Accessibility links

КТК телеарнасы мен «Караван» апталық басылымының қызметі уақытша тоқтатылды

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстан аумағында хабар таратып келген жеке меншіктегі КТК телеарнасының хабарлары мен бағдарламалары бейсенбінің кешінен бастап эфирге шықпай қалды. Мамырдың 24-күні күні кешке тараған кейбір ақпараттарда бұған сот шешімі негіз болғаны айтылған. Жұмадан бастап осы телеарнаның интернеттегі ktk.kz парақшасы да ашылмады. Ал бұның себептері жайлы КТК телеарнасының өкілдері әзірге үнсіздік сақтап отыр.

Әдетте әр аптаның жұма күні жарық көретін «Караван» газетін мамырдың 25-күні жұртшылық сауда орындарынан таппады. Басылымның редакциясы әзірге болып жатқан жағдай туралы ешқандай түсінік бермей отыр. Ал Қазақстан бас прокурорының баспасөз хатшысы Сәулебек Жамкенов КТК телеарнасы мен «Караван» апталығының жұмысын 3 ай мерзімге тоқтату туралы Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сот шешімі шыққанын жұма күні «Азаттық» тілшісіне растады. Бас прокуратура өкілінің айтуынша, сотқа ұсынысты Алматы қаласындағы Бостандық аудандық прокуратурасы беріпті. Алайда, ақпарат құралдарының жұмысын тоқтатуға қандай негіздер болғаны жайында С.Жәмкенов ашып айтпады.

Қазақстандағы сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі жағдайына бақылау жүргізумен шұғылданатын «Әділ сөз» халықаралық қорының өкілі Наталья Стеблюк, «Караван» газеті мен КТК телеарнасы өкілдерінің сот процесіне шақырылмауы, олардың қатысуынсыз сот шешімінің шығуын заңсыздық деп бағалайды.

«Прокурордың талап-арызында бұл екі ақпарат құралын жабу себебі жөнінде олардың Қазақстанның «Тілдер туралы» заңды бұзғандығы айтылса да, соттың шығарған шешімінде бұл жөнінде еш нәрсе айтылмағаны ешбір түсініксіз әрі таң қалатын жағдай», - деді Стеблюк.

Саясаткер Әміржан Қосанов бұл екі ақпарат құралының президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің бақылауындағы ақпарат құралдары екенін назарға алады. «Соңғы күндері Нұрбанкке қатысты үлкен айғай-шудың шығуы ақыры осындай шешімге апарып отыр» дейді саясаткер.

Ал тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи бұны биліктегі топтар арасында бәсекелестік пен үлкен саяси ойынның жүріп жатқанының белгісі ретінде қабылдайды.

Жұма күні Қазақстандағы АҚШ елшілігі Алматы сотының КТК телеарнасы мен «Караван» апталығының қызметін уақытша тоқтату туралы шешіміне байланысты мәлімдеме таратты. Онда соттың бұл шешімі демократиялық реформалар мен сөз бостандығы туралы халықаралық принципке қайшы келетіндігі айтылған.
XS
SM
MD
LG