Accessibility links

Қытайдың қару-жарағын жетілдіруі Вашингтонды алаңдатады


Қытайдың қару-жарағы мен ұлттық қарулы күштерін жетілдіруі туралы АҚШ-тың қорғаныс министрлігі шығарған есепке сәйкес, алыс нысаналарға соққы беретін қаруын, оның ішінде жерден басқарылатын стратегиялық зымырандары мен ядролық қаруы бар сүңгуір қайықтарын жетілдіруі жағынан Қытай қарқынды дамып келеді. Қытай қару-жарағының түрлерін өзінің аймақтағы ықпал-беделін арттыру үшін жетілдіріп жатыр деген сын пікірді ресми Бежин жоққа шығарып, қару-жарақ түрлерін өзінің қорғаныс қабылетін арттыру мақсатымен жетілдіріп жатқанын мәлімдейді.

Қытайдың әскери күш-қуаты туралы Пентагонның жылдық есебі Қытайдың ұлттық қарулы күштерінің “табиғаты” бірыңғай өзін-өзі қорғау қабылетінен стратегиялық мақсат-мүдделерге қарай тез жетіліп келе жатқанын нұсқап көрсетеді. Есепке сәйкес, ядролық оқтұмсықты Америка Құрама Штаттарына дейін жеткізе алатын жаңа зымырандары және оған қоса – жеңіл де тез қозғалатын ұшыру қондырғылары жетілдірілген. Пентагонның есебінде, сонымен қатар, Қытайдың ядролық оқтұмсықтары бар зымырандарды алып жүзетін суасты сүңгуір қайықтарын және қазіргі заманғы соғыс ұшақтарын атап көрсетеді. Қытайдың сүңгуір қайықтары күтпеген жерден соққы беру үшін жер шарының кез-келген түкпіріне жүзіп жете алады. Орыстардың құрастырып шығарған “Джин” үлгісіндегі 8 мың тонналық сүңгуір қайығы ядролық оқтұмсығы бар 16-ға жуық зымыранды алып жүзе алады. Осындай қайықтардың 5 флоты – қарудың осы түрінен Қытайды АҚШ пен Ресейден кейінгі дүние жүзіндегі үшінші қуатты елге айналдырады. Алайда, Стокгольмдегі халықаралық бейбіт ғылыми-зерттеу Институтының аға сарапшысы Шэннон Кайлдың (Shannon Kile) атап көрсетуінше, Қытайдың суасты сүңгуір қайық бағдарламасы даму қиындықтарына тап болып жатыр.

Ш.КАЙЛ: “Бұл – дамуының ұзаққа созылған және беймаза тарихы бар жоба. Мұндай қуатты қаруды жасап шығаруға қытайлықтардың қаншалықты жақын тұрғаны түсініксіз. Соңғы бірнеше жылдың ішінде олардың жақын келгені туралы хабарлар болды. Бірақ олардың әлгі жобасын іске асыруына әлі бірнеше жыл бар дейтін де мәліметтер бар”.

Қытайдың ресми баспасөзі Пентагонның соңғы есебін “жалған мәліметтермен халықаралық пікірді адастыруға деген ұмтылыс” деп бағалап, ондай жалған есеп АҚШ пен Қытайдың әскери саладағы қарым-қатынасына зиян тигізетінін ескертті.

Париждегі Халықаралық зерттеулер мен ізденістер Орталығының тағы бір аға сарапшысы Жан-Филипп Бежаның (Jean-Philippe Beja) пікірінше, Тайвань – Қытайдың қорғаныс саласындағы ең басты проблемасы болып қалған тәрізді. Мұндай алаңдаушылық, деп мәлімдейді Бежа, ұзақ жылдардан бері Қытайдың стратегиялық күштерді емес, қорғаныс күштерін жобалауға мәжбүрлеп келді.

Ж.-Ф.БЕЖА: “Қытай армиясы әлі де болса жетілдіру процесін бастан кешу үстінде. Бұл, АҚШ-тың қарулы күштерімен салыстырғанда тым кейін қалу. Демек, қытайлықтардың айтып жүргені, олардың қару-жарақтың соңғы үлгілерінен кеш қалмауға тырысып бағуы – олардың өз стратегиясын өзгертпегенін, олардың алысқа соққы беретін жобаларды іске асыруға деген еш қабылетінің жоқтығын аңғартады”.

Ал Шэннон Кайлдың пікірінше, қарудың жаңа түрлерін алуы Қытайдың ұлттық қарулы күштерін жетілдіру ме әлде сол күштерді кеңейтуі болып табыла ма – оны кесіп айтуға тым ертелеу. Ол аздай, Қытай әскери құрал-жабдықтарын жетілдіру ісінде де үлкен жетістіктерге ұмтылады, ғарыш технологиясымен байланысты қарулы күштерін жетілдіру саласында тез алға жылжыды. Қытайдың қаңтар айында жойғыш зымыраны бар жер серігін ұшыруы – АҚШ-тың қорғаныс мекемесін елең еткізді.

Жаппай қарулану тақырыбы 10-даған жылдар бойы жабық тақырып болып келді. Бірақ Қытайдың тәжірибесі міне осы тақырыпты қайта қозғауға түрткі болды.
XS
SM
MD
LG