Accessibility links

«Ресей отандастары бірлестігі» ұйымы «Халық рухы» партиясына «ұлтшылдар» деген айдар тақты

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

22 мамыр күні «Ресей отандастары бірлестігі» республикалық қоғамдық ұйымы қазақстандықтардың рухани дамуын көздейтін «Халық рухы» партиясының тіркелуіне өзінің қарсы екендіктерін мәлімдеді. Осы ұйымның және «Отандастар» тіркелмеген саяси партиясының төрағасы Геннадий Беляковтың айтуынша, тіркелмеген «Халық рухы» партиясы бүкіл қазақстандықтардың мүддесін көтереміз деген желеумен қазақ ұлтшылдығын насихаттамақшы. Ал «Халық рухы» саяси партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі Дос Көшім «Отандастар» қозғалысы партияның құрылуына кедергі келтіру мақсатында, оған әдейі жала жауып отыр деп есептейді.

22 мамыр күні «Ресей отандастары бірлестігі» республикалық қоғамдық ұйымы мен «Отандастар» тіркелмеген саяси партиясының төрағасы Геннадий Беляков жаңадан құрылғалы жатқан «Халық рухы» демократиялық саяси партиясының ресми тіркелу ниетіне үзілді-ксілді қарсы екенін мәлімдеді.

- Жақында өткен баспасөз мәслихатында Шаханов, Көшім мырзалар ұлттық бағыттағы партия құрып, тек қазақ халқының ғана құқығы үшін күресетіндіктерін мәлімдеген еді. Бұл - заң бұзушылық. Конституциямызда да, партиялар туралы заңымызда да ұлттық негізде партия құруға болмайтындығы жазылған. Олар демократиялық партия құрамыз деген желеумен ұлттық партия құрмақшы. Білетіндердің айтуынша, олар өз бағдарламасында «халық рухы» партиясын 20 ғасырдың басында болған «Алаш» партиясының мұрагері деп жариялапты. Бұл «халық рухы» партиясының ұлтшыл екенін көрсетеді, - деді Геннадий Беляков.

Сондай-ақ, ол өзінің Мұхтар Шахановқа заңдағы ұлттық негіздегі партия құруға болмайды деген бөлім алынсын деген ұсыныспен депутаттық сауал жолдауды өтінгенін айтты. Ондағы мақсат, құқықтарымызды теңестіру арқылы тек қазақ ұлтшылдарының емес, сонымен қатар орыстардың да партиясын құрып алу дейді Геннадий Беляков.

- Егер билік Шахановтың партиясын тіркесе, онда әділдік болмас еді. Өйткені парламент 2002 жылы жаңа заң қабылдап, бізді яғни Қазақстандағы орыс партиясын жаптырған болатын. Онан кейін «Отандастар» деген атпен шыққан партиямызды да тіркелмеді. Егер «Халық рухы» партиясы тіркеле қалса, онда біз де өз құқықтарымызды қорғап, сотқа шағымданамыз. Бірақ, әрине, жанжал тумас үшін, ұлттық мәселені көтермегеніміз дұрыс. Бізде ұлттық емес, тек әлеуметтік мәселелер ғана бар, - деді Геннадий Беляков.

Ал «Халық рухы» саяси партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі Дос Көшім «Ресей отандастары бірлестігі» ұйымы олардың сөзін бұрмалағаны үшін ұйым мүшелерін сотқа беруге болатынын айтып, өздерінің іс-әрекеттері мен құжаттарында ұлтшылдыққа орын берілмегенін, керісінше партияның қазақстандықтарды ғаламдану нәтижесінде рухани азғындауынан құтқаруды мақсат етіп отырғанын жеткізді.

- Біз ұлттық мәселені көтеріп отырғанымыз жоқ. Мен олардың алдын-ала байбалам салуының себебін түсінем. Олар бастамашыл топқа ұлттық бағытта жұмыс істеген адамдардың келуіне қарап, партияны «ұлттық» деп отыр. Олай деуге келмейді. «Ресей отандастары бірлестігі» ұйымы бұрынғы Орыс партиясын құру үшін, бізді әдейі сылтауратып отыр. Өйткені олар Қазақ мемлекетінің аяғынан тұра бастағанын, өздерінің ауасы тарыла бастағандай сезінеді, - дейді Дос Көшім.

Ал екі саяси күш арасындағы орын алып отырған тек-тірес жайында саясаттанушы Берік Әбдіғалиев мынадай ой айтады.

- Мен «Халық рухы» партиясының құрылуы орыстар арасында үрей туғызып жатыр деп ойлаймын. Сондай-ақ, олардың ұлттық партия құру керек деп байбалам салуы, саясатқа араласуы үшін жасалған қадам да болуы мүмкін. Алайда бұл әрекеттер ұлтаралық қатынастарға ши түсірмейді. Өйткені олардың ешқайсысында ауызша мәлімдеме жасаудан ары асатындай мүмкіндік жоқ. Бұл тек талпыныстар ғана, - дейді саясаттанушы.

Ал 1999-2003 жылдары құрылып, кейіннен жабылған «Алаш» партиясының бұрынғы тең төрағасы Жақсыбай Бәзілбаев та өзінің «Халық рухы» партиясының тіркелуіне қарсы екендігін айтып, саяси сахнаға оның орнына бұрын ұлттық бағытта жұмыс істеп келген қозғалыстарды шығарған дұрыс деп есептейді.

- «Алаш», «Азат» қозғалыстарын партия қылып тіркесе дұрыс болар еді. Жаңа нәрсе ойлап табудың қажеті қанша? Ертең тағы бір депутат партия құрамын деп шықса қайтеміз? – дейді Жақсыбай Бәзілбаев.

Осы жылдың 15 мамыры күні Мұхтар Шаханов бастаған бір топ қоғам, мемлекет қайраткерлері Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, онда «Халық рухы» партиясын құратындықтарын мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG