Accessibility links

Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев қайын атасының саясатын сынап мәлімдеме жасады

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Мамырдың 26-күні Рахат Әлиевтің меншігіндегі ақпарат құралдары Интернетте оның мәлімдемесін жариялады. Онда Рахат Әлиев Қазақстанда бүкіл билікті бір қолға шоғырландырған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатымен өзінің келіспейтінін айтқан. Сол күні кешке ресми баспасөз құралдары президент Назарбаев Р.Әлиевті Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйыммен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі Қазақстанның арнаулы өкілі және Қазақстанның Аустриядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босату жөнінде өкім шығарғанын хабарлады.

Қазақстанда сайлау процесі шетелдік бақылаушыларға көзбояушылық жасап өткізіледі деп сынға алған Әлиев елде оппозициялық көзқарастағы саясаткерлерді өлтіру, сыбайласқан жемқорлыққа қатысты үнемі болып жататын атышулы оқиғалардың барлығы Қазақстанның халықаралық қауымдастық арасындағы беделіне зор нұқсан келтіргенін атап көрсеткен. Р.Әлиев осыдан бірер ай бұрын қайын атасы Н.Назарбаевқа Қазақстанда 2012 жылы өткізілетін президент сайлауына өзінің түспек ойы барын білдіргенін, алайда содан кейін өзіне қарсы істер өрістеп кеткенін айтып отыр. Осының барлығын өзін елдегі саяси процестерден ығыстыру үшін жасалып жатқан тірлік деп бағалаған Рахат Әлиев саясаттан өзінің кетпейтінін мәлімдеген. Рахат Әлиевтің мәлімдемесі «Болашақ, мәңгі президент, сізбен емес, бізбен бірге болатынына көзім жетеді» деген сөздермен аяқталады.

Бұған дейін Қазақстанда, кейбір шығыс елдеріндегідей, сұлтанат билігі болғанын жөн санаған үлкен күйеу баланың, аз уақыттың ішінде, ұзақ жылдар бойы елді басқарып отырған қайын атасына ашық қарсы шығуын қазақстандық саясаткерлер жоғарғы билік ішіндегі дағдарыстың шарықтау шегіне жетуі деп бағалап отыр.

- Бұл көрініс Қазақстанда қалыптасқан саяси жүйенің нақты сипатын білдіреді. Егер өркениетті елдерде саяси табысқа жету үшін парламент, сайлау, партия, қоғамдық ұйымдарды пайдаланатын болса, біздегі саяси жүйе отбасылық қасиетке ие. Сондықтан бұл азаматтың өзінің қайын атасына қатысты айтқан сөздері таза саяси сипатқа ие боп жатыр. Сондықтан бұл біздегі қалыптасқан саяси жүйенің сорақылығының бір көрінісі ғана деп білем, - дейді «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының бас хатшысы Әміржан Қосанов.

«Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Ораз Жандосов Рахат Әлиевтің бұл үндеуі «Нұрбанктің» бұрынғы басшыларын ұрлауға қатысты шатақ іспен тікелей байланысты болуы мүмкін деген болжам айтады:

- Маған Рахат Әлиев шынымен осы адам ұрлау оқиғасына байланысты өте күрделі жағдайға тап болып, қазір оған қандай да саяси реңк беруге тырысып жатқандай көрінеді. Себебі, ол осы уақытқа дейін не сөз бостандығы үшін, не әділ сайлау үшін, не президенттің өкілеттігін шектеу туралы, не басқа да қоғамды нақты демократияландыру бағытындағы бастамаларды қолдап аузын ашқан емес. Оның қол астындағы барлық ақпарат көздері - теледидар болсын, газет болсын - оппозиция өкілдеріне күйе жағумен боп, бір рет те оппозиция өкілдеріне сөз берген емес. Оның нақ бүгін демократ бола қалуына бір ғана жауап бар – оның шынымен «адам ұрлау» оқиғасына қатысы барын көрсетеді. Енді ол құтылу үшін, қайткенде оған саяси реңк беруге тырысуда.

Алайда, Әлиевтің мәлімдемесін өзгеше қабылдап жатқандар да бар. Қазақстанда ресми тіркеуден өте алмай жүрген «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожахметов үндеу авторы Р.Әлиевтің демократ болуға ұмтылысын байқапты.

- Рахат Әлиев үлкен саяси мансапқа құлаш сермегендігі байқалады. Ал саяси мансапты қазіргі заманда тек демократиялық жолмен жасауға болатынын ол түсінді. Ол өзінің бизнесін қорғау үшін болса да, жеке басын, жанұясын қорғау үшін болса да демократиялық жолды таңдауға мәжбүр боп тұр. Оның бұл таңдауын тек құба-құп қабылдауға болады, бірақ ол осы таңдауына деген ниетін тек сөзбен емес, іспен танытса ғой, - дейді А.Қожахметов.

«Ақ жол» партиясының төрағасы, Парламент мүшесі Әлихан Байменов болса Әлиевтің үндеуін билік басындағы топтар арасындағы тартыстың көрінісі деп қабылдайды.

- Бұл мәлімдеме кешегі жартылай өткізген және арасында ыңғайсыз 84 депутаттың бастамасымен қосылған өзгерісі бар Конституциялық реформа туралы президент маңайындағы топтардың арасындағы таластың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетіп отыр. Ол таласып жатқан топтар осы президенттің өзінің төлдері. Оларға қазір бұл жүйе тарлық етіп жатыр. Және бұл мәлімдемелер, олардың артында үлкен қаржылық топтары бар, өршіп отырған талас - елімізде бұдан тереңірек саяси реформа өткізіп, президенттен әлі де болса парламентке көбірек билік берсе ғана бізде тұрақты тепе-теңдік сақтау мүмкіншілігі бар саяси жүйе болатынын көрсетіп отыр. Яғни, бұл мәлімдеме осы соңғы бір-екі ай бойы болып жатқан үлкен екі топтың арасындағы тартыстың бір көрінісі, - дейді Ә.Байменов.

Сенбі күні түс ауа Р.Әлиевтің меншігіндегі «Kazakhstan Today» агенттігі Парламент депутаты Дариға Назарбаева мен Қазақстанның Аустриядағы елшісі Рахат Әлиевтің Алматыдағы Науаи көшесіндегі үйіне полицияның арнайы жасақ тобы баса-көктеп кіргендігі туралы ақпарат таратты. Бұл ақпаратты Алматы полиция департаменті мен елдің ішкі істер министрлігінен анықтамақ болған «Азаттық» тілшісінің сауалына жауап берілмеді.

Сол күні кешке ресми баспасөз құралдары президент Назарбаев Р.Әлиевті Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйыммен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі Қазақстанның арнаулы өкілі және Қазақстанның Аустриядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босату жөнінде өкім шығарғанын хабарлады.

Мамырдың 23-күні Қазақстан ішкі істер министрлігі ел президенті Н.Назарбаевтың үлкен күйеу баласы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы Қазақстанның елшісі Рахат Әлиевтің үстінен “адам ұрлады” деген айып бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жария етті. Биылғы жылғы қаңтар айында «Нұрбанк» акционерлік қоғамының бұрынғы басқарушылары - Әбілмәжін Ғилымов пен Жолдас Темірәлиевті Р.Әлиевтің әмірімен оның адамдары ұрлап әкетіп, Әлиев қос банкирді еркінен тыс қамауда ұстап, азаптағаны жайлы бұған дейін олардың зайыптары баспасөзге арнайы мәлімдеме жасаған еді. Ал Рахат Әлиев болса ондай айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, өзіне жала жапты деп әлгі екі әйелді сотқа берген болатын. Қазірде «Нұрбанктен» қаржы қымқырған деген айыппен сотқа тартылып, қамауда отырған Ә.Ғилымов өзі мен орынбасары Ж.Темірәлиевті Рахат Әлиев алдап шақырып, қамауда ұстағанын мамырдың 23-күні «Астана» телеарнасынан өз аузымен айтты. Бұл хабар телеэфирден кестеден тыс және әдеттен тыс ұзақ уақыт бойы берілді.

Бейсенбі күні, Қазақстан Бас прокуратурасының талабы бойынша, Р.Әлиевтің меншігіндегі “КТК” телеарнасы мен “Караван” апталығының қызметі 3 айға тоқтатылды.
XS
SM
MD
LG