардың ішінде қажетті мәліметті Астанаға жолдауға болады. Мен Орталық сайлу комиссиясымен бәстесуге бармын. Олар сынақ сайлауын өткізіп көрсін, біз «Сайлау» жүйесінің кемшін тұсын көрсетіп берер едік. Бастапқы бәс 100 доллар болсын» депті әуесқой-хакер Ермек Нарымбаев «Время» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG