Accessibility links

Қазақстанда өндіріс кезінде жарақат алушылардың саны 13,5 пайызға өскен

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Сейсенбі күні Парламент Сенаты «Құрылыстағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасы туралы 167- конвенцияны ратификациялау туралы» Келісімді бекітті. Қазақстан аталған конвенцияны бекіткеннен кейін еңбек қауіпсіздігі туралы халықаралық шартқа сәйкес жұмыс істеуі қажет. Осыған дейін Қазақстандағы Еңбек Кодексіне сәйкес, жұмысшылардың қауіпсіздігіне арадағы делдал компаниялар жауап беретін. Енді бас компаниялардың өзі қарапайым жұмысшылардың қауіпсіздігін қадағалайтын болады.

Өзін Маратпын деп таныстырған жігіт Астанадағы құрылыс компаниясының бірінде кірпіш қалаушы болып жұмыс істейді екен. Әңгіме барысында компанияда жұмысшыларға қажетті жағдайдың жоқ екендігін айтты. «Жұмысшылардың дені ғимараттардың жоғарғы қабаттарында жұмыс істер кезде тәуекелге бастарын тігеді. Өйткені қауіпсіздік құрал-жабдықтары жұмысшылардың барлығына жете бермейді», – дейді Марат есімді құрылысшы жігіт. Дәл осы мәселені осыдан бірер апта бұрын парламент мінберінде сенатор Қуаныш Айтақанов та көтерген еді:

– Менің атыма «Хайвилл» компаниясында жұмыс істейтін 100 шақты ауылдан келген қазақ жігіттерінен хат келді. Компанияда қазақ азаматтарын кемсіту орын алады екен. Еңбек қауіпсіздігі сақталынбайды. Тазалық жоқ. Тамақтарын сылдыр су. Дәретхана жоқ. Су жоқ. Автобус жоқ деген мәселелер көтеріп отыр.

Енді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Алмас Құрманов еңбек қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық 167-конвенцияны бекітер алдында Қазақстандағы тау-кен және құрылыс компанияларының техникалық құрал-жабдықтары бүгінгі заман талабына сай емес екендігін айтты.

Басқа қалаларды есептемегенде Астана мен Алматы қаласында тұрғын үй ғимараттарын салатын төрт мыңға жуық заңдық тұлғалар жұмыс істейді екен. Еңбек министрлігінің келтірген мәліметтері бойынша, еңбек инспекторлары өткен жылы республика деңгейіндегі құрылыс компанияларының мыңнан астам технологиялық жабдықтарын жарамсыз деп тапқан. Сонымен бірге өндіріс кезінде дене жарақатын алғандар 2006 жылы 13 жарым пайызға өскенін айтады еңбек вице-министрі Алмас Құрманов. Ал өткен жылы өндіріс кезінде мерт болғандар саны 133-ті құраған. Олардың 114-і тау-кен саласында жұмыс істейтіндер, – дейді Еңбек вице-министрі Алмас Құрманов.

Аталған 167- халықаралық конвенцияға қосылу Қазақстанға не береді деген сауалға, еңбек вице-министрі Алмас Құрманов «Құрылыс нысандарындағы бас мердігерлерге еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасына байланысты негізгі жауапкершілікті заңды түрде жүктеуге мүмкіндік береді, құрылыстағы өндірістік жарақат алу деңгейін төмендетеді», – дейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Алмас Құрмановтың сөздеріне қарағанда, Қазақстанда құрылыс саласында жұмыс істейтін жұмысшылардың 65 пайызы қазақтың азаматтары екен, ал 34 пайызы көрші мемлекеттерден келген шетел азаматтары.

Парламент Сенатының депутаты Әбіш Кекілбай конвенцияны бекіте отырып, шеттен жұмыс күшін әкелуді ашық саясатқа айналдырмау керек екендігін айтады. Өйткені Қазақстанның аймақтарында жұмыссыз жүрген жастардың өте көп дейді. Сенатор Әбіш Кекілбай сонымен бірге конвенция тек жұмысшылардың қауіпсіздігін емес қала тұрғындарының да қауіпсіздігін қорғауы қажет деген пікірін ортаға салады:

– Біздің қаламызда салынып жатқан құрылыстың көшелерінде жүру мүмкін емес. Басқа елдерде болып, құрылыстарын көріп жүрміз. Олар бала шомылдырғандай қылып, әрбір құрылысты қымтап, жан-жағындағы өткіншіге қауіп төнбейтіндей қылып, ауаға артық шаң шықпайтындау етіп қамдап істейді. Ал бізде жаппай алаша қағып жатқан ескі ауылдың кемпірлері сиақты ана жақта шаң, мына жақта шаң басыңды қайда бұрарыңды білмейсің, – дейді.

Құрылыстағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбек тазалығы туралы конвенция 1988 жылы Женева қаласында қабылданған.Аталған конвенцияны халықаралық еңбек ұйымына мүше 18 мемлекет бекіткен.
XS
SM
MD
LG