Accessibility links

«Нұрбанкке» қатысты сот ісінде төреші айыпталушы тараптың бірнеше өтінішін қанағаттандырды


Сейсенбі күні Алматыдағы Медеу аудандық сотта «Нұрбанктың» бұрынғы басқарма бастығы Әбілмәжін Ғилымов пен осы іске қатысты сотқа тартылған арнайы жедел топ жасақтарының үстінен басталған сот ісі одан әрі жалғасты. Бұл күнгі сот ісінің қортындысында бірқатар куәлардан жауап алынып, соңғы пайда болған жаңа ахуалға байланысты соттың келесі отырысына қосымша куәлар ретінде, сотқа тартылып отырған осы азаматтарды кезінде тергеген және қазір қамауға алынған қаржы полициясының тергеушісі Бауыржан Әубәкіров пен, тағы да бірқатар банк қызметкерлерін шақыру керек деп шешілді.

«СОБР жасақтарының» Алматыдағы Медеу аудандық сотында сейсенбі күнгі негізгі жаңалығы - айыпталушы жақ жақтаушылары ұжымдық шағым арыз түсіріп, ол судья тарапынан қанағаттандырылды.

- Жаңа анықталған деректер бойынша, алдын-ала тергеу барысында сотқа тартылып отырған біздің жақтауымыздағы осы азаматтардың куәлары ретінде тергеуге алынған бірқатар азаматтардан жауап қыспақ көрсету арқылы алынғаны айғақталып отыр. Сол себепті соттың алдағы отырыстарына куә ретінде, қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысында қамауда отырған, қаржы полициясының тергеушісі Бауыржан Әубәкіровты, қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Ермакты, «Нұрбанктың» қауіпсіздік қызметінің бастығы Сәрсенбековты сотқа шақырылуын судьядан сұраймыз, - дей келіп, жақтаушы Сәрсенова алдыңғыға қосымша «Нұрбанк» қызметкерлері делінген он адамның тізімін және атады.

Сонымен қатар «Нұрбанктың» бұрынғы басқарма бастығы Әбілмәжін Ғилымовтың жақтаушысы Марат Мурзин қаңтардың он сегізінде болған оқиға бойынша Алматы қалалық ішкі істер департаментінде қозғалған қылмыстық істі сотқа алдыру қажеттігі туралы шағым арыз түсіріп, ол да судья тарапынан қанағаттандырылды.

- Ғилымов пен Темірәлиев 18 қаңтардағы оқиғаға байланысты өздерін қорғауға алуларын өтінген болатын. Ол қандай жолмен екенін сот анықтайтын шығар, бірақ жоғарыда айтылған себепті қазір сол іске байланысты қалалық ішкі істер департаментінде басталған тергеу іс қағаздарын осы сотқа алдыру керек деп есептеймін, - деді адвокат Мурзин.

Сотта айыптаушы жақтың, яғни Рахат Әлиевтың бірқатар куәлары келмеуі себепті сот осымен сейсенбі күнгі отырысын аяқтап, айыптаушы жаққа ескерту жасады. Оған айыптаушы жақ өзінше ақталып бақты.

- Біздің бірқатар куәларымыз қазір банкте жұмыс істемейді, сондықтан оларды дер кезінде таба алмай отырмыз, ал бірқатар куәларымыз ішкі істер департаментіне жауап алуға барған соң жоғалып кетіп жатыр. Оларды біздің өздеріміз де таба алмай отырмыз, - деді Рахат Әлиевтің соттағы өкілі әрі жақтаушысы Любовь Балмағамбетова.

«Нұрбанктің» бұрынғы басшыларының әйелдері «біздің күйеулерімізді 18 қаңтар күні Рахат Әлиев Алматы қаласының маңындағы бір моншаға апарып, ұрып-соғып, қорқытып, өздеріне қажет құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген» деп, ақпан айының басында өздері өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеген болатын. Алайда сол сөздері үшін оларды Рахат Әлиев «менің ар-ұжданыма нұқсан келтірді» деп сотқа берген еді. Сол уақытта қаржы полициясы банктың бұрынғы басшылары Әбілмәжін Ғилымов пен Жолдас Теміралиевтің үстінен «қаржылай былықпай жасаған, қызмет бабын асыра пайдаланған», т.б. айыптармен қылмыстық іс қозғап, банктың бұрынғы басқарма бастығы Ғилымовты қамауға алған. Ал оның орынбасары Темірәлиев пен банктің шаруашылық жөніндегі жауапты қызметкері Хасеновтың қайда екені әлі күнге белгісіз. Қазақстан қоғамның назарын бірден аударған «моншадағы оқиғалардан» соң күйеулерінің өміріне қауіп төнуі мүмкін деп алаңдаған банк басшыларының әйелдерінің бірі - Армангүл Қапашева Алматының Медеу аудандық полиция басқармасына 31 қаңтар күні «менің күйеуімді Рахат Әлиевтың адамдары банктан шығармай ұстап отыр» деп шағымданған. Содан кейін банкты тексеруге барған арнайы жедел топ жауынгерлерін банк қауіпсіздік қызметіндегі Рахат Әлиевтің адамдары тұтқындап, арты осы сотпен жалғасып отыр.
XS
SM
MD
LG