Accessibility links

Екі оппозициялық партия сайлау блогына бірікпек


Қазақстанда Жармахан Тұяқбай басқаратын «Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы» мен «Нағыз ақ жол» оппозициялық бағыттағы партиялары парламенттік сайлау алдында «Әділетті Қазақстан үшін» блогына бірігіп ортақ үміткерлерін ұсынбақшы. Алайда оппозициялық бағыттағы бұл блокқа коммунистердің, сондай-ақ әзірге тіркелмеген «Алға» партиясының бірігуі неғайбыл. Сонымен қатар оппозиция өкілдері Қазақстанның бірінші президенттің өзін президенттікке шексіз ұсыну құқығына да наразылық ретінде маусымның 3 күні Алматыда митингі өткізбекші ниеті барлығын жариялады.

Сонымен Қазақстан саяси тыныс-тіршілік келбетінің болашағына Конституция арқылы енгізілген өзгертулерге оппозиция серкелері қарсы екендігін білдіріп отыр. Олардың пікірінше, Конституцияға енгізілген өзгертулердің «тек үшеуі ғана парламенттің мүмкіншілігін кеңейтіп, президенттің өкілеттігін азайтады».

- Ал қалған 16 өзгерту бүгінгі билік жүйесін нығайту бағытында жасалған, - дейді Қазақстан жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясының көсемі Жармахан Тұяқбай.

Сондықтан Қазақстан оппозициясы өз наразылығын Алматыда 3 масым күні митингі арқылы білдірмек. Бірақ митинг өткізуге ресми билік тарапынан рұқсат әзірге берілмепті.

- Біз, әрине, Алматы қаласындағы Шоқан Уәлихановтың ескерткіші тұрған алаңды сұрап отырмыз, Алтынбектің жылында біз оны Астанаға барып әрең дегенде сұрап алғанбыз. Сондықтан бізге сол бұрынғы Сарыарқа кинотеатрының маңайын беретін шығар. Бірақ, біздің көрсеткен күн тақырыбымен бізге рұқсат бере ме, бермей ме - оны айту қиындау. Әйткенмен, біз рұқсат берген-бермегеніне қарамай біз халықты жинаймыз, шығамыз! – дейді оппозициялық «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Төлеген Жүкеев.

Қазақстандағы Конституцияға енгізілген өзгертулерге байланысты оппозиция алдағы парламенттік сайлауға блокқа бірігіп түспекші.

- Елде бүгін мынандай Конституциялық өзгерістер жасалып жатқан кезде және оны асығыс жасауы алда парламетті тарату, қайтадан сайлау науқанын өткізбек екендігін меңзеп отырғандай. Бұндай жағдайда демократиялық күштердің қарап отыруына болмайды, кешігіп қалуы мүмкін. Сондықтан соған дайын болу үшін біз «Әділетті Қазақстан үшін» блогын құрмақпыз, - деді Жармахан Тұяқбай.

Ал бұл блокқа басқа да оппозициялық партиялардың қосылу мүмкіндігі жөнінде Жармахан Тұяқбай «қарсы болмайтындарын» жеткізді:

- Біз өткен сайлау кезінде бір блокта болған Коммунистік және «Алға» партияларымен, егер олар біздің идеологиямызды қабылдайтын болса, бірігуге қарсы емеспіз. Бірақ, Косаревтың коммунистік партиясымен біз бірікпейміз, өйткені олар өткен сайлауларда билікті жақтап кеткен.

Бұған Қазақстанда әзірге ресми тіркелмеген «Алға» партиясының көсемі Асылбек Қожахмет аталмыш сайлау блоғына өздерінің де қосылуы ықтимал екендігін айтты.

- Демократиялық күштердің осындай жағдайда бірігуі құба-құп болар еді. Егер олар бізге шын ниетімен, әділ, мәдениетті түрде бірігу керек деп жатса, әрине, бірігуге болады. Ал, жәй әшейін, сілтеме шақыру болса, біз оған бармаймыз, себебі біз өзімізді нағыз приниципиалды, қайтпайтын оппозициямыз деп санаймыз, - деді «Алға» партиясының төрағасы.

Қазақстан коммунистерінің көсемі Серікболсын Әбділдин болса әзірше әліптің артын баққан дұрыс деп тауып отыр.

- Ол қалай десе де заң бойынша шешілуі керек, себебі, алдағы сайлауда «блок» деген бола ма, болмай ма, ол жағы - белгісіз. Ал блок деген мүмкін болса, біз басқалармен блок құруымыз ықтимал, - дейді Қазақстан Компартиясының .жетекшісі.

Конституцияға енгізілген өзгертулерге сәйкес бірқатар заңдар мен актілерге, соның ішінде сайлау туралы, партиялар туралы, т.б. заңдарға жаңадан толықтырулар мен өзгертулер енгізілуі керек. Ал сол өзгертулер бойынша билік алдағы уақытта партиялардың блокқа бірігіп сайлауға түсуіне тосқауыл қоюлары мүмкін дейді саяси сарапшы мамандар.
XS
SM
MD
LG